Сарапшылар Ресей мен Сауд Арабиясының арасындағы қарым-қатынастың нашарлағанын жазуда. Сауд Арабиясының тақ мұрагері, ханзада Мұхаммед Бен Сальман Қазан қаласында өтетін БРИКС саммитіне тікелей қатысудан бас тартып, орнына өкілін жібермек.
Ресейдің Қазан қаласында, 22-24 қазанда БРИКС саммиті ұйымдастырылады. Қыркүйек айында Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Сауд Арабиясының басшылығының тікелей саммитке қатысуын маңызды санайтынын айтты. Алайда Сауд Арабиясы тек сыртқы істер министрлігін жіберу шешімін қабылдады. Ресейлік сарапшылар Эр-Риядтың шешімін Батыстың қысымымен түсіндіруге тырысты.
Сауд Арабиясы 2022 жылы Ресейге салынған санкцияларға қосылмады. Украина-Ресей соғысы басталған сәтте АҚШ билігі Сауд Арабиясынан мұнай өндіруді арттырып, мұнай бағасын түсіріп, ресейлік мұнайды әлемнің бірқатар аймағынан ығыстыру жоспарын ұсынды. Алайда Сауд Арабиясы 2022-2023 жылдары мұнай өндіруді керісінше азайтып, мұнай бағасының өсуіне ықпал жасады. «Эр-Рияд мұнай баррелін 100 долларға жеткізуді жоспарлады» дейді сарапшылар. Алайда 2024 жылы Саудия мұнай саясатын өзгерте бастады. Financial Times басылымының жазуынша Сауд Арабиясының энергетика министрі Абдель Азиз бен Салман кей мемлекеттердің квотаны орындамай, мұнайды көп өндіруі Саудияны мұнай саясатын өзгертуге итермелеп жатқанын айтты. Ендігі таңда Сауд Арабиясы мұнайды көп өндіруге ниетті. Бұл мұнай бағасының күрт төмендеуіне әкелуі ықтимал. Тіпті барреліне 45-50 долларға дейін құлдырауы ғажап емес дейді кей мамандар.
Сарапшы Люк Купердің пікірінше, «Ресей үшін мұнай бағасының арзандауы нағыз экономикалық апат болмақ». Мұнай бағасының төмендеуі Путин билігі үшін соғыс жүргізуді қиындатады және бюджетті қайта қарауға мәжбүр етеді. Қазіргі таңда Ресей билігінің бюджеті мұнай бағасын барреліне 70 доллар ретінде есептеп, қарастырылған. Ал 2025 жылғы бюджет 67-69 доллар болады деп бағамдалған.
Сарапшылар Сауд Арабиясының Ресейді қыспаққа алу мысалы жеткілікті дейді. Соның бірі 2020 жылы Ресейдің ОПЕК+ келісімін орындамаған сәтте, Сауд Арабиясы мұнай өндіруді рекордтық деңгейге жеткізіп, мұнай бағасын түсірген болатын. Салдарынан Ресей бірнеше айдың ішінде өз шешімін өзгертіп, ОПЕК+ келісімін қайта орындайтынын айтты және мұнай өндірісін азайтты.
Мамандар Сауд Арабиясының мұнай бағасын ойнату арқылы, КСРО-ға экономикалық соққы жасағанын еске алып, Кремльдің Эр-Риядтан сескенер тұсы көп деп бағамдайды.
Mezgil.kz