Еуропарламент төрағасы Роберта Метсола ЕО-ның ортақ әскери одағы болуы тиіс деп санайды. Бұл НАТО-ны толықтыратын, алайда одан дербес әрекет ететін ұйым болуы тиіс деген ойда.
(Сурет euronews.com сайтынан)
«Еуропалық Одақ үнемі қуатты, күшті және қауіп-қатерге жылдам әрекет ете алатын күйде болуы тиіс. Менің бұл сөздерім, ЕО-да ортақ қорғаныс және қауіпсіздік одағын құруға қатысты да айтылып отыр. Ол одақ құрылуы қажет. НАТО-ны толықтырып отыратын одақтың бірі болуы тиіс және ЕО-ның қауіпсіздігін күшейте түсуі міндетті», - дейді ол. Бұл туралы Метсола El Mundo басылымына берген сұхбатта айтқан.
Оның ойынша, Еуропа қазіргі сәтте өте шиеленісті жағдайда күн кешуде. Бұл Ресей әскерінің Украинаға басып кіруімен тікелей байланысты. Метсола Еуропа елдерінің қорғаныс саласында өзіне сеніп, АҚШ-тағы президенттік сайлаудың нәтижесіне назар аудармай, қуатты болуға бағыт алуы тиістігін айтты.
«Қаңтарда АҚШ-та жаңа президент болады, жаңа әкімшілік болады. Сонымен бірге жаңа Сенат пен жаңа Конгресс болмақ. Олар біздің әріптестеріміз және Украинаға көмек көрсетуде өзара жұмыс істестік. Мен осы жұмысты ары қарай жалғастыра аламыз деп үміттенемін», - дейді ол.
Шілде айының орта шегінде Еуропалық комиссияның басшысы Урсула фон дер Ляйен екінші мезгілге сайланды. Ол өзінің басты бағыты ретінде Еуропаның қауіпсіздігін қамтамасыз етуді таңдап алды.
«Алдағы бес жылымызды біз Еуропаның қорғанысын күшейтуге арнаймыз» деген еді Урсула фон дер Ляйен. Осылайша ол ЕО-дағы елдерді әскери доктринасын жетілдіріп, қорғаныс саласына көбірек қаржы бөліп, әскер санын арттыруға шақырды. Ол ЕО елдері 2019-2021 жылдары қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны бар болғаны 20 пайызға арттырғанын, ал Қытай сол кезеңде қорғаныс саласына бөлетін қаржысын 600 пайызға, Ресей 300 пайызға арттырғанын айтты.
Осы мақсатта ол Еуропалық қорғаныс қоры аясында қызмет ететін еурокомиссарды тағайындайтынын айтты. Бұл жаңа қызмет түрі болмақ. Ал ЕО ендігі таңда тек қана экономикалық немесе саяси шешім орталығы ғана емес, әскери орталыққа да айналуы мүмкін. Сарапшылар жақын жылдары ЕО-ның өзіндік қорғаныс блогы пайда болып, тұрақты әскері жасақталатынын болжауда.
Mezgil.kz