Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Францияға сапары барысында француз басылымы «Le Figaro-ға» «Қазақстан - Францияның стратегиялық және сенімді серіктес» атты тақырыппен мақала жариялады.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Ақорда, Le Figaro және baimedia.kz сайттарынан алынды)
Аталған мақалады не айтылды? Біз шолу ұсынамыз...
Президент Тоқаев өз мақаласында Қазақстанның ішкі саясатта берік демократиялық басқару жүйесін құрғанын атап өткен. Сондай-ақ, жасыл энергетика, сандық технологиялар мен логистика, соның ішінде француз компанияларымен тығыз қарым-қатынас жайы көтерілген.
АЛАҒАЙ ДА БҰЛАҒАЙ ӘЛЕМ: ГЕОСАЯСИ ТУРБОЛЕНТТІЛІК
Президент Тоқаев өз мақаласында жаһандық геосаяси турболенттілік жағдайын сөз етеді.
Бірінші:
«Қазіргі әлем «бұрын-соңды болмаған геосаяси турбуленттілік пен поляризация жағдайында қалып отыр. Барған сайын болжауға келмейтін жағдай орын алып келеді. Осы жағдайды екі үлкен планетарлық сын-қатер қиындатады: қарқынды өсіп келе жатқан жаһандық жылыну және ауқымды жаппай көші-қон. Бұл факторлар бір-бірін өзара күшейте отырып, бүкіл әлем бойынша миллиондаған адамдар зардап шегетін қиратушы салдарға әкеп соқтырады. Сонымен бiрге, осындай дағдарыстар жағдайында басқарудың қазiргi жүйелерi мен ден қоюдың халықаралық тетiктерi жеткiлiксiз тиiмдi болып отыр», - деп жазады президент Тоқаев.
Әрі қарай, жаһандық қақтығыстар мен соғыстар жағдайында БҰҰ-ның тығырыққа тап келгенін айтады. Алайды оны алмастыруға келмейтін халықаралық институт екенін нақтылайды.
БҰҰ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕЛДІ. АЛЫП ДЕРЖАВАЛАР ҚАҚТЫҒЫСЫ КҮШЕЙІП ЖАТЫР
Екінші:
«Әмбебап институттардың да тығырыққа түсіп бара жатқаны да алаңдатады. БҰҰ-ның мысалы осы дағдарысты айқын көрсетеді. Жаһандық ынтымақтастықтың нышаны ретінде қызмет ететін бұл алмастырылмайтын және баламасыз ұйым бүгінде елеулі қиындықтарға тап болып отыр. Едәуір экономикалық және саяси ықпалы бар дәстүрлі беделді державалар көбінесе халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелер бойынша пікір ортақтастығынан алшақтайды. Бұл келіспеушіліктердің салдарынан әсіресе жанжалдар ұзаққа созылған сипатқа ие болып, ал орын алған даулар, оның ішінде БҰҰ-ны шешу тетіктері салдуар болып отырған өңірлерде ерекше сезіледі. «Геосаяси координаталар жүйесі» айтарлықтай өзгерістерге ұшырады. Бұл көпжақты ынтымақтастықтың тәсілдерін қайта қарауды талап етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент француз басылымында жарияланған мақаласында әлемдік саясаттағы «орта державалар» рөлі туралы баяндап, Қазақстанды «орта держава» деп сипаттайды. Қазақстан көшбасшысы экономикалық және саяси беделі өсіп келе жатқан, ал олардың салмақты және сындарлы ұстанымы жаһандық белгісіздік жағдайында артықшылыққа айналатын орта державалар тобының өсіп келе жатқан рөлін мойындауды жаңа нақтылықтың негізгі аспектілерінің бірі деп атап көрсетті.
ҚАЗАҚСТАН ОРТА ДЕРЖАВА: АСТАНА