Жетінші қазан: Соғысқа бір жыл. Сандар не дейді?

7-қазан күні Израиль мен ХАМАС арасындағы соғысқа тура бір жыл болды. Қақтығыс географиялық тұрғыдан бір жылдың ішінде ауқымы кеңейді. Қақтығысқа қатысушы акторлар саны артты. Хезболла, ХАМАС, Йемендегі хуситтер мен Иранның тікелей қолдауындағы Ирак жеріндегі прокси күштері бұл қақтығыстың бөлшегіне айналды.


ХАМАС объявил войну Израилю - Газета.Ru

 

Бұл қақтығыс Израиль тарапынан соңғы 75 жылда жүргізген ең ауқымды соғыс саналады.

 

2023 жылы, 7-қазанда ХАМАС-тың мыңдаған жауынгері Израиль аумағына басып кірді. Ақпарат көздері 7-қазан күні Израиль аумағында 1,2 мың адамның қаза тапқанын жазды. ХАМАС Израиль жеріндегі 251 адамды тұтқынға алып, Газа аумағына әкетті. 7-қазанда ХАМАС Израиль аумағына 4 мыңнан астам зымыран атты. 

 

Израиль әскері 7-қазан күні, кешкі сағат 20:00-де Газаға шабуылды бастап, операцияны «Темір қылыш» деп атады. Әуеден ұшақтар соққы жасаса, артиллерия үздіксіз снаряд атумен болды. Газаға Израиль аумағынан берілетін су, жарық және газ тоқтатылды. Шекара бекеттері арқылы өтетін гуманитарлық көмекті кіргізуге тыйым салынды. Израиль операция барысында ХАМАС-ты жойып, тұтқындарды босатуды ойластыратынын мәлімдеді. Қазанның соңында Израильдің құрлық әскері Газаға кіріп, құрлықтық операцияны бастады. 

 

Бір жылдың ішінде Газадағы соғыс ауқымы кеңейіп, Таяу Шығыстағы ең үлкен гуманитарлық дағдарысты туындатудың алдында тұр. Сарапшылар соғыстағы тараптардың шығынын есептеп шықты. 

 

ХАМАС тұтқынға алған 251 адамның 138-і өзге елдің азаматтары саналады. Олардың ішінде екі немесе үш азаматтығы бар жандар кездеседі. Басым көпшілгі АҚШ, Франция, Германия, Ресей, Аргентина, Таиланд, Ұлыбритания, Украина және өзге ел азаматтары.

 

Бір жылдың ішінде Израильде 1,7 мың адам қаза тапқан. Жараланғандар саны 7 мыңнан асады. Сарапшылар Израильдің экономикасына айтарлықтай шығын келгенін айтуда. Порттардың сауда жасау үлесі 4 есе азайған, туристердің келу көрсеткіші төмендеп, мемлекеттің инвестициялық тартымдылығы түскен. Израиль бір жылдың ішінде 800-ден астам жауынгері қаза тапқанын айтуда. 

 

Газада ұрыс қимылдарынан қаза тапқандар саны 41,8 мың, жараланғандар саны 80 мың адамды құрайды. Иордан өзенінің Батыс жағалауында көз жұмғандар саны 700 адам. Израиль билігі Газада ХАМАС-тың 14 мың жауынгерін жойдық десе, ХАМАС 6 мың жауынгерінің қаза тапқанын айтумен келеді. Газадағы ғимараттардың 68 пайызы толық жойылған, ішкі босқын болған газалықтардың саны 2,3 млн адамды құрайды. 2024 жылдың 31-шілдесінде ХАМАС-тың саяси бюро басшысы Исмаил Хания Тегеранда зымыран соққысынан көз жұмды. Иран шабуылға Израильдің барлау қызметін кінәлады, алайда ресми Израиль әлі күнге дейін шабуылды өз мойнына алған жоқ. БҰҰ сарапшылары Газадағы жағдайдың апаттық деңгейге жеткенін айтып, ұрыс қимылдарын тоқтатуға үндеумен келеді. Дей-тұра тараптар арасында нақты келісім жасалған жоқ. Мамандар Газаны қалпына келтіруге кемі 20 жыл уақыт кететінін болжауда.

 

2023 жылдың 7-қазанында «Хезболла» әскері Израильдің солтүстік аудандарына зымыран жаудырды. Яғни, Израиль мен Хезболла арасындағы қақтығысқа да бір жыл болды. Хезболланың Израильдің солтүстік аумақтарына шабуылы ондаған мың адамды басқа аймаққа көшуге мәжбүр етті. Израиль Ливан аумағындағы «Хезболла» нысандарына соққы жасаумен келеді. Қақтығыс қыркүйек айында ушығып, әуе шабуылында «Хезболла» басшысы Хасан Насралла өлтірілді. Ақпарат көздері Израильдің соққысынан соңғы бір жылда Ливан аумағында 4 мыңнан астам адамның қаза тауып, 12 мыңнан астамы жаралынып, 700 мыңға жуығы ішкі босқынға айналғанын жазуда. 23-қыркүйекте Израильдің құрлық әскері Ливан жеріне басып кіріп, құрлықтағы операцияны бастағанын айтты. Қақтығыс жалғасуда.

 

Израиль бір жылдың ішінде Сирияға ондаған зымыран соққысын жасады. Салдарынан 300-ден астам адам қаза тапқан. Олардың басым көпшілігі Иранның әскери кеңесшілері немесе «Хезболла» жауынгерлері дейді БАҚ.

 

Газадағы соғыс Израиль мен Йемендегі хуситтер арасындағы қақтығысқа да ұласты. Хуситтер Газаны қолдау операциясын іске асыратынын айтып, Қызыл теңізде Израильге бет алған кемелерді шабуылдаумен келеді. Бір жылдың ішінде Қызыл теңізде ірілі-ұсақты 84 кемеге шабуыл жасалған. Хуситтер Израиль аумағына зымыран және дрон жіберуді де іске асыруда. Жауап ретінде Израиль Йемен аумағына бірнеше мәрте соққы жасады.

 

Бір жылдың ішінде Иран мен Израиль арасындағы текетірес тікелей соғысқа ұласуы мүмкін қауіпті деңгейге көтерілді. Тараптар өзара соққы алмасуда.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар