«Ұлық күн – Ұлттық мереке»: Республика күнімен Қазақстанды кімдер құттықтады?

Бүгін Қазақстан тарихындағы айрықшы ұлық мереке – Республика күні. Дәл осы күні, 1990 жылы 25 қазанда Жоғарғы Кеңестің қаулысымен Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды.

1729845677262491.jpg

(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Ақорда телеграм арнасы мен Википедиядан алынды)

Дәл осы құжат ел тәуелсіздігі жолындағы алғашқы қадам саналады. Дәл осы құжатта тұңғыш рет қазақ мемлекетінің тұтастығы мен оның аумақтарының бөлінбейтіндігі және мызғымастығы туралы, Қазақстан халықтарының тілін, мәдениетін дамыту, ұлттық бірегейлікті нығайту сияқты қағидаттары бекітілді. Саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді дербес шешу принципі жарияланды. Қазақ КСР-і өзінің ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал президент әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы болып танылды. Осы декларацияның арқасында Қазақстан кеңестік заңдарды тоқтатып, өз заңдарын жасауға кірісті.

1729845203985238.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЫ

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан президенті:

– Құрметті отандастар! Баршаңызды Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қазақстанның егеменді ел екенін әйгілейтін ұлық мейрам – сан ғасырлық тарихы бар мемлекеттілігіміздің қайта жаңғыруының символы.

Ұлттық мереке халқымызды мызғымас құндылықтар төңірегіне тоғыстырып, жалпыұлттық бірегейлігімізді нығайта түсуге ықпал етеді.

Біз берекелі бірлік пен ырысты ынтымақтың арқасында аса күрделі сын-қатерлерді еңсеріп, ауқымды өзгерістерді жүзеге асырып келеміз. Қоғамдағы заң мен тәртіп, азаматтардың еңбекқорлығы мен кәсіби біліктілігі қазіргі реформалардың берік тірегіне әрі қозғаушы күшіне айналды.

Біз болашаққа нық сеніммен қарап, Әділетті Қазақстанды құру жолында нақты қадамдар жасай береміз.

Еліміздің ертеңі қандай болатыны әрбір отандасымызға байланысты екені анық. Азаматтарымыз осы қастерлі жауапкершілікті терең түсініп, мемлекеттігімізді нығайтуға өз үлесін қосады деп сенемін. Сіздерге зор денсаулық, толайым табыс және бақ-береке тілеймін!

1729845247289752.jpg

(Сурет Ақорда телеграм арнасынан алынды)

БҮКІЛ ҚАЗАҚСТАНДА ТУ КӨТЕРІЛЕДІ!

Бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұлық мереке – Республика күніне арналған Мемлекеттік ту көтеру салтанатты рәсіміне қатысты. Іс-шара «Ақорда» резиденциясының алдында өтті. Құрмет қарауылының бастығы Президентке рапорт берді. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен Мемлекеттік ту көтеріліп, Әнұранымыз шырқалды. Бүгін Қазақстанның барлық өңірінде Мемлекеттік ту көтеру рәсімі өтеді.

1729845509871262.jpg

(Суреттер Википедиядан алынды)

РЕСПУБЛИКА КҮНІ: ҚАЗАҚСТАНДЫ КІМДЕР ҚҰТТЫҚТАДЫ?

Ұлық мереке – Республика күніне байланысты шет мемлекеттердің басшыларынан Ақордаға ақжарма құттықтаулар келіп жатыр. Солардың бірсыпырасын сөзге тиек ете кетейік:

АҚШ президенті Жо Байден: «Елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік тәуелсіздік, аумақтық тұтастық сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттарына негізделген. Аталған қағидаттарды берік ұстанған Қазақстанмен қауіпсіздік, экономика және экология мәселелерін шешу жолындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға мүдделіміз», – деді.

Қытай басшысы Ши Жипиң: «Бүгінде Қазақстанның өңірлік және халықаралық деңгейде ықпалы арта түсті. Бұл жетістіктерге тату көрші, жан-жақты стратегиялық серіктес ретінде Қытай халқы шын қуанышты. Екі ел арасындағы өзара тиімді серіктестікті одан әрі ілгерілету және ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеру үшін Сізбен күш-жігер біріктіруге дайынмын», – деп хат жолдады.

Ресей президенті Владимир Путин: «Бірлескен күш-жігеріміз арқылы халықтарымыздың игілігі және Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайту жолында екіжақты ынтымақтастықтың барлық бағытын одан әрі жандандыра түсетінімізге сенімдімін», – деп жазды.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған: «Бауырлас халықтар арасындағы қарым-қатынас ортақ тіліміз бен тарихымыздан және мәдениетімізден қуат ала отырып, одан әрі тереңдей түсетініне кәміл сенетмін. Қазақстанның түркі әлемінің бірлігіне ерекше мән беруін және Түркі мемлекеттері ұйымын нығайтудағы жетекші рөлін жоғары бағалаймыз», – деді.

Франция президенті Эмманюель Макрон: «Қазақстан мен Францияны көпжақты ынтымақтастық біріктіреді. Біз түрлі құрылымдар аясындағы байланысымызды бекітіп, серіктестігіміздің көкжиегін кеңейте түсеміз деп үміттенемін», – деп жазды.

Қазақстан халқын, оның саяси басшылығын Республика күнімен құттықтағандар қатарында: Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Королі III Чарльз, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд, Рим Папасы Франциск, Жапония Императоры Нарухито, Марокко Королі VI Мұхаммед, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Оман Сұлтаны Хайсам бен Тариқ, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Бельгия Королі Филипп, Швеция Королі Карл Густав, Испания Королі VI Фелипе, Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорн, Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер, Үндістан президенті Драупади Мурму, Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Италия президенті Серджо Маттарелла, Швейцария президенті Виола Амхерд, Чехия президенті Петр Павел, Словакия президенті Петер Пеллегрини, Португалия президенті Марселу Ребелу де Соза, Иран президенті Масуд Пезешкиан, БАӘ президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Мысыр президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Индонезия президенті Прабово Субианто, Палестина президенті Махмуд Аббас, Сингапур президенті Тарман Шанмугаратнам, Аустрия президенті Александр Ван дер Беллен, Финляндия президенті Александр Стубб, Хорватия президенті Зоран Миланович, Болгария президенті Румен Радев, Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан, Армения премьер-министрі Никол Пашинян, Армения президенті Ваагн Хачатурян, Литва президенті Гитанас Науседа, Латвия президенті Эдгарс Ринкевичс, Эстония президенті Алар Карис, Албания президенті Байрам Бегай, Израиль президенті Ицхак Герцог, Вьетнам президенті Кыонг Лыонг, Румыния президенті Клаус Вернер Йоханнис, Кипр президенті Никос Христодулидис, Оңтүстік Африка Республикасының президенті Матамела Сирил Рамафоса, Сербия президенті Александр Вучич, Ирак премьер-министрі Мұхаммед Шиа әл-Судани, БАӘ пице-президенті, премьер-министрі, Дубай әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, БАӘ пице-президенті, премьер-министрдің орынбасары, Президент Әкімшілігінің басшысы шейх Мансұр бен Заид Әл Нахаян, Канаданың генерал губернаторы Мэри Саймон, Еуропалық Кеңестің президенті Шарль Мишель, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин, Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, Татарстан Раисы Рустам Минниханов және басқалары бар.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар