Қырғынға толы қыркүйек: Ресей әскері ең көп шығынға ұшырады

Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің барлау қызметі 2024 жылдың қыркүйегінде Ресей әскері соғыс басталған кезеңнен бері ең көп сарбазын жоғалтқанын анықтады. Орта есеппен Ресей қыркүйек айында күн сайын 1271 сарбазын жоғалтқан. Бұл қаза тапқандар, жараланғандар және тұтқынға түскендерді қоса алғандағы көрсеткіш саналады.


Потери России в войне с Украиной

 

Қыркүйек айына дейін Ресей әскері ең көп сарбазын жоғалтқан ай 2024 жылдың мамыры болды. Ресей мамыр айында Харьков облысына жаңа шабуыл бастаған сәтте, күн сайын орта есеппен 1262 сарбазынан айырылды.

 

Ұлыбритания барлау қызметі ұрыс даласындағы әскери техника және адами шығынның артуын шайқастардың көбеюімен түсіндіреді. Қыркүйек айында Ресей әскері Угледар қаласын басып алу мақсатында шабуылды үдетті. Угледар қаласын Ресей 3-қазанда басып алды. Алайда қала үшін шайқас барысында Ресей мыңдаған сарбазы мен техникасынан айырылды. Тіпті, Угледар қаласын басып алғаннан кейін, ресейлік кей генералдар Донбасстағы шабуылды уақытша тоқтатып, сарбаздарға тынығуға мүмкіндік беруін сұрады. Дей-тұра олардың ұсынысы қанағаттандырылмады.

 

Угледар қаласының қорғанысын Украинаның 72-ші бригадасы өз мойнына алған болатын. Қаланың қорғанысына жауапты командирлердің бірі Андрей Назаренко Ресей әскері қаланы басып алу үшін қыркүйек айында күн сайын 8-12 шабуыл жасау операцияларын іске асырғанын айтты. Ол шабуыл барысында Ресейдің кемі 9 бригадасы үлкен шығынға ұшырағанын мәлімдеді. Шабуылдың басым бөлігі дрондарды қолдану арқылы тойтарылғанын жеткізді.

 

Ресей әскері үлкен шығынына қарамастан түрлі бағыттағы шабуылын жалғастыруда. Донецк бағытында Покровск қаласына жақындап, Торецк қаласы үшін шайқастар өтуде. Ресей Покровск қаласын басып алса, онда Константиновка мен Дружковка елді-мекендері шабуылдап, Славянск және Краматорск қалаларына жылжуы мүмкін. Украина тарапы қазіргі таңда басымдықты кей елді-мекенді ұстап тұруға емес, қарсыласқа барынша үлкен шығын келтіру тактикасын таңдағанын айтуда. 

 

Ұлыбританияның барлау қызметі Ресей әскері қар түспей тұрып, бірнеше бағытта ірі шабуылдарға шығуға тырысатынын болжауда. Қар түскен сәтте, ауа-райына байланысты ұрыс қимылдары бәсеңсіп, тараптар позициялық соғысқа көшуі ықтимал.

 

«Мәскеу ауа-райы мен әскер шығынына қарамастан шабуылды үдете бермек. Ресей билігі Донбассты толық жаулап алып, келіссөздерге отыруы ықтимал. Екі жарым жылдың ішінде Ресей Донецк облысын толық оккупациялай алмады. Кремль АҚШ-тағы сайлау науқаны қызып, Таяу Шығыстағы жағдай ушығып, Украина соғысы назардан тыс қалған сәтте, әскер шығынының көптігіне қарамастан шабуылды арттыру тиімді деп санайды. Ресей Донбассты 2022 жылы толық жаулап алуды ойластырды, алайда жоспары іске аспады», - дейді Ұлыбритания барлау қызметі.

 

Ұлыбритания қорғаныс министрлігі 2024 жылдың қазанына дейін Ресей 648 мың әскерінен айырылды деп мәлімдеді. Бұл жараланғандар мен қаза тапқандарды және тұтқынға түскендерді қоса алғандағы көрсеткіш.

 

The Wall Street Journal 17-қыркүйекте Украина жерінде 210 мың ресейлік сарбаз қаза тапты деп жазды. Ал «Русская служба Би-би-си» мен «Медиазона» ақпараттық агенттіктері қыркүйекте 71 мың қаза тапқан ресейлік сарбаздарың аты-жөнін анықтағанын мәлімдеді.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар