«Настоящее Время» сайты «Медиазона» ақпаратына сүйене отырып, Қазақстан аумағынан ресейлік азаматты ұрлап әкеткенін жазды.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: currenttime.tv)
Бурятияның келісімшарт бойынша әскери қызметкері (контрактник) Кәміл Қасымов Ресейде дезертирлік жасағаны үшін айыпты деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. «Медиазона» ақпараттық агенттігі Қасымовқа қатысты ақпаратты анықтау үшін Астана қаласының полиция департаментіне сұрау хатын жолдағанын жазды.
Кәміл Қасымов Улан-Удэ қаласындағы Құрлық әскери күштерінің 103-ші зымыран бригадасында қызмет атқарған. Аталған бригада 2022 жылдың қаңтарында Украина шекарасына топтастырылып, әскери жаттығуларға қатысқан.
Қасымовтың 2023 жылы Ресейден қашып, Қазақстанға өткені белгілі болды. Ол Қазақстанға келіп, Астана қаласында жұмысқа тұрған. Сәуір айында Қасымовқа белгісіз 4 ер азамат келіп, оны ұстаған. Артынша оны Приозерск қаласына алып кеткен. Приозерск арқылы Қасымовты Омбы қаласына әкеткені белгілі болды.
«Медиазона» ақпараттық агенттігі Қасымовты ұстау үшін Бурятияның ІІМ-гінің қызметкерлері Қазақстанға 10 күнге келгенін жазды. Қазақстанның полиция қызметкерлері Қасымовты тергеп, жазбаша түсініктеме алған соң, қамауға алмағанын айтқан. Қашқынды экстрадициялау мәселесі қаралмаған дейді.
Тамыз айында Омбы қаласындағы гарнизондық сот Қасымовты дезертирлік жасағаны үшін кінәлі деп танып, 6 жылға бас бостандығынан айырды. Қазіргі сәтте Қасымов Омбы қаласындағы абақтылардың бірінде үкімнің күшіне енуін күтуде.
2023 жылдың наурызында Барнауыл гарнизонының әскери соты Федералдық қауіпсіздік қызметінің майоры Михаил Жилинді алты жарым жылға бас бостандығынан айырған еді. Жилин Қазақстан арқылы Арменияға ұшпақ болған сәтте ұсталған болатын. Оған дезертирлік жасады және шекараны заңсыз өтті деген айыптар тағылды.
Mezgil.kz