Бүгінгі күннің басты жаңалықтарының бірі – Талғардағы атышулы «Хутор» бандасының лидері деп айтылатын Хасан Қасымбаевтың ұсталуы болды. Бұл ақпаратты Алматы облысының полиция департаменті хабарлап айтты.
(Коллаж: inbusiness.kz)
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, 2 қараша күні Х.Қасымбаев 2021 жылы маусымда А. атты азаматты ұрлталғарап, денсаулығына қасақана ауыр зиян келтірді деген күдікпен ұсталды және уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Қазіргі уақытта қылмыстардың барлық жағдайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуді қамтамасыз ету үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Іс материалдары бұлтартпау шарасын санкциялау үшін сотқа жіберілді. Тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», - деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
«Хутор» ұйымдасқын қылмыстық тобы мен Хасан Қасымбаевтың аты Талғардағы қанды оқиға – Шерзат Болаттың қазасынан кейін атала бастады. 4 қазанға қараған түні Талғарда «Қамажай» дүкенінің жанында 16 жасар Шерзат Болат аяусыз, кісі қолынан қаза тапты. Қайғылы оқиғадан көп ұзамай тұрғындар митингіге шығып, ашық сотты және барлық кінәлілерді жазалауды талап етті. Ал 12 қазанға қараған түні Еңбекшіқазақ ауданының Азат ауылында қаза тапқан баланың (Шерзат Болаттың) отбасының үйі жанып кетті.
Қанды оқиғадан кейін күдіктілер «Хутор» криминалдық тобының мүшелері деген әңгіме пайда болды. Алайда Алматы облысының полиция департаменті бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Тіпті, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Бауыржан Әленов баспасөз жиынында сөз сөйлеп: «Хутор» деген ҰҚТ ҚР ІІМ есебінде жоқ», - деп мәлімдеді.
16 жасар Шерзат Болат өлтірілгеннен кейін қоғамда ел: «90-шы жылдары қайтып орала бастады», - деп шулады. Талғар тұрғындары қылмысты ағайынды Хасан, Аслан және Ержан басқаратын «Хутор» бандасының қызметімен байланыстырады. Әзірге тергеу жалғасуда...
Осыдан соң бірқатар БАҚ өкілдері мен бірлі-жарым блогерлер Хасан Қасымбаевпен жолығып: «Көп жұрт Атаба, Баха Фестиваль, Сары Алмас және Дикий Арман сияқты белгілі криминалдық топ жетекшілері туралы естіген. Соңғы кездері Талғар ауданын бақылайтын «Хутор» деген қылмыстық топтың бар екені туралы әңгімелер айтылып жатыр. Сізді сол топтың көшбасшысы деп атайды. Рас па?» - деген сауал қойған.
Қасымбаевтың өзі бұған қатысты: «Бұл - жала жабу. Әлеуметтік желі қолданушылары сондай ҰҚТ бар деп атап кетті. Атауын қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылының бұрынғы атауы «Хутормен» байланыстырған. Мен ол ауылдан 2015 жылы кетіп қалдым және неге мені ҰҚТ көшбасшысы деп атайтынын түсінбеймін. Мен ешқашан заңды бұзған емеспін», - деген болатын.
Өзін «кәсіпкермін» деп таныстырған Хасан Қасымбаев: «Бетон конструкцияларын шығаратын зауытты иеленемін және цемент сатумен айналысамын», - деген.
Ал, БАҚ оның екі інісі жайлы төмендегідей ақпарат таратты:
* Аслан Қасымбаев, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы болған. Шерзат ісінен соң ол қызметінен алынған.
* Кіші інісі Ержан - 2017 жылы кеденші Медет Жамашевты тапсырыспен өлтіргені үшін 14 жылға сотталған.
Mezgil.kz