Қазақстанның интеграциялық қадамы: Бізге кім дос, кім дұшпан?

Енді екі ай дегенде 2024 жыл да тарих қойнауына еніп кете бермек. Олжас Бектенов тізгінін ұстаған Қазақстан Үкіметі 2024 жылдың қорытынысын шығара бастапты. Өтіп бара жатқан жылда атқарылған елішілік һәм еларалық маңызды оқиғаларға тоқталыпты.

1730370229493964.jpg

(Коллаж casian.info сайтынан алынды)

Бірінші: Биыл маусымда Астанада ШЫҰ саммиті өткені белгілі. Астанаға Қытай, Ресей, Түркия, Катар мен ОА, БҰҰ басшылығы ұшып келді. Жарты әлемнің басшылары жаһандық тәртіпті талқылаған бұл басқосуда – «Астана декларациясына» қол қойылды.

ШЫҰ – «Көпжақты диалогты нығайту – тұрақтылық пен дамуға ұмтылу» деген тақырыппен өтті. ШЫҰ бүгінгі таңда Еуразиядағы ең ықпалды ұйым болып отыр. ШЫҰ-дағы 9 мемлекетте жер халқының 45 пайызы өмір сүруде. Әлемдік ЖІӨ-нің 4/1-і әлемдік сауданың 15 пайызы осы ұйым мүшелеріне тиесілі.

Екінші: VI Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын өткіздік. Бұл шараны да Қазақстанның интеграциялық шарасы деген жөн. Өйткені, ДКО мемлекеттер арасындағы мәдени алмасу миссиясын арқалаған ауқымды шара болды.

Оған 89 мемлекеттен 2500-ге жуық өкіл келді. Ұлттық спорт түрлері мен халықтардың дәстүр-ғұрпы насихатталды. 

Үшінші: Президент Тоқаевтың Әзербайжанға жасаған сапары. Бұл стратегиялық маңызды сапарлардың бірі болды. Өйткені, дәл осы сапар барысында Транскаспий дәлізінің (Орта дәліз) потенциалын арттыру жайы талқы болды.

Қазақстан Транскаспий дәлізін – Ресейге тиесілі логистикалық маршуртқа балама ретінде таңдаған. Қазақстан өзінің мұнай экспортына ең тиімді жол деп таңдаған «Орта дәліздің» ауқымын кеңейтуге мүдделі.

Төртінші: Қазақстанға Қытай төрағасы Ши Жипиң келді. Қытай жаһандық алпауыттардың арасында Қазақстанға географиялық жақын орналасқан (шекаралас) державалардың бірі. Қазақстан көп векторлы саяси диалогтан айнымайтыны түсінікті. Біз әуелі Мемлекеттік мүддені ойласақ, онда Қытаймен екі арадағы алыс-беріс, барыс-келістерді дамыту, Қытайдың «Бір жол – бір белдеу» дейтін халықаралық жобасынан үлес алып қалу маңызды. Сол себепті де, Қытай төрағасының бұл сапарында талқыланған тақырыптар папкасы экономикалық, қаржылық секторды қамтыды.

Бесінші: «География – бұл тағдыр» деген қанатты сөз барын еске алсақ, Қазақстанның тағдырына солтүстіктегі Ресей жазылғаны және факт. Құрлықтағы ең ұзын шекарамыз бен бірнеше саяси-экономикалық одақтар шеңберінде Ресеймен де қарым-қатынасты тең ұстау – мемлекеттік мүдде.

Қазақстан БРИКС-қа қосылудан бас тартқанымен, оған мүше мемлекеттермен екіжақты әріптестікті дамытуға мүдделі екенін айтты. Ал Мәскеудегі ТМД басшыларының жиынында «ТМД+» форматын ұсынды.

Алтыншы: Қазақстан президенті Қазақстан мен ОА өңірлерінің жаһандық интеграциялық потенциалын айқындап, «Орталық Азия ренессансы» атты мақала жазды. Онда: «Өңір елдері әлемде өздерінің лайықты орындарын иеленіп, өздеріні дәлелдей білді. Біздің халықтарымыздың бірлігі мен көрегенділігінің арқасында біз өз территориялық тұтастығымызды бекемдеп, Тәуелсіздігімізді, еркіндігімізді сақтап қалдық», - деді.

Жетінші: «Қазақстан – Орта держава» атты мақалада президент Тоқаев Қазақстанның жаһандық саясаттағы мызғымас орны айқындалғанын атап өтті. Қазақстан жаһандық саясатқа «Орта державалар» деген түсінікті енгізіп, Орталық Азияның драйвері саналатын Қазақстанның «Орта держава» екенін қадап айтты.

Сегізінші: Өтіп бара жатқан жылда «Орталық Азия 5+1» форматында бірнеше кездесулер өтті. Соның ішінде: «ОА5+Германия» және «ОА5+Жапония» саммиттерін ерекше атап өтуге болады.

Рас, дәл қазіргі кезең жаһандық саясаттағы аласапыран, алағай да бұлағай кезеңдердің бірі. Ірілі-ұсақты қақтығыстар мен соғыстар қыз-қыз қайнап жатқан, санкциялар бұрқасындай борап, әлемдік экономика қос бүйірден қысылған кезең. Десе де, Қазақстан өз экономикасын қорғау үшін барын салуда. Халықаралық валюта қоры кеше ғана: «Қазақстан Ресей-Украина соғысының қатерлерінен өз экономикасын қорғап қалды», - деп мәлімдеуі соның дәлелі болса керек.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар