Ресей билігі Жаңа Жер аралындағы әскери полигонда ядролық сынақ өткізуге дайын. Бұл туралы әскери полигонның басшысы, генерал Андрей Синицын мәлімдеді.
(Сурет: argumentua.com)
«Полигон сынақтарды өткізуге толық дайын тұр. Тағы айтамын, толықтай дайын. Зертханалық база да сақадай сай. Қызметкерлер мен мамандар да дайын отыр. Тиісті тапсырма, бұйрық берілетін болса, кез келген сәтте сынақты өткізе аламыз», - дейді ол.
Синицынның пікірінше әскери полигонның қауіпсіздігі аса жоғары деңгейде қамтамасыз етілуде. Полигонда әуе қорғаныс жүйесі күшейтілген, дрондарға қарсы радиоэлектронды күрес құрылғылары қойылған.
«Біз әскери сынаққа ғана емес, полигонға болуы ықтимал шабуылдарды да тойтаруға дайынбыз. Аралға диверсиялық топтың кіруіне де тойтарыс беруге толық әзірміз», - дейді.
Ол әскери полигонды Батыс барлаушылары қырағы негізде бақылап отырғанын айтты. «Біздің полигонды 24/7 режимінде Батыс бақылап отыр. Олар спутник арқылы түсіріп, барлау ұшақтарымен полигон жайлы ақпарат жинауда», - дейді.
Жаңа Жер аралындағы жер үсті ядролық сынағы 1957 жылы, 7-қыркүйекте өтті. Сынақта ядролық қарудың әскери флотқа қарсы күшін сынап көрді. Аралдағы басқа ядролық сынақтар жер астында жүргізілді. Жақын аралықта ядролық сынақ іске асатын болса, онда сынақты Кремль жер астында жасауы мүмкін.
Бұған дейін Ресейдің МемДума депутаты Андрей Колесник Ресейдің бір әскери полигонында сыртқы жауға сес көрсету мақсатында атом қаруын сынауға кеңес берді.
«Қандай да бір әскери полигонда ядролық сынақ өткізейік. Бізде қазір ядролық сынақ өткізуге мораторий бар, алайда оны алып тастауға болады. Сынақ жасасақ, адамзат ойланары анық», - дейді депутат.
Ресейде ядролық сынақ жасау немесе тактикалық ядролық қаруды қолдану идеясы 2022 жылдан бері айтылуда. Сарапшылар 2022 жылы Украина әскері Харьков облысын азат етіп, Херсон бағытында қарымта шабуылға шыққан сәтте, Ресейдің тактикалық ядролық қаруды қолдануға дайын болғанын жазды.
2023 жылдың қаңтарында Әскери ғылымдар академиясының қызметкерлері Ресейде ядролық сынақ жасауға шақырды. Әскери сарапшы Владимир Прохватилов ядролық сынақты өткізу Батыстың Украинаға қару беруін азайтып, Киевтің Қырымға шабуылын тоқтатады деген ойын айтты.
Ресейдегі ең соңғы ядролық сынақ Жаңа Жер аралындағы әскери полигонда 1990 жылы, қазан айында жасалды. Артынша КСРО құлап, Ресей Федерациясы ядролық қаруды сынауға қарсы мораторийге қосылды. 2022 жылы Украинаға Ресей әскері басып кірген сәттен кейін, Ресей басшысы Владимир Путин Шабуылдаушы стратегиялық қаруды қысқартуға қатысты келісімнен шығатынын айтты. Кейін ол ядролық қаруды сынауға да қарсы еместігін білдірді. Путин «Ядролық қаруды сынауды АҚШ өткізетін болса, онда Ресей де өткізуге дайын» деді. Ресейдің бұрынғы президенті Д.Медведев Мәскеудің төзімі шексіз еместігін айтып, ядролық сынақ жасауға үндеген еді.
Mezgil.kz