Түркияның камикадзе-дрондары Қазақстанда шығарыла ма?

Соңғы жылдары Қазақстан Қорғаныс саласындағы әріптестікті жан-жақты дамыту үшін Түркиямен бірнеше келіссөздер өткізді. Екі елдің құзырлы министрлік өкілдері арасында қатынастар жиіледі.

1729762554601090.jpg

(Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігі телеграм арнасынан және Google іздеу жүйесінен алынды)

Қазақстанның Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықов Түркияда өткен «SAHA EXPO-2024» халықаралық көрмесіне барып қатысты. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібінің көрмесі Түркияның Ыстамбұлында өткен.

Аталған сапар аясында Түркияның тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер (ҰҰА) мен барраждаушы оқ-дәрілер (дрон-камикадзе) өндірісін Қазақстанда орналастыру туралы келіссөздер өткен. Қарапайым тілмен жеткізсек, Түркияның ұшқышсыз басқарылатын ұшу құралдарын, соның ішінде камикадзе-дрондар өндірісін Қазақстанда ашу жайлы келіссөз болған.

ҚР Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов «Baykar Defence» компаниясының бас директоры Халук Байрактармен кездесіп, екіжақты келіссөз өткізген.  

«Тараптар еліміздің аумағында жедел деңгейдегі тактикалық ұшқышсыз авиациялық жүйелер мен барраждаушы оқ-дәрілер өндірісін шоғырлау мәселесі бойынша жол картасын әзірлеу туралы келісімге келді», - деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.

Осы жолы министр Жақсылықов Түркияның Қорғаныс министрі Яшар Гюлермен және Қорғаныс өнеркәсібі агенттігінің төрағасы Халук Гергюнмен де жолыққан. Сонымен бірге, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қорғаныс министрі Мұхаммед бен Мубарак Фадель Әл-Мазруимен де екіжақты кездесу өткен.

Биыл тамызда отандық БАҚ Қазақстан өз армиясына қандай техникаларды сатып алатыны туралы егжей-тегжейлі сөз еткен. 2024 жылдың шілдесінде Қазақстан 2 трлн теңгеге түрік броньды техникасын сатып алуға ниет қылғанын қазақ елі жақсы біледі.

Қазір жаһан жұрты жаппай қарулануда. Қорғаныс бюджетін еселеп арттыруда. Оған себеп те жоқ емес. Ірілі-ұсақты мемлекетаралық қақтығыстар көбейіп келеді. Солардың ішінде Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы алты құрлықты алаңдатты. Дереу қарулану керектігін, мемлекеттердің қорғанысын күшейту керектігін түсіндірді. Жаһан жұрты қым-қуыт қаруланып жатқанда, Қазақстанның да әскери басшылығы елдің қорғанысын техникалық күшейту қарқынын еселеуі керек-ақ! 

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар