Ресей билігі соғысты аяқтауға қатысты «Германия сценарийін» қабылдаудан бас тартты. Мәскеу «бұл ұсыныс соғысты аяқтамайды, керісінше ушықтырады» деп санайды. Бұл туралы Ресей СІМ-інің арнайы өкілі Родион Мирошник мәлімдеді.
«Украинаның кез келген бөлігінің НАТО-ға кіруін қабылдай алмаймыз, бұл жағдайды шиеленістіреді деген сөз. НАТО-ның Шығыс Еуропаға жылжуы қазіргі таңдағы Украина жеріндегі қақтығыстың бір себебі болып отыр. Сол себепті де альянстың шығысқа жылжуын қақтығысты реттеу тетігі ретінде қарастыру ақымақтық», - дейді Мирошник.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Германияның бір бөлігі НАТО-ға кірді. Ал КСРО бақылауындағы бөлігі Варшава шартты ұйымына мүшелікке өтті. Кей сарапшылар Украина жерінде де аталған сценарийді іске асыруға болады деп санайды.
Шілде айында Украина президенті Владимир Зеленский тек қана Украина халқы НАТО-ға кіру-кірмеуді анықтай алатынын айтқан болатын. «Егер бізге соғысты аяқтауға қатысты қандай да бір сценарий ұсынылса, мейлі ол «Германия сценарийі» немесе «Корея моделі» дегендей, онда біз оны ұсыныс ретінде қабылдаймыз. Артынша ол ұсынысты қарап, талқылаймыз. Бұл менің ғана шешімім болмауға тиіс, бұл тұтас Украина халқының, қоғамының ойы болуға тиіс», - деген еді.
Financial Times басылымының жазуынша Украинаның Батыстық серіктестері «Германия сценарийін» іске асыру үшін Киевпен келіссөз өткізуде. Аталмыш идеяны алғаш рет НАТО-ның бұрынғы Бас хатшысы Йенс Столтенберг айтқан болатын. Ол Украина өзінің оккупациядағы аумағын НАТО-ға мүшелікке айырбастай алатынын меңзеді.
«Егер ниет бар болса, онда кез келген тығырықтан шығу жолы да бар. НАТО-ның 5-ші жарғысы қолданылатын Украина аумағын анықтау керек және Киевті альянсқа қабылдауды қарастыру маңызды», - деген болатын Столтенберг.
Алайда бұл ұсынысты не Киев, не Мәскеу қабылдауға дайын емес. Себебі Киев өз аумағын тұтас қайтаруды қалайды, ал Ресей «Украина ешқашан НАТО-ға мүше болмауы тиіс» деген позицияда. Маусым айында Ресей президенті алғаш рет бейбіт келісімдерді жасасудың шарттарын атады. Ресей басшысы «Украина билігі Донецк, Луганск, Запорож, Херсон аумақтарынан барлық әскерін шығаруы тиіс және НАТО-ға кірмеуі қажет» деп нақтылады. Зеленский бұл ұсынысты негізсіз деп атады және қабылдамайтынын мәлімдеді.
Mezgil.kz