Ресей: Алаңдаулымыз! Өзбекстаннан ресми түсіндірме күтеміз!

24-қыркүйек күні Өзбекстанның және Ресейдің әлеуметтік желі парақшаларында оқушы баланы сабақ үстінде мұғалімнің ұрған видеосы жарияланып, шу шықты. Видеода оқушыны мұғалімнің желкелеп, ұрған сәті бейнеленген. Оқиға Ташкент қаласындағы нөмірі 188-ші мектепте болғаны анықталды.

1727346579675391.jpg

(Суреттер mk.ru сайтынан алынды)

Ресейлік ақпарат көздерінің бұл жайтқа назар аударуының басты себебі мынада еді. Әлеуметтік желіде тараған ақпараттарда «оқушының орыс тілі сабағын мұғалімнен өзбек тілінде емес, орыс тілінде өткізуін сұрағаны үшін соққыға жығылғаны» айтылды.

Ал Өзбекстанның ақпарат көздері сабақ үстінде мұғалім мен оқушы сөзге келіп қалғанын айтуда. Яғни, жанжалдың себебі қандай да бір тілдік немесе ұлттық дискриминация емес дегенді жазуда. Ресейлік ақпарат көздері оқушының ата-анасының пікіріне сүйене отырып, «мұғалім Өзбекстан өзбектерге тиесілі, ал қалған ұлттар кеткісі келсе кете берсін» деп айтты дейді. Алайда бұл ақпараттың рас-өтірігі әлі белгісіз.

Оқушының ата-анасы тиісті органдарға шағым түсірген. Қазіргі сәтте арнайы іс ашылып, тергеу басталған.

Бұл дау Ресейдің Сыртқы істер министрлігіне дейін жетті. Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Захарова Өзбекстан тарапынан ресми түсіндірме сұрағанын мәлімдеді.

«Аталмыш роликтің мазмұны бізді алаңдатып отыр. Қазіргі сәтте біз Өзбекстан тарапынан осы жайтқа қатысты ресми түсіндірме сұрадық. Өзбекстан бұл жайтқа құқықтық тұрғыдан баға беріп, егер заң бұзушылық анықталса, онда кінәлі тарапты заңға тартады деп сенеміз. Мәселені жіті бақылап отырмыз. Дос мемлекеттердің арасында мұндай жайттар мен оқиғалар болмауы тиіс», - дейді Захарова.

Өзбекстанның Балалар омбудсмені оқиғаны өз бақылауына алып, тергеу басталғанын айтты.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар