Демографияны көтеру Қазақстан билігінің басты саяси бағытының бірі саналады. Қазақстан өз тарихында бірнеше демографиялық дағдарысты бастан кешірді. КСРО кезеңінде екі ірі аштықты және соғысты көріп, ұлттың саны еселеп азайды. Өзге елдерге босып кеткен азаматтардың саны да миллиондап саналады. Ал КСРО ыдыраған сәтте, Қазақстан тоқсаныншы жылдың тоқырауынан өтті. Бұл кезеңде демографиялық өсім төмен болды, ал өзге ұлт өкілдері миллиондап өздерінің тарихи отандарына қоныс аударды.
Қазақстан билігі үшін демографияны көтеру маңызды екені осы кезде айқындалды. Қазақстан халқының саны 90-шы жылдары 14 млнға дейін азайды. Билік халықтың санын арттыруды басшылыққа алып, түрлі бағдарламалар қабылдай бастады. Солардың бірі қиын-қыстау заманда елімізден басқа елге бас сауғалап кеткен қандастарымызды қайтару болатын. Қазақстан қазіргі сәтке дейін 1 миллионнан астам қандасты елімізге шақырды.
Қазақстанның халық саны бүгінгі күні 20,2 миллион адамға жетті. Бұл жақсы көрсеткіш дей аламыз. Яғни халық саны 1991 жылмен салыстырғанда 30 пайыздан астам өсім көрсеткен. Биліктің демографияны қолдауы, ана мен балаға жағдай жасауы және халық санының өсуіне түрлі ынталандыру бағдарламаларын қабылдауы (үй беру, жердемақы және басқа) демографияға оң әсерін беруде.
Mezgil.kz