Талғардағы қанды оқиға: Прокуратура мен ҚР ІІМ не дейді? (Толық)

Бүгін Талғардағы қанды оқиға бойынша ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов, Алматы облысының прокуроры Берік Адамов, ҚР Ішкі істер министрлігі тергеу департаменті басшысының орынбасары Самат Аисов Қонаев қаласында брифинг өткізіп, әлеуметтік желідегі таралған видео материалдар мен қозғалған қылмыстық істер, тергеу процесінің барысы жайлы ақпараттармен бөлісті.

1728985924120727.jpg

(Суреттер: Видео скрині және Егемен Қазақстан сайтынан)

«Біз қылмыскердің де, марқұм Шерзат Болаттың әкесінің де жағында емеспіз. Біздің міндетіміз халыққа ҚР ІІМ мен Прокуратура жағдайды жіті бақылауда ұстап отырғанын және ешкімнің жазадан құтылмайтынын жеткізу», - дейді спикерлер.

Бірінші: Прокурор: «Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы от көзі қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды. Оқиға орнынан табылған «канистра» мен резеңке қолғаптарға қосымша зерттеулер жүргізілуде. Шығын көлемі анықталып жатыр», - деді.

Екінші: Аталған қанды оқиға бойынша күдіктілер саны 7 адамнан 10 адамға дейін жеткен. Барлығы 600-ден астам адамдан жауап алынған.

Үшінші: Қылмыстық іс «Кісі өлтіру» және «Тәртіпсіздік» бабтары бойынша қозғалған.

Төртінші: Прокуратура сот процесінің ашық және онлайн өтуін талап ететінін айтты.

Бесінші: «Хутарское» ҰҚТ ҚР ІІМ тіркеуінде жоқ. Хасан Қасымбай дәл осы іс бойынша ешқандай статусқа ие емес.

Берік Адамов:

- Шерзат Болаттың қазасы бойынша тергеу қарқынды жүріп жатыр. Біздің тарабымыздан тергеу іс-шараларының заңдылығы мен толықтығы обьективтілігі қамтамасыз етілуде. Тергеу сатысында ешқандай заң бұзушылықтар анықталған жоқ.  Сот процессінің ашықтығы жөніндегі мәселе бойынша Прокуратура сотқа өтініш-хат енгізетін болады.

Біз сондай-ақ, оның отбасы тұрған үйдегі өрттің себебін белсенді түрде зерттеп жатырмыз. Өрт болған жерден маңызды дәлелдер жиналып, 600-ден астам адам сұралды. Оқиғаның қалай болғанын нақты анықтау үшін бірнеше сараптама тағайындалды.

Мамандар өрттің үйдің сыртынан басталғанын, оқыс жағдай болмағанын және сыртқы от көзі қолданылғанын алғашқы қорытынды ретінде шығарды.  Оқиға орнынан табылған «канистра» мен резеңке қолғаптарға қосымша зерттеулер жүргізілуде. Шығын көлемі анықталып жатыр.

Бұл істі ашық әрі обьективті түрде жүргізуді жалғастырамыз.  Жаңа деректер пайда болған сайын, сіздерді хабардар етіп отырамыз.  Әділдік орнату және кінәлілерді табу үшін жұмыс істеп жатырмыз.

Жәбірленушінің туыстары мен жақындары тәулік бойы күзетке алынған. Мен Шерзаттың туыстары мен жақындарының жағдайын түсініп, сабырлыққа шақырамын. 

Бәрінен асығыс қорытынды жасамауға, сарапшылардың нәтижелерін күтуді және тергеу тобына барлық қажетті іс-шараларды толықтай жүргізуге мүмкіндік беруді сұраймын. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде жалған ақпарат тарату толқынына назар аударғым келеді. Кейбіреулер митингілер мен өзіндік сот іс-әрекеттеріне шақырып, жағдайды ушықтыруда. Бұл біздің жұмысымызға тек кедергі келтіреді. Барлығын тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және сабыр сақтауға шақырамын.

Бауыржан Әленов:

- Біздің мақсатымыз істің обьективті әрі әділ өтуін қамтамасыз ету. Кінәлілер жауапсыз қалмайды. Қылмыстық іс қылмыс жасалғаны анықталған сәтте-ақ қозғалған. Оқиға орнында 7 күдікті ұсталып, қамауға алынған. 13 қазанда қосымша тағы 3 адам тұтқындалды. Олар: «Гольф» көлігінің рөліндегі адам мен оқиға орнына төбелестен кейін келіп қосылған екі адам. Олар қазір тергелуде. Олардың барлығы қазір күдікті статусында.

Қазір видео материалда көрсетілген адамдардың барлығы қылмыстық іс аясында тергелуде. Ал алкогольді ішімдік сату және пробация есебінде тұлғалардың түн ішінде дүкен аралап жүруіне қатысты, біз аудандық полиция басқармасында арнайы тексеру жүргіземіз және бұған жол берген қызметкерлердің әрқайсысына принципті түрде баға берілетін болады.

Өртке қатысты: «Хутарское» деген ұйымдасқан қылмыстық топ біздің тіркеуімізде жоқ. Сондықтан, ҰҚТ мүшелерінің өртке қатыстылығы да тергеліп-тексерілетін болады.

Шерзаттың әкесінің қолындағы затқа қатысты: Біз сараптама тағайындадық. Соның қорытындысы шыққан соң ғана пікір білдіре аламыз. Ал оқиға орнынан тіркіленген барлық зат қылмыстық іс құжаттарына тіркелген.

Біз барлық болжам-долбарларды назарға алып отырмыз. Бірақ, өртке қатысты нақты күдікті қазір жоқ. Біз қылмыстық іс шеңберінде өрт кезінде сол маңда болған барлық адамдарды тергейтін боламыз.

Дау неден басталды? Видеодан көргендеріңіздей, олар татуласып-ақ, тарасқан. Сондықтан, марқұм Шерзат пен күдіктінің арасындағы төбелес неден басталды дегенді қазір анықтап жатырмыз. Күдіктілердің барлығы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полицияға хабарлама қылмыс болып қойған соң келіп түскен. Хабарлама келіп түскеннен 8 минут дегенде полиция оқиға орнына барған.  Ал Хасан Қасымбай дәл осы іс бойынша ешқандай статусқа ие емес.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар