Грузия билігі соғыс үшін Осетиядан кешірім сұрап, Ресеймен достаспақ!

Грузияның билеуші партиясы Ресей СІМ басшысы Лавровтың Абхазия мен Оңтүстік Осетияны Грузиямен татуластыру туралы идеясын қолдайтынын айтты. Олар Ресейдің әскерін Грузияның заңды аумақтарынан шығару жоспарын әзірлеу қажеттілігін меңзеген.

1727705834797650.jpg

(Сурет Америка даусы сайтынан алынды)

28-қыркүйек күні Ресей СІМ басшысы Лавров БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 79-шы сессиясында сөз сөйлеп, Грузия мен Абхазия, Оңтүстік Осетия арасында келісім болу мүмкіндігін айтқан болатын. Ол сөз барысында Мәскеудің Грузия мен Абхазия, Осетия арасында татулық орнауына үлес қосуға дайын екендігін жеткізді.

Лавров Ресей мен Грузия арасында ұзақ жылға созылған жанжалды, қақтығыс нүктелерін реттеуге Мәскеу мүдделі дейді. «Келіссөздерге ашықпыз» деді.  Грузиядағы «Грузин арманы» билеуші партиясының басшысы Бидзина Иванишвили Ресейді жақтай сөйлеп, «Грузия билігі 2008 жылы Осетиядағы соғыс үшін кешірім сұрауға ерік-жігері жетеді» дегенді айтып қалды.

«2008 жылы болған соғысты грузин халқы да, осетин халқы да қалаған жоқ. Бұл қанды қақтығыстың шынайы кінәлілерін анықтап, заң алдында қатаң жазалаған соң, бауырлас халықтар арасындағы достық пен татулық орнайтын болады. Сіздерге грузиннің өз Нюрнберг процессі болатынына уәде беремін. Ол жақын арада болады», - дейді Иванишвили.

Сарапшылар 26-қазандағы парламенттік сайлауда «Грузин арманы» партиясы жеңіске жетсе, онда «2008 жылғы соғысты бастаған Саакашвили және оның жақтастары» деп мәлімдеп, сот бастауы мүмкін екенін айтуда.

Тбилиси мэрі, «Грузин арманы» партиясының Бас хатшысы Каха Каладзе 29-қыркүйекте былай деді: «Ресейдің келісімді жақтап, келіссөзге ықпалдасу идеясын қолдауы әлбетте жақсы. Алайда осы бір мәлімдемелерден кейін, шынайы қадамдарға көшсек тіпті дұрыс болар еді», - дейді. Ол Грузияның бірқатар аймағында ресейлік әскери базалардың тұрғанын айтып, оларды ел аумағынан шығару туралы жоспарды жасақтау қажет дегенді баяндады.

Саясаткер «тек қана бейбітшілік пен өзара кешірім арқылы ғана аумақтық тұтастығымызды қалпына келтіре аламыз» дейді.

Ал Грузияның оппозициялық партиялары мен тұлғалары ел билігін қатаң сынға алуда. Олар билеуші партияның Ресеймен жақындығын сатқындыққа балауда. «Грузия билігі Осетиядағы соғыс үшін кешірім сұрауы нағыз масқаралық» дейді оппозициялық депутат Тамара Кордзая.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар