Қазақстанға Түркия Қорғаныс министрі Жасар Гүлер келді. Оны Қазақстанның Қорғаныс министрі Руслан Жақсылық әуежайдан күтіп алды.
Түркия Қорғаныс министрі Ақордада, президент қабылдауында болып шықты. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның сәлемін жеткізген министр Гүлер екі елдің стратегиялық ынтымақтастығы мен серіктестігін одан әрі нығайтудың маңызды екеніне назар аударды.
Гүлер:
* Түркияның Қазақстанмен өзара сенім және қолдау рухындағы байланыстарды одан әрі тереңдетуге ниетті екенін растады;
* Еліміздің бірқатар өңірлік және халықаралық түйткілді шешуге бағытталған күш-жігерін жоғары бағалады;
* Екі елдің қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық мәселесіне ерекше тоқталды.
(Суреттер Ақорда және ҚР Қорғаныс министрлігінің телеграм арналарынан алынды)
ЖАҚСЫЛЫҚОВ ПЕН ГҮЛЕР НЕ ТАЛҚЫЛАДЫ, НЕ КЕЛІСТІ?
Қазақстан мен Түркия қорғаныс ведомстволарының басшылары Руслан Жақсылық пен Жасар Гүлер өзара іс-қимылды кеңейтуге ұмтылысты растай отырып, екіжақты ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтті.
Кеңейтілген құрамдағы келіссөздер барысында тараптар әскери-техникалық ынтымақтастық, жауынгерлік дайындық және әскери білім беру мәселелерін талқылады.
– Бүгінде екі ел қорғаныс ведомстволары арасында қызметтің көптеген бағыттары, соның ішінде қорғаныс-өнеркәсіп кешені бойынша тығыз қарым-қатынастар дамыған. Қазақстанның әскери қызметшілері Түркия аумағында өткізілетін «Efes» және «Қыш» жаттығуларына тұрақты негізде қатысып келеді. Біздің курсанттар Түркияның әскери жоғары оқу орындарында білім алуда. Жыл сайын екі елдің әскери қызметшілері арасында өзара тәжірибе алмасу жүргізіледі, – деді Руслан Жақсылықов.
Өз кезегінде Түркия Қорғаныс министрі Жасар Гүлер:
– Біздің қарым-қатынасымыз ортақ тарихымыз бен өзара түсіністікке негізделген. Қазақстан Орталық Азиядағы сенімді серіктесіміз. Біз оқу-жаттығуларымызда Қазақстан әскери қызметшілерінің жоғары дайындық деңгейін ерекше атап өтеміз. Осы бағыттағы өзара іс-қимылды арттыруға мүдделіміз. Сонымен қатар, Түркия Қарулы күштері жауынгерлік дайындық, әскери білім беру және қорғаныс-өнеркәсіп кешені мәселелеріндегі ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті, – деп атап өтті.
(Суреттер Ақорда телеграм арналарынан алынды)
ӘУЕДЕ ДЕ, ЖЕРДЕ ДЕ: ӘСКЕРИ БАЙЛАНЫСТЫҢ ӘРАЛУАН БАҒЫТЫ
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік: Қазақстан мен Түркия арасында соңғы жылдары әскери саладағы әріптестік қарқын ала бастады. Екі ел басшыларының, құзыретті органдарының арасындағы алыс-беріс, барыс-келістер көбейді.
Алдыңғы жылы президент Тоқаевтың Түркияға жасаған сапары кезінде әскери саладағы ынтымақтастыққа жаңа дем берілсе, Қазақстан Үкіметін тізгіндеген Олжас Бектеновтің Анкараға барған сапарында Түркия президенті Ердоған: «Қазақстанмен әскери, қорғаныс өндірісі бойынша әріптестікті арттыру маңызды», - деп сөйледі. Биыл Ақорда қабылдауына кіріп шыққан Түркия Ұлттық Мәжілісінің спикері Нуман Құртылмыш та осы тезистерді сөз еткен.
Осыған дейін Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты әскери ынтымақтастықты реттейтін бірқатар құжаттарға қол қойылған. Онда Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери мүлік пен персонал транзиті бойынша әріптестік жайы егжей-тегжейлі жазылған. Тіпті ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де қамтылған. Ал биыл тамызда Қазақстан мен Түркия арасында жаңа келісімге қол қою туралы жоба жария болды. Бұл келісім екі елдің әуе кеңістігі арқылы әскери мүлік пен персоналдың транзитіне қатысты. Яғни, Қазақстан мен Түркия бір-бірінің әскери авиациясына өз әуе кеңістіктерін еш кедергісіз пайдалануға рұқсат беру жайын талқылап жатыр.
Сөз соңында: Биыл Қазақстан армиясындағы атқарылған жұмыстардың жарты жылдығын қорытындылаған ҚР Қорғаныс министрлігі есеп жариялады. Онда Қазақстан мен Түркия арасындағы әскери әріптестік, соның ішінде техникаларды сатып алу мен жасап шығару туралы да сөз болды.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ТҮРКИЯ: ҚАРУ-ЖАРАҚТЫҢ ҚАЙ ТҮРІН АЛАМЫЗ?
Президент Тоқаевтың Түркияға жасаған сапары кезінде «TUSAŞ» және «Kazakhstan Engineering» компаниялары арасында «Anka» соққылаушы дрондарын Қазақстанда жасап шығару туралы келісім жасалды. Түркия компаниясының айтуынша, «Anka» дрондарын қазақ еліне жеткізу туралы мәміле 2021 жылы басталған.
Бүгінде Қазақстанда «ASELSAN» әскери электроника құралдарын шығаратын кәсіпорын жұмыс істеп жатыр, сонымен қатар басқа да бірқатар бағыттар бойынша ынтымақтастық жүзеге асырылып жатыр.
Түйін: Түркия әскери өнімнің 85 пайызын өз елінде өндіреді.
Mezgil.kz