Қазіргі уақытта ЕО-ға қосылуға үміткер ретінде тоғыз мемлекет тіркелген екен. Олардың әрқайсысы Еуро интеграцияны әр жылдары бастағанымен, түрлі себептерге байланысты ЕО-ға қосылу процесі тежеліп келген.
(Суреттер: Википедиядан, sputnik.kz, akzhol.kz, 365info.kz сайттарынан алынды)
Қараңыз:
Албания, Босния және Герцеговина, Солтүстік Македония, Сербия және Қаратау (Монтонегро) Балқанда орналасқан. Үміткерлердің үшеуі – Украина, Гүржістан мен Молдова бұрынғы КСРО құрамынан шыққан, территориялары таланған (Ресей тарапынан) мемлекеттер. Украина толық ауқымды соғысты бастан кешіруде. Ал Түркияның ЕО-ға қосылуы процесі 2018 жылдан бері тоқтап тұр. 20 қазанда Молдовада ЕО-ға кіру туралы референдум өтеді.
ҮМІТКЕР ТОҒЫЗ ҺӘМ СОЛ ТОҒЫЗДЫҢ ЖОЛЫНДАҒЫ ТҮРЛІ КЕДЕРГІЛЕР
АЛБАНИЯ: 2014 жылдан бері үміткер. Еурокомиссияның соңғы баяндамасы тұрақты саяси институттарды, заң үстемдігін қамтамасыз етуді, адам және азшылық құқықтарын құрметтеуді қоса алғанда, көп нәрсені жақсарту қажет екенін көрсетеді. Оның үстіне Албанияның Грекиямен арада дауы бар. Албанияның ЕО-ға кіруіне осы фактор кедергі болуы мүмкін.
БОСНИЯ ЖӘНЕ ГЕРЦЕГОВИНА: 2022 жылдан бері үміткер. Мүдделер қақтығысына, қылмыстық жолмен алынған кірістерді тоқтату және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы бірнеше заң қабылданды. Дегенмен, мұнда этникалық серб аймағы бар.
ГРУЗИЯ: 2023 жылдан бастап үміткер. Грузияның ЕО-мен ортақ шекарасы жоқ. Мұнда да жазылмаған жара бар. Ол - Абхазия мен Оңтүстік Осетия. Бірақ, Грузияның жолына кедергі – биыл қабылданған «шетелдік агент» туралы «ресейлік заң». Грузия билігі Батыстың қарсылығына қарамастан, даулы заңды қабылдады. Нәтижеде ЕО Грузия бойынша келіссөздердің «іс жүзінде тоқтатылғанын» жариялады.
МОЛДОВА: ЕО-ға өтінішті 2022 жылдың наурызында тапсырған. ЕО өткен жылы Молдоваға азаматтық миссиясын жіберген. Бірақ, Молдованың да Приднестровье деген «қотыр жарасы» бар. Еуроодақ Молдованың қосылуы туралы ресми келіссөздерді 25 маусымда бастады. Ал Молдова одаққа Приднестровьесіз де қосыла алатынын айтты.
СОЛТҮСТІК МАКЕДОНИЯ: 2005 жылдан бері үміткер. Бірақ ЕО-ға қосылу туралы ресми келіссөздер тек 2020 жылы басталды. Бұл ЕО тарихындағы ең ұзақ үзілістердің бірі. С.Македонияның екі кедергісі бар. Бірі – Грекия, екіншісі – Болгария.
Грекия шарт қойып, елдің атауын өзгертуді талап етсе, Болгария да позиция ұстанып – Конституцияны өзгертуді, «македон тілі болгар тілінің диалектісі» деп көрсетуді, «кейбір этникалық македондықтардың болгарлар екеніне» келісуді талап етті.
СЕРБИЯ: 2012 жылдан бері кандидат. 2008 жылы бөлініп кеткен Косовомен қарым-қатынастар қалыпқа келгенше оның ЕО мүшелігіне өту жолы жабылған. Президент Александр Вучичтің антиеуропалық риторикасы да проблема.
ТҮРКИЯ: 1999 жылы басталған қосылу процесі 2018 жылдан бері тоқтап тұр. Еурокомиссия елді «жетекші серіктес» деп атағанымен, Түркияда гректермен, кипрліктермен арада даулар бар. 2023 жылы Түркия президенті Ердоған Швецияның НАТО-ға мүше болуын мақұлдауын Түркияның ЕО-ға кіру үдерісімен байланыстыруға тырысты.
УКРАИНА: 2022 жылдан бері үміткер. 2023 жылдың желтоқсанында ЕО көшбасшылары интеграциялық келіссөздерді бастауға келісті. Келіссөздер 25 маусымда ресми түрде басталды. Басты кедергі – елдегі толық масщтабты соғыс және территориялық дау.
ҚАРАТАУ: 2012 жылдан бері кандидат. Қаратауда да жағдай тұрақсыз еді. Алайда, 2023 жылғы сайлаудан кейін жағдай оң жаққа қарай өзгерді. Жаңа премьер-министр Милойко Спайч ЕО мүшелігін «сыртқы саясаттағы басымдық» деп жариялады. Қаратау 2028 жылға қарай ЕО-ға қосылуды мақсат етуде.
ҚАЗАҚСТАН ЕО-ҒА БЕТ БҰРА МА?
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік. Қазақстанда ЕО-ға қосылу туралы бастама көтерген жалғыз саяси партия бар. Ол – «Ақ жол» демократиялық партиясы. Мәжіліс депутаты һәм партия төрағасы Азат Перуашев былтыр (2023 жылы): «Біздің таңдауымыз – бұл Еуропалық даму жолы, мемлекет пен қоғам қатынастарындағы еуропалық тәсілдер, өмір сапасының еуропалық стандарттары. «Алаш» көшбасшысы Әлихан Бөкейхан айтқандай, біз болашақты Батыс мемлекеттерінің үздік жетістіктерімен таныс болумен байланыстырамыз. Сонымен қатар «Ақ жол» партиясы болашақта Қазақстанның Еуропалық одаққа кіруі мәселесін де қарастырып жатыр», - деп айтқан болатын.
Бұдан бөлек, Қазақстан сыртқы саясатының 2020 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасында «Сыртқы саясаттың даму үрдістері мен пайымы» дейтін 5-ші тарау бар. Сол тараудың 4.2 тармағында: «Еуропалық Одақпен (ЕО) және ЕО-ға мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту», - деп тайға таңба басқандай жазылған. Ал 4.7 тармағында: «ЕО құрамына кірмейтін Еуропаның жетекші мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды жандандыру. Еуропа және Еуразиядағы саясат пен қауіпсіздік салаларындағы көпжақты ұйымдармен – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа Кеңесі, Солтүстік Атлантикалық шарт ұйымы және басқа институттармен ынтымақтастықты кеңейту бойынша бағытты жалғастыру», - сыртқы саясаттағы басымдықтардың бірі екені жазылған.
Көп векторлы саясатты ұстанатын Қазақстан билігі тарапынан әзірге ешқандай да еуроинтеграция туралы сөз шыға қойған жоқ. Оқыған, естігеніміз - жалғыз Азат Перуашевтің екі кезек мәлімдемесі ғана. Сіз қалай ойлайсыз, Қазақстан алыс-жақын болашақта Еуроинтеграция процесіне бет бұра ма?
Mezgil.kz