«Время Пресс» сайтының мәліметінше Ресейдің Свердлов облысындағы №59 түзеу мекемесі сотталушылардың санының азаюына байланысты жабылмақ. Қазіргі уақытта түрмеде бар болғаны 15 жазасын өтеуші қалған.
Сотталушылардың санының азаюын сарапшылар Украинадағы соғыспен байланыстырады. Көптеген жазасын өтеуші Ресейдің Қорғаныс министрлігімен келісім жасасып, соғысқа аттанған.
Свердлов облысының Каменск-Уральск аймағындағы №47 түзеу мекемесі де жабылу алдында тұр. Аталған мекемеде де сотталушылар таусылған. Қыркүйек айының соңында Перм аймағындағы екі түзеу мекемесінің жабылғаны белгілі болды. Ондағы жазасын өтеушілердің басым бөлігі келісімшарт бойынша Украина соғысына аттанғаны анықталды.
Чусовтегі №37 түзеу мекемесі мен Березниктегі №38 түзеу мекемесі де жабылудың алдында тұр. Аталған түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілердің саны 100 адамға жетпейді.
Бұған дейін Ресейдің Кемерово облысындағы №44, Ивдельдегі №55 және №62, Гари ауылындағы №8 және Свердлов облысының Азанка ауылындағы №24 түзеу мекемелері жабылды. Нижний Новгород аймағындағы Пруды ауылында орналасқан №15 колония, Комидің Ухта маңындағы №29 жалпы режимдегі колония жұмысын тоқтатты. Краснояр өлкесінде екі колония, нақтылап айтатын болсақ №7 және №16 жабылудың алдында тұр. Ондағы жазасын өтеушілердің басым бөлігі Украина соғысына келісімшартпен аттанған.
2023 жылы Ресейдің Қаржы министрлігі 57 абақтыны жабу туралы бастама көтерді. Сотталушылар саны еселеп азайған абақтыларды біріктіріп, шығынды қысқарту керектігін айтты.
Тәуелсіз сарапшылардың есептеуінше, Ресейдің түрмелерінен Украина соғысына кемі 120 мың адам келісімшарт бойынша аттанған. Олардың басым бөлігі соғыста қаза тапқан. 2023 жылы «Вагнер» жеке әскери компаниясының өкілдері Бахмут шайқасында 20 мың ресейлік сотталушының қаза тапқанын мойындаған еді. Украинаның барлау қызметі Ресей әскері сотталушыларды ең қиын шайқастарға, кей жағдайда тіпті бронды техниканың көмегінсіз ірі позицияларды алуға жұмсап, қырғынға салатынын айтумен келеді.
Mezgil.kz