Үшінші дүниежүзілік соғыс сұлбасы көріне бастады: Иран Израильді не үшін соққылады?

Кеше Иран Израильге қарата 181 зымыран (балистикалық) ұшырды. Әуелді Иран БАҚ-тары: «Израильге қарсы 400 балистикалық зымыран атылды», - деп хабарлаған.

1727857277635405.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: ВВС сайтынан алынды)

Израильдің көп мақталған «Темір күмбез» ӘҚК іске қосылған. Десе де Тель-Авивке дөп тиген зымырандар да аз емес. Иранның кейбір зымырандарын аймақтағы АҚШ әскери күштері мен Иордания Израильге жеткізбей қағып түсірген.

БІР КҮНДЕ ТЕЛЬ-АВИВКЕ ЖАСАЛҒАН ҚОС СОҚҚЫ

Ал Иранның «Fars» агенттігі: «Иран зымырандарының 80%-ы нысанаға дөп тиді», - деп мәлімдеді. Иран зымырандары Израильге дөп тиген сәттер аз болған жоқ. Бірақ, сексен пайыз дегені сәл қисынға келіңкіремейді. Десе де, осы жолы көп мақталған «Темір күмбез» нөпір зымыранмен алысып үлгермей жатты. Иран шабуылынан зардап шеккендер жоқ. 3 адам жеңіл жараланған. 1 адам қаза тапқан. Мұны Израиль тарабы айтты.

Иран соққылары тек Тель-Авивке ғана емес, оның маңайы мен Негев құмындағы нысандарға да жасалған.

***

Бұл шабуылдан 1 сағат бұрын ғана автомат асынған 2 терроршы Тель-Авивте сойқан салып, әуелі трамвайдағы адамдарға, сосын көшедегілерге оқ жаудырған. Одан 6 адам қаза тауып, 9 адам жараланған.

ИРАН НЕ ДЕДІ?

Израильге соққы жасауға Әли Хаменей пәрмен берген!

Иран: «Бұл біздің «ХАМАС» жетекшісі Исмаил Хания мен «Хезболла» жетекшісі Хасан Насралла қазасына берген жауабымыз. Егер Израиль бізге жауап қатар болса, біз бұдан да ауқымды шабуыл жасаймыз! Біз әділетті жауап бердік», - деп мәлімдеді.

Иран президенті Масуд Пезешкиан: «Нетаняху, біліп жүр! Иран ешкіммен соғыспайды! Бірақ лайықты түрде жауап береді! Бұл біздің толық күшіміз емес! Израиль Иранмен соғысамын деп отпен ойнамасын!», - деп мәлімдеді!

Иран ИРСК: «Егер Израиль жауап қатар болса, біздің өте қатал жауабымызды алатын болады!», - десе, Иранның БҰҰ-дағы өкілі: «Біздің бұл шабуылымыз әділетті жауап!», - деп мәлімдеді.

ИРАН БАҚ-ТАРЫ НЕ ДЕЙДІ?

Иран ақпарат құралдары: «Иран Тель-Авивтен бөлек Израильдің бірнеше аумағына соққы жасады. Ашкелондағы газ платформасына дөп соққы тиді. F-35 жойғыш ұшақтарының жиырма шақтысының көзі жойылды. Газа секторындағы Нецарим ауданына соққы жасалып, Израиль танктерінің едәуір бөлігінің көзі жойылды», - деп мәлімдеді.

ИЗРАИЛЬ НЕ ДЕДІ?

Израиль премьері Бенямин Нетаньяху: «Иран үлкен қателік жасады. Ол бұл қателігі үшін құн төлейді. Ирандағы режим біздің өзімізді қорғау және қарсыласқа қарымта соққы беру ісімізде қаншалықты тәуелкелдерге бара алатынымызды түсінбей отыр. Синвар мен Дейф соны түсінбеді, Насралла мен Шүкір соны түсінбеді. Енді міне Тегеранда да соны түсінбейтіндер бар сияқты. Ендеше олар түсінетін болады», - деп мәлімдеді.

