Әлемге белгілі және салмақты сараптамаларымен танымал Die Zeit басылымы Мәскеу мен Киевтің арасында бейресми, жасырын келіссөздердің жүріп жатқанын жазды. Келіссөздер саяси кеңесшілер деңгейінде өтіп, тараптардың бір-бірінің шарттарын қарастырудан тұрады дейді.
Қазіргі сәтте қос тарап өзара энергетикалық нысандарға соққы жасаудан бас тарту, тұтқын алмасуды жеделдету, астық келісімін қайта жандандыру, Украина жерінен ұрланған балаларды қайтару және Қырымның болашақ тағдырын талқылап жатыр. Кездесулер осы уақытқа дейін Киев, Давос, Копенгаген, Жидда және басқа қалаларда өткен. Келіссөздерде «Үлкен жетілік» елдері, Қытай және Ресей мен Украина өкілдері қатысқан.
Басылымның жазуынша Киев пен Мәскеу арасындағы бейбіт келісім жасасу мүмкіндігі артты және қазір тараптар келіссөздің ресми форматын іске асыруды ойластыруда.
Өткен аптада тағы бір белгілі басылым Financial Times Украина мен Ресей Катардың арағайындылық жасауы бойынша келіссөз бастағанын жазған еді. Ол бойынша тараптар энергетикалық нысандарға соққы жасамауды талқылап жатыр-мыс. «Киев пен Мәскеу Украина әскерінің Курск облысына басып кіру алдындағы келіссөздерді қайта жандандырғысы келеді» дейді басылым. Сарапшылар соңғы апталарда Киев пен Мәскеу энергетикалық нысандарға соққы жасауды азайтқанын айтуда. Ресей ЖЭО орталықтарын атқылауды азайтса, Украина Ресейдің мұнай қоймалары мен МӨЗ-деріне соққы жасауды азайта түскен. Дей-тұра Ресей де, Украина да бұл ақпаратты жоққа шығарды.
FT басылымының жазуынша 2023 жылдың күзінде Ресей мен Украина бір-бірінің энергетикалық нысандарына соққы жасаспау туралы бейресми келісім жасасқан. Ресей президентінің Баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұл ақпаратты «жалған» деп мәлімдеді.
La Repubblica газеті жақында ғана Германия канцлері Олаф Шольцтің соғысты тоқтатуға қатысты келісім нұсқасын дайындап жатқанын жазды. Ол «Минск келісімдеріне» ұқсас болуы мүмкін. Сарапшылар Германия канцлерінің ұсынысында Украина жерінің бірқатар бөлігін Ресейге беру жағы жазылатынын айтуда. Украина өзінің аумағын Ресейге беруге келіспейтінін айтса, ал Ресей Украина жерінің 4 облысы мен Қырымды Ресейдің тарихи жері деп мәлімдеуде.
Әлемнің сақа саясаттанушылары екі елдің арасындағы келісім АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижесіне тікелей байланысты деген пікірді айтуда. Ал АҚШ-та сайлау ертең өтеді.
Mezgil.kz