Жойқын жарылыс: Ресейлік қойманың күлін көкке ұшырған қандай қару?

Қыркүйек айының 18-күні Ресейдің Тверь облысы, Торопец қаласы маңындағы халықты жартылай эвакуациялау басталды. Оған себепкер болған қала маңындағы әскери қойманың өртенуі мен жойқын жарылыстардың болуы еді. Ақпарат көздері қоймаға украин дрондары түскенін жазды.

1726661881936382.jpg

(Суреттер Google іздеу жүйесінен алынды)

Торопец қаласының маңындағы өртке қатысты ақпаратты алғаш болып Тверь облысының губернаторы Игорь Руденя жазды. Ол өз сөзінде әуе қорғаныс жүйелері дрондар шабуылын тойтарғанын, алайда дрондардың бөлшектері қойма маңына түсіп, өрт шыққанын айтты.

Ресейлік саясаткерлерде Украина жасаған шабуылдардың салдарын азайтып көрсету тәжірибесі қалыптасқан. Әдетте «әуе жүйесі шабуылды толық тойтарды», «дрон бөлшектері түсіп, өрт шықты», «зымыран бөлшектері ғимараттарға зақым келтірді» деген сөз тіркестерін қолданады.

Ресейдің қорғаныс министрлігі 18 қыркүйектің түнінде кемі 54 дронды әуеде жойғанын мәлімдеді. Шабуыл Курск, Смоленск, Белгород, Орлов, Тверь аймақтарында болған.

Әлеуметтік желіде Торопец қаласы маңындағы әскери қоймаға бірнеше дрондар соққы жасап, артынша жарылыс болған бейнелер жарияланды. Видеоларда шабуылдың жойқын болғаны көрінеді. Торопец қаласы маңында зымырандар, оқ-дәрі мен миналар, снарядтар сақтайтын қойма бар. Бұл туралы ресейлік және Батыстық БАҚ сан мәрте жазған болатын.

Ашық дереккөздерде қоймада «Искандер», «Точка-У» зымырандары мен С-300, С-400 кешендерінің зымырандары да сақталғаны айтылады. Қойма 2012 жылы салынды және талапқа сай оқ-дәрі түрлері ашық аспан астында емес, арнайы жабық қоймаларда сақталуы тиіс еді. Бұл мақсатты іске асыру үшін қоймада бірнеше мәрте күрделі жұмыстар жүргізілді және қойма қалың бетонды жабындымен қоршалды. Ресейдің Қорғаныс министрлігі қойманы стандартқа сай деп атап, өрт пен шабуылдан қорғайтынын айтты. Ресми деректе қойманың құрылысына 3,6 млрд рубль жұмсалғаны айтылады.

Торопец қаласында 11 мыңнан астам адам тұрады. Соғыс басталған сәттен кейін, қала маңындағы әскери қоймаға бір емес, бірнеше мәрте шабуыл жасалды. Алайда ең жойқын шабуыл 18 қыркүйекте іске асты. Аймақ губернаторы шабуыл салдарынан зардап шеккендер бар деп атады.

Әскери сарапшылар Украина тарапы шабуылға жаңа зымыран-дрон «Паляницяны» қолдануы мүмкін деп санайды. Торопецтегі қойма Украина шекарасынан 480 шақырым қашықтықта орналасқан. Бұл аралыққа Украинаның тағы бір дроны, «Лютый» типті камикадзе жете алады. Алайда оның жарылыс күші аз және бетонды жабындыны жою қабілеті төмен.

Ресейлік тарап шабуылға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Қорғаныс министрлігінің ресми баяндамасында да Торопецтегі жарылысқа қатысты ақпарат жоқ. Ал Тверь облысының губернаторы сайтында аймақтағы өрт қауіпсіздігіне байланысты бірнеше елді-мекен тұрғындарын эвакуациялап, мектеп, балабақшаны уақытша онлайн жүйеге көшіргенін айтты,

Украина әскері Ресей аумағына дрондармен соққы жасауды жиілетті. Ресей билігі маңызды стратегиялық нысандардың барлығын бір уақытта толықтай әуе қорғаныс жүйесімен қамтамасыз ете алмайды. Сәйкесіншще дрондар мұнай базаларын, әуежайлар мен әскери қоймаларды шабуылдауда нәтиже көрсетуде.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар