Ақшаны соғысқа салу - болашақты құрту: Ресей аймақтарының бюджеті қанша?

Ресей үкіметі қыркүйектің соңында аймақтар бойынша бекітілетін 2025 жылғы бюджетті жария етті. Жоспар бойынша 2025 жылы әскери шығын 13,2 трлн рубль болмақ. Яғни күніне 38 млрд рубль деген сөз. Аталған міндетті орындау үшін Ресейдің көптеген аймақтары әлеуметтік салаға бөлінген қаражатты қысқартпақ. 2024 жылы әскер мен күштік құрылымдарға бөлінген қаражаттың жылдық бюджеті 11,1 трлн рубльді құрады. Бұл аптасына 210 млрд рубль деген сөз. Сарапшылар әскер мен күштік құрылымдарға бөлінген бір апталық қаражаттың (210 млрд рубль), Ресейдегі 80 пайыз аймақтың жылдық бюджетінен көп екенін айтуда.


(Сурет svoboda.org сайтынан)

 

Сарапшылар Ресейдегі 83 аймақтың 18 аймағының ғана жылдық бюджеті Ресей әскері мен күштік құрылымдарының бір апталық бюджетінен көп екенін жазды. Олардың ішінде Мәскеу, Петербор қалалары мен аймақтары және тау-кен өндірісі дамыған өзге 16 аймақ бар.

 

65 аймақтың жылдық бюджеті Ресейдің Украинада бір аптада жұмсайтын қаржысынан аз болып шықты. Ал кей аймақтың жылдық бюджеті тіпті аз және Ресей билігі Украина соғысында 3-4 күнде жұмсайтын қаржыға тең. Олардың ішінде Қабардин-Балқар, Тыва, Қарашай-Черкес, Хакасия, Алтай республикалары мен Орлов, Новгород, Тамбов, Псков, Кострома және басқа облыстар бар. Бұл аймақтар мен облыстар Украинаға ең көп "еріктілерді" аттандырушы өлкелер саналады, алайда жылдық бюджеттері Украина соғысында Ресей билігі жұмсайтын қаржының 3-4 күндік үлесіне ғана тең.

 

Ресейдің төрт аймағының жылдық бюджеті Ресей билігі Украинада жұмсаған қаржының бір күндік шығынына да жетпейтін болып шықты. Олар Ненец автономиялық облысы, Ингушетия, Қалмақия, Еврей автономиялық аймақтары саналады. Орта есеппен аталған аймақтардың жылдық бюджеті 30 млрд рубльге тең.

 

Еврей автономиялық облысы жылына әлеуметтік салаға 15,3 млрд рубль жұмсайды. Ал Ресей әскері бұл қаржыны Украина соғысында 14-16 сағатта жұмсайды дейді экономистер. Ингушетияның бюджеті 27,9 млрд рубль, Қалмақияның жылдық бюджеті 26,6 млрд рубльді құрайды. Аталған аймақтарға Кремль Украина соғысына жұмсайтын қаржының бір күндік үлесіне де жетпейтін бюджетті бөлумен келеді. Бұл аймақтар Ресей бойынша ең артта қалған, әлеуметтік күйзелісі жоғары өлкелер саналады.

 

Сарапшылар Ресей билігі әскер мен күштік құрылымдарға қыруар қаржы бөлуді жалғастырып, қоғамдағы әлеуметтік және басқа жобаларды азайтуға мәжбүр екенін айтуда. Бұл Ресей қоғамында өзінің кері эффектісін беретін болады дейді мамандар.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар