Ресей тарапы Украинаның Курск облысына шабуыл жасайтынын бірнеше ай бұрын білген. Бұл туралы The Guardian басылымы қолына түскен жүздеген беттік әскери құжаттарға сүйене отырып жазды. Құжаттар Курск облысындағы Украина басып алған аймақтарда табылған.
(Сурет rbc.ru сайтынан)
Басылым журналистері мен Украина арнайы жасағының өкілдері тамыз айының соңында кездесу ұйымдастырған еді. Кездесу барысында Украина тарапы Курск облысында тапқан ресейлік әскери құжаттарды көрсетті. Құжаттарда Ресей ІІМ, Ресей қорғаныс министрлігі, Федералды қызмет және өзге күштік құрылымдарға тиесілі деректер табылды. Құжаттар 2023 жылдың соңы мен 2024 жылдың шілдесіне дейінгі аралықтағы бұйрықтарды, құпия жазбалар мен нұсқаулықтардан тұрады.
The Guardian басылымы құжаттардың басым бөлігі Ресей әскерінің 488-ші мотоатқыштар полкіне тиесілі екенін жазды. Аталмыш полк Брянск облысында орналасқан. Полк жауынгерлерінің бір бөлігі 2024 жылдың мамырында Ресей әскері Харьковке шабуыл жасаған сәтте, Курск облысына жіберілді.
Қаңтар айындағы құжаттардың бірінде Ресей тарапы Украина әскерінің Курскке шабуыл жасауы мүмкін екенін болжап, қорғанысты күшейту туралы бұйрық берілгені айтылады. Ақпан айындағы құжаттарда Ресей тарапы Украина әскері Курскке кіріп, Ресей аумағына 80 шақырым ішкері енуді ойластыратыны жазылған. Шекарада тұрған Ресей әскеріне шабуылға қарсы қорғанысты күшейту бұйрығы берілген.
Наурыз айында шекарадағы әскердің дайындығын күшейтіп, шекара маңында бронды техниканы тоқтататын ор қазу бұйырылған. Бұл да құжаттарда көрсетілген. Маусым айындағы құжаттардың біріннен «Украина әскері Юнаковка–Суджа бағытында алға жылжып, Суджаны басып алуды жоспарлауда» деген барлау қызметінің дерегі табылды. Сонымен бірге Украина әскері Сейм өзеніндегі көпірлерді жоюды жоспарлайтыны айтылған.
Табылған құжаттардың бірінде Курск шекарасындағы Ресей әскері 60-70 пайыз ғана қажетті әскери жабдықпен жарақтанғаны, ал резервтік әскерді дайындау тым баяу іске асып жатқаны жазылыпты.
The Guardian құжаттардың бірінде Ресей әскерінің тактикасы да көрсетілгенін айтты. Онда жалған қорғаныс позицияларын жасап, Украина дрондары мен зымырандарын жаңылыстыру тактикасы жайлы жазылған.
Ресей Қорғаныс министрлігі The Guardian басылымы жазған мақалаға және Украина әскері қолына түскен құпия құжаттарға қатысты әзірге растау немесе жоққа шығару мәлімдемесін жасаған жоқ.
Mezgil.kz