Солтүстік Кореяның соғысқа араласуы: Батыс қалай жауап бермек?

Украина тарапы Ресейдің Курск облысына Солтүстік Кореяның сарбаздары келе бастағанын айтуда. Барлау қызметтері қазіргі сәтте Курск облысында КХДР-дің 3-6 мыңға жуық жауынгері бар дейді. Алдағы уақытта олардың саны артуы мүмкін. Әзірге Солтүстік Кореяның сарбаздары әскери дайындықтан өтіп, заманауи соғыстағы шабуыл жасау тактикасын үйреніп, Ресей әскерімен бірлесе ұрыс жүргізуге машықтануда.


Обострение на Корейском полуострове: версии происходящего. Новости Северной  Кореи. КНДР новости. Новости. Новости сегодня — EADaily

 

Солтүстік Корея әскерінің Ресей жеріне келгенін НАТО-ның Бас хатшысы Рютте де растады. Ол «НАТО-ның қолында нақты деректер бар және енді біз Солтүстік Корея әскері Ресей жеріне келді деп нақты айта аламыз, қазір олардың бір бөлігі Курск облысында» деді.

 

Қазіргі сәтте Батыс елдері Солтүстік Корея әскері соғысқа араласса, Украинаны қалай қолдайтынын және жауап форматы қандай болатынын талқылау үстінде. АҚШ-тың Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Сабрина Сингх «Украинаға берілген қаруды қолдануға қатысты барлық шектеуді алып тастауымыз мүмкін» дейді.

 

Сабрина Сингхтың пікірінше «Солтүстік Корея әскерінің ұрыс даласында пайда болуы эскалацияны білдіреді және Путиннің қандай да бір жолмен жеңіске жетуге жанталасының көрінісі болып табылады». Ол АҚШ-тың Украинаны қолдауды жалғастыратынын айтты. «Солтүстік Корея қанды қырғынға өз әскерін жіберген сәтте, мынаны ұмытпауы тиіс. Ресей бұл соғыста кемі 500 мың сарбазынан айырылды», - дейді Сингх.

 

АҚШ Конгрессінде Солтүстік Кореяның соғысқа араласуына қатысты түрлі ұсыныстар айтылуда. Өкілдер палатасының Барлау мәселесі бойынша комитет төрағасы Майк Тернердің ойынша «Солтүстік Кореяның соғысқа араласуы  - АҚШ үшін бұл майдандағы қызыл сызық болуға тиіс».

 

CBS арнасының айтуынша Солтүстік Корея әскерінің Ресейге келуі АҚШ билігін алаңдатып отыр. Жақын күндері Ресей билігі КХДР сарбаздарын Курск облысындағы ұрыстарға қатыстырып, Украинаның өзге аймақтарындағы майданда да қолдануы мүмкін.

 

АҚШ президенті Джо Байден Ресей жеріндегі Солтүстік Корея әскері жайлы қысқа пікір білдірді. «Бұл өте қауіпті, өте қауіпті» дейді Байден. Ол АҚШ-тың бұл шиеленіске қатысты қандай шешім қабылдайтынын айтпады.  

 

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен өзінің X желісінде Ресей жеріндегі Солтүстік Корея әскері жайлы жазба қалдырып, жазбасында соғыстың ауқымы кеңейіп бара жатқанын айтқан және ЕО тарапынан жауап болатынын меңзеген.


Сарапшылар Солтүстік Корея әскерінің соғысқа араласуына байланысты АҚШ пен Еуропа елдері Киевке берген қаруды қалағанынша қолдануға рұқсат етуі мүмкін деп болжайды. Сонымен бірқа әскери жаттықтырушыларды Украина жеріне жіберіп, бронды техниканы еселеп беруді іске асыруы мүмкін. Батыс елдері Украинаны қолдауға қатысты Сеулмен тікелей байланыс орнатып, Оңтүстік Кореядан Украинаға тікелей қару алуды да ойластыруда. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар