АҚШ әскері Украинаға қажетті қару-жарақ түрлеріне өзгеріс енгізуді талқылауда. Еуропадағы АҚШ әскерінің бас қолбасшысы, генерал Кристофер Каволи Конгресске Украинаға қажетті қарудың тізімін жасақтап, таныстырды. Генерал аталмыш қару түрлері Киевтің Ресейге қарсы күресінде позициясын күшейтетініне сенім білдірді. Тізімде осыған дейін берілген қару түрлері және жаңа зымырандар да бар.
CNN ақпараттық агенттігі генерал Каволидің тізімінде алыс қашықтыққа соққы жасауға қабілетті Joint Air-to-Surface Standoff Missiles (JASSM) қанатты зымырандары мен Link 16 ауқымды байланыс жүйесі барын анықтады. НАТО елдері Link 16 ауқымды байланыс жүйесін әскери қорғаныс жүйелері арасында үздіксіз сигнал алмасу үшін қолданады. Аталмыш жүйе сыртқы шабуылдан жоғары деңгейде қорғалған.
Вашингтон бұған дейін Киевке аталмыш қару түрлерін жеткізген емес. Украина бұл қару түрлері мен әскери жүйелерді сұраса да, Вашингтон оң шешім қабылдамады.
Сарапшылар АҚШ әскери қызметкерлері қарудың кей түрі Ресейдің қолына түсуі мүмкін деп алаңдайтынын айтты. Алайда ендігі таңда АҚШ билігі жаңа қару түрлерін жеткізуге дайын екенін аңғартуда.
The Washington Post басылымы JASSM зымырандары жақын уақытта Украинаға беріле бастауы мүмкін дейді. Соғыс басталған сәтте Вашингтон Киевке ATACMS зымырандарын беруді мүлде қарастырмады. Бірнеше айға созылған ауқымды талқылаулардан кейін, Ақ үйдің ұстанымы өзгеріп, Киев ATACMS зымырандарын ала бастады. Жаңа қару түрлері де талқылаулардан кейін, Украинаға беріле басталуы әбден мүмкін дейді әскери сарапшылар.
АҚШ билігі Украинаға берілген зымырандармен Ресейдің заңды аумағын атқылауға рұқсат ету мәселесін де талқылауда. Әзірге бұл сұрақ бойынша алға жылжу байқалмайды. 12-қазанда Германияда «Рамштайн» форматындағы кездесу өтіп, оған АҚШ президенті Байден қатысуы тиіс еді. Бірақ АҚШ-тағы «Милтон» дауылына байланысты президент Байден сапарын кейінге шегерді. Осылайша «Рамштайн» кездесуі кейінге қалуы мүмкін.
Mezgil.kz