Украина азаматтары Қазақстанда пана іздеп жүрген адамдар тізімінде Ауғанстан азаматтарын алға сала отырып, республикада тіркелген босқындар тізімінде көш бастап келеді. Бұл туралы брифингте көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Әбілхатин мәлімдеді.
(Коллаж суреттері: Ақорда сайты, Kazpravda сайты)
Комитеттің мәліметінше, қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстанда пана іздеген 368 адам және 310 босқын тіркелген. Пана іздеп жүрген адамдар тізімінде Украинадан 175, Ауғанстаннан 136, Ресейден 19 адам бар екен. Ал босқындар арасында ең көбі Ауғанстан азаматтары екен. Олардың ұзын-саны – 213 адам. Украинадан келген босқындар саны 87 адам. Және 5 адам Қытайдан келген босқын ретінде есептелген.
Осыған дейін Украинаның Қазақстандағы уақытша сенімді өкілі Сергей Павленко соңғы үш жылда республикаға 20 мыңға жуық Украина азаматы келгенін, «олардың тек 4%-і ғана пана беру туралы өтінішпен құзыретті органдарға жүгінгенін» мәлімдеген еді.
«2024 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстан аумағында босқын мәртебесі бар 200-ге жуық Украина азаматы болды»,- дейді Сергей Павленко бір сұхбатында.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мәліметінше, Қазақ жерінде 301 мыңға жуық этникалық украин ұлтының өкілі тұрады. Бұл елдегі ірі этникалық топтардың бірі. Ал қайсыбір жылғы деректер бойынша, Украинадағы қазақтар саны 60 мыңның төңірегінде болған. Ресми емес деректер Украинада 40 мыңдай қазақ азаматтары тұрып жатыр дейді.
Ескерту: Деректер ескіруі мүмкін...
Mezgil.kz