АҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп президенттік мерзімінде Путинмен сөйлескені туралы айтты. Ол Ресей басшысына Украинаны жайына қалдыруды талап етіп, сес көрсеткен.
«Мен оған былай дедім. Владимир, егер сен Украинаны қыспаққа алып, қудалауды жалғастырсаң, онда мен сені өзің сенбестей соққымен ұратын боламын. Мен қарғыс атқыр Мәскеудің қақ ортасына соққы жасаймын. Біз екеуміз доспыз. Мен бұны істегім келмейді. Алайда менің басқа таңдауым жоқ дедім», - дейді Трамп The Wall Street Journal-ға берген сұхбатында.
Оның сөзінше Путин «мүмкін емес» немесе «ешқашан» деп жауап қатқан-мыс. Трамп Путинге «басыңдағы тәжіңді шешетін боламын» деп айтқанын да жарияға жайып салды.
Трамп бұл әңгіменің Путинмен қашан және қайда болғанын нақтыламады. Ол сұхбат барысында Путинмен қарым-қатынасы өте жақсы бағытта өрбігенін айтты. «Ресей басшысы менің тәуекелшіл, бірбеткей екенімді біледі» дейді ол.
The Washington Post бұған дейін Трамптың өзін қаржыландырушы демеушілермен кездесу барысында Украина соғысына қатысты пікір білдіргенін жазды. Онда Трамп «Мен 2022 жылы президент болсам Ресейді Украинаға басып кіргені үшін Мәскеуді бомбалап тастар едім» деп пікір білдірген-ді.
Трамп Украина мен Ресей соғысына қатысты сан түрлі пікір білдірді. Ол президент болса соғысты жылдам арада, қажет болса 24 сағат ішінде тоқтата алатынын қайталаумен келеді. Bloomberg-тің жазуынша, Трамп президенттік тізгінді қолына алса, Ресей мен Украина билігін келіссөз үстеліне отырғызуға ниетті. Ол бұл үшін Мәскеу мен Киевке қысым рычагтарын қолданатын болады.
Жыл басында The Washington Post Трамптың Украина мен Ресей соғысына қатысты жоспарын жазды. Трамптың жоспарынша Қырым мен Донбасс Ресейге берілуі тиіс, ал Запорож және Херсон аймақтарының тағдыры келіссөзде анықталуы қажет. Бұл жоспарды Киев пен Байден билігі және ЕО басшылары қатаң сынға алды.
Mezgil.kz