Израиль армиясының Бас штабының басшысы Халеви: «Израиль тосын әрі жойқын соққы жасау үшін ұрымтал сәтті таңдайтын болады», - деп мәлімдеді.

ЦАХАЛ: «Иран өзі үшін тозақтың қақпасын ашты! Біздің жауабымыз жойқын болады. Оны бүкіл Таяу Шығыс көретін болады!», - деп мәлімдеді!

ӘЛЕМДІК БАҚ НЕ ДЕЙДІ?

CNN ақпараты: «Иран атқан зымырандардың кейбірі Тель-Авивтегі «Моссадтың» бас штаб-пәтерінен 1 шақырым жерге түскен», - деп жазады. «Израиль бұл қақтығыстың келесі кезеңін жоспарлауда. Израиль Иранның сәуірдегі шабуылдарынан соң, одақтастардың және әлемдік қауымдастықтың араласуымен, шектеулі жауап қатқан болатын. Израиль әскери және саяси басшылығының осы жолғы мәлімдемелері тым қатал. Сондықтан, Израильдің жауабы да жойқын болуы мүмкін», - деп жазады басылым.

Washington Post ақпараты: «Иранның бұл жолғы соққылары Израильге орасан зор шығын әкелген жоқ. Иордан өзенінің батыс жағалауында бір палестиналықтың қаза тапқаны туралы ғана белгілі. Израиль әскери базасының көзі жойылғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайды», - дейді.

ВВС ақпараты: «Иранның Израильге қарата ұшырған балистикалық зымырандарын қағып түсіруге АҚШ пен Ұлыбритания көмектескен. АҚШ пен Ұлыбритания әуе қорғаныс күштері іске араласқан», - деп жазады.

The New York Times ақпараты: «Иранның кейбір зымырандары Израильдегі нысандарға дөп тиген. Мысалы, Тель-Авивтің солтүстігіндегі «Моссадтың» штаб-пәтеріне жақын маңға зымыран түскен. Одан бөлек екі бірдей әуе базасына да дөп соққы тиген.  Соның бірі Тель-Нофтағы әуе базасы. Онан соң Неватим әуе базасына да соққы тигені әлеуметтік желілердегі бейне жазбаларды анық көрінеді. Иран осы жолы ең қуатты зымырандарды қолданған. Солардың бірі – «Fattah» гипердыбысты зымырандары», - деп жазады.

Axios ақпараты: «Израиль Иранның ядролық нысандарына төтелей соққы жасауы мүмкін. Егер Иран мен Израиль арасындағы қақтығыстар ушығар болса, бұл шән мәнінде үшінші дүүниежүзілік соғысқа ұласуы мүмкін», - деп жазады.

ӘЛЕМДІК ЛИДЕРЛЕР НЕ ДЕДІ?

АҚШ президенті Жо Байден: «АҚШ Израильді толық қолдайды. Осы жолғы Иран шабуылдары кезінде АҚШ Израильге зымырандарды қағып түсіруге көмектесті. Біз алдағы уақытта да Израильді қолдаймыз», - деп сөйледі.

АҚШ-тың экс-президенті Доналд Трамп: «Иран осы жолы Израильге қарсы соғыс ашты. Бұл шын мәнінде соғыс ашу», - деп мәлімдеді.

Ұлыбритания премьері Кир Стармер: «Біз Иранның бұл шабуылын қатаң айыптаймыз. Мен Израиль премьері Нетаняхумен бұл жайынды сөйлестім және ЕО лидерлерімен де осы жайын талқылайтын боламыз», - деп мәлімдеді.

Германия СІМ басшысы Анналена Бербок: «Біз Иранның Израильге жасаған зымыран соққыларын айыптаймыз. Шабуылдауды дереу доғаруды талап етеміз», - деді.

Түркия президенті Режеп Ердоған: «Израильдің Газа мен Ливаннан кейінгі нысаны Түркия болмақ. Біз барымызды салып күресеміз және Израильді біз тоқтатамыз!», - деп мәлімдеді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар