Қазақстанның һәм оның саяси басшылығының БРИКС-ке қатысты ұстанымы, жаһан саясатындағы орта мемлекеттердің орны туралы концепциялары әлем елдерін терең ойға қалдырды. Неге?
(Суреттер: Ақорда, gazeta.ru және ASTRA сайттарынан алынды)
Өйткені, өздерін «БҰҰ баламасы» ретінде таныстыратын кез келген блоктар шын мәнінде тек оны толықтыратын қосымша топтар ғана болып табылады. Бүгінгі таңда әлем үнемі күрделене түсуде және осы «броуновтық күрделілік» БҰҰ мүшесі болған әр мемлекеттен ғасыр ағынын басқарудың жаңа контурлары мен алгоритмдерін талап етеді.
БРИКС БҰҰ-ҒА БАЛАМА БОЛА АЛМАЙДЫ!
Сондықтан, бүгінгі БҰҰ әлемдік саясатта үлкен жауапкершілікті өз мойнына ала білуі үшін «перезагрузкадан» өтуі тиіс. Осы жолда күрделі келісім жасау да, жаһандық болашақ жолындағы жеке амбицияларды құрбандыққа шалу да жаңа дәуір ұсынған өмір шындығы. Сол үшін де БРИКС БҰҰ-ға балама бола алмайды! Ол тек қосымша. Және ондай қосымшалардың саны аз емес!
Енді Путин басқаруындағы режим мен Бейжің көкке көтеріп, «жаңа әлемдік тәртіп» деп жүрген БРИКС деген не, оған жұрт қалай қарайды деген сауалдарға ықшамды жауап бере кетейік:
БРИКС – мемлекетаралық бейресми бірлестік. Оған Ресей, Бразилия, Үндістан, Қытай және ОАР кіреді. Бұл бірлестік 2001 жылы құрылды және бастапқыда БРИК деп аталды. ОАР қосылғаннан кейін, 2011 жылы БРИКС болып өзгерді. Ағымдағы жылы оған Мысыр, Иран, БАӘ, Сауд Арабиясы және Эфиопия кірді. Ал Әзербайжан мен Түркия БРИКС-ке қосылуға өтінім берді.
Кешелі-бүгін Ресей құрамындағы Татарстанда, Қазан қаласында дәл осы БРИКС-тің кезекті басқосуы өтіп жатыр. Оған 30-дан аса мемлекеттің басшылары барған. БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те сол жиынға қатысуда. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазанға кеше ұшып барды.
ҚАЗАҚСТАН БРИКС-ТЕН НЕГЕ БАС ТАРТТЫ?
Әзербайжан мен Түркия құрақ ұшып отырғанда, түрлі ресейлік «одақтармен» аяқ-қолы шырмалған Қазақстанның одан бас тартуы Путин режиін айран асыр етіп, экономикалық қысымдар жасауға көшті.
Бұған дейін Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли ел билігіне БРИКС-қа шақыру келіп түскенін, алайда Астана бірлестікке кіруге өтінім беруден бас тартатынын, себебі БҰҰ-ға «барлық өзекті халықаралық мәселелерді талқылауға болатын және қажет әмбебап және баламасыз ұйым ретінде» басымдық беретінін айтқан еді.
Бұған Кремль төңірегіндегілер ылдым-жылдым реакция білдіріп: «Ресей Қазақстанның ұстанымын құрметтейді. БРИКС - БҰҰ-ның әмбебап сипатына қайшы келмейді», - деп жауаптаған.
Ресей Думасының спикері Володин бұл жауапты толықтырып: «Біз Қазақстан Президентінің БРИКС+ форматында қатысу үшін, Қазанға келуін асыға күтеміз. Қалай болғанда да Қазақстан Президентінің қатысуы өңірлік, халықаралық ынтымақтастықты дамытуға зор үлес қосады», - деп сөйлеген.
Қазақстан саясаттанушылары: «БРИКС-тің шын мәнінде жұмыс істейтін институттары жоқ. Әңгімелері көп, бірақ нақты жұмысы көрінбейді. Мысалы, Шанхай ұйымын алып қараңыз, оның нақты антитеррорлық қызмет бойынша құралдары бар. Ал БРИКС-те не бар? Сондықтан, дәл қазір бұл бірлестіктің пайдасы жоқ», - дейді.
Шын мәнінде, солай. Қазақстан қазір БРИКС-ке мүше болмай-ақ, оған қатысушы барлық мемлекетпен қарым-қатынас жүргізе алады. Мысалы, Ресеймен ҰҚШҰ, ТМД, ЕАЭО секілді түрлі интеграциялық жобалар бар. Қытаймен де дәл солай, ШЫҰ, «Бір жол – бір белдеу» т.б. жобалар бар. Потенциалды мүше саналатын Түркиямен ТМО секілді интеграциялық бірлестіктер арқылы байланыс орнатылған. Сондықтан, дәл қазір Қазақстанның БРИКС-қа асық бола қоятын себебі де жоқ.
БРИКС-ТІҢ ОРТАҚ АҚШАСЫ БОЛА МА?
Кешелі-бүгін БРИКС елдері де-долларизация саясатын мықтап қолға алып, өзара сауда жүргізу үшін БРИКС-тің ортақ валютасын әзірлеуді ұсынды деген ақпарат желден жылдам тарауда.
Болжалды ортақ ақшаның түр-түсі де желілерге таралып үлгерген. Онда Қазақстанның туы да көрсетілген.
Осының алдында «The Economist» басылымы: «Путин жаңа қаржылық-төлем жүйесін енгізу туралы бастама көтеріп, БРИКС-қа салмақ қосуға тырысады. Бұл жаһандық қаржы саясатындағы доминат күшке ие АҚШ-қа ұрымтал соққы және Ресей мен одақтастарын санкциядан қорғау амалы болады», - деп жазған.
Ресей ұсынып отырған бұл қаржылық-операциялар жүйесі «BRICS Bridge» деп аталмақ және ол Орталық банкпен реттелмек. Ал Батыс сарпашылары: «Бұл Ресейдің санкцияны айналып өту үшін ойлап тапқан амалы», - дейді.
ҚАЗАҚСТАНҒА БАСҚА АҚША КЕРЕК ЕМЕС!
Әлеуметтік желіні шарлап жүрген «БРИКС ақшасында» Қазақстан туының да суреті бейнеленгені қазақ қоғамының алаңдаушылығын тудырғаны жасырын емес. Анығында, бұған адаңдайтын себеп жоқ-ты. Өйткені, Қазақстан төл валюта – теңгені басқа валютаға айырбастамайды! Қазақстан билігі өзін жарға итеретін мұндай қате шешім қабылдайтын – «камикадзе» емес болса керек. Жоғарыда, Қазақстанның БРИКС-қа жуық арада қосылмайтынын айттық. Ендеше, оның «ауадағы ақшасын» да айналымға енгізудің қажеті жоқ.
Қазақстан - жаһандық саясаттың көп тәжірибелі ойыншысы. Ал БРИКС құрылымы жағынан әзірге аморфты, бірақ декларациялар бойынша пафосты бірлестік. Қазақстан сырқы саясатта мемлекеттік, ұлттық мүддені ескермей әрекет етпейді! Ол «орта держава» мәртебесі арқылы «Жаңа әлемдік тәртіп» құрылымдаудың үлкен орбитасына шығуды көдейді. Дәл қазір БРИКС бұл талаптың үдесінен шығатын қауқарға ие емес! Ал алыс немесе жақын болашақта қалай болатыны белгісіз.
Mezgil.kz