Оңтүстік Кореяның Ұлттық барлау қызметінің (NIS) ақпаратыншы Ресей жерінде қазіргі сәтте КХДР-ден келген арнайы жасақтың 3 мың сарбазы бар. Олар Ресейдің Қиыр Шығысындағы әскери полигондарда жаттығудан өтуде. Арнайы құжат алып, құжаттарындағы ұлттарын өзгертіп жазуда және ресейлік әскери форма табысталуда. Ресей тарапында Йемен, Куба, Непал, Сирия, Шри-Ланка, Үндістан және Орталық Азия азаматтарының соғысып жүргені белгілі. Алайда Солтүстік Корея әскері Ресей үшін соғысатын өзге елдің алғашқы тұрақты әскері болуы мүмкін.
Украина барлау қызметі Солтүстік Корея әскерінің Курск облысына жақын күндері келе бастайтынын болжауда. Financial Times басылымының жазуынша КХДР Ресейге «Шабуылдаушы корпус» деп аталатын арнайы бөлімшесін аттандырған. Бұл ақпаратты NIS тарапы да растауда.
Сеулдегі Ұлттық қауіпсіздік стратегиясы институтының ғылыми қызметкері Го Мён Хён FT-ке берге пікірінде былай дейді: «Бұл Солтүстік Кореяның әскери дайындығы аз қарапайым сарбаздары емес. Бұл жақсы дайындықтан өткен, жақсы қаруланған кәсіби сарбаздар», - дейді.
FT басылымы Ресейдің ай сайын орта есеппен 30-38 мың сарбазынан айырылып жатқанын жазды. Алайда Ресей билігі мобилизация өткізуге құлықты емес дейді сарапшылар. Бұл Путин билігіне деген наразы көңіл-күйдің артуымен тікелей байланысты болып отыр.
The Wall Street Journal жазуынша Солтүстік Кореяның сарбаздары ұрыс даласындағы жағдайды толыққанды өзгертуге жетпейді. Бетбұрыс жасау үшін кемі 50 мың сарбаз қажет дейді сарапшылар. Әзірге барлау қызметтері КХДР-дің Ресейге 11-12 мың сарбаз жіберетінін айтуда.
Mezgil.kz