"Астық соғысы": Ресей билігі Қазақстан өнімдерін алуға шектеу қоюда!

Ресейдің Россельхознадзоры Қазақстаннан бұрыш, қызанақ, қауын, астық, зығыр мен жасымық кіргізуге шектеу қоюда. Ресейлік тарап аталмыш шешімді «санитарлық қауіпсіздікпен» түсіндіруде. Мәскеу 2024 жылы аталған өнімдерден кемі 215 мәрте түрлі типтегі бактериялар анықталғанын айтып отыр. Оның ішінде паразиттер, бактериялар, жұқпалы ауру таратушы жәндіктер бар деседі. Ресейлік тарап 2023 жылмен салыстырғанда 2024 жылы тасымалданатын өнімдерден қауіпті бактериялар 4 есе көп табылғанын айтып, дабыл қағуда.  


(Сурет kursiv.media сайтынан алынды)

 

Россельхознадзор Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетін барлық заң бұзушылықтар бойынша хабардар еткенін айтты. Соның ішінде Еуразиялық экономикалық одақ заңнамасының талаптарын сақтау бойынша шаралар қабылдауды сұрадық дейді. «Қазақстан тарапы карантиндік өнімдерге қатысты жүргізілген зерттеу нәтижелерін ұсынбағанын» атап өтті.

 

Бұл мәселе бойынша Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров Россельхознадзорды сотқа тартуға шақырды.

 

«Биыл жиналған 25,2 млн тонна астық уақытылы сатылмай, сапасы нашарлап, пайдасын көрмей қалуымыз мүмкін. Россельхознадзор осы әрекеті арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың еркін сауда айналымы туралы талабын бұзған. Сондықтан шешімінің күшін жоймаса, бұл ісі осы одақтың сотында қаралуы тиіс. Нақты іс-шаралар қолданылу керек,» – дейді депутат. Ол ресейлік тауардың Қазақстан аумағы арқылы транзиттеу тарифын қайта қарауға шақырды.

 

Жалпы ресейлік тараптың Қазақстанның бірқатар ауыл шаруашылық өнімдерін алуды тоқтату процесі 17-қазанда басталды. Кей сарапшылар Ресей билігі Қазақстанды қасақана қыспаққа алуда деген пікірде. Қазақстан 1-тамызда ресейлік астықты кіргізуге шектеулер енгізді және шектеулерді жыл соңына дейін созған болатын.

 

Ал кей сарапшылар Ресейдің бұл шешімін Қазақстанның БРИКС-ке қосылмауға қатысты позициясымен түсіндіруде. Өткен аптада Қазақстан БРИКС ұйымын маңызды санайтынын, алайда оған қосылу жоспары жоқ екенін мәлімдеді. Ал қазан айының 22-24 күндері, Ресейдің Қазан қаласында БРИКС-тың саммиті өтпек.

 

2-қазанда Ресей өз аумағы арқылы Қазақстанның астық транзитіне шектеуді арттырды және импорт жолдарын жабуда. Ал Қазақстан ресейлік астықты ел аумағына заңсыз кіргізушілерді қатаң бақылауға алуда. Ресейдің саясаттанушылары екі ел арасында «астық соғысы» болуда деп жағдайды сипаттауда.

 

Ресейлік сарапшылар Қазақстанның Ресейге салынған санкцияны айналып өту жолдарын тарылтып жатқанын айтып, дабыл қағуда. Қазақстан Ресей аумағына кіргізуге тыйым салынған 100-ден астам тауар түрін электронды бақылауды күшейткен және қазақстандық банктер ресейлік компанияларға есепшот ашуға тыйым салып, қызмет көрсетуден бас тарту саны артқан.


Қазақстандық мамандар Қазақстанның ресейлік астықты кіргізуге шектеу қоюын дұрыс деп бағамдайды. Бұл егіншілерді қолдау және сапасы жоғары қазақстандық астықтың имиджін сақтау дейді олар. Осыған дейін Қазақстан аумағына ресейлік астықты заңсыз кіргізіп, оны қазақстандық астықпен араластырып, сапасын түсірген жайттар тіркелген болатын. 


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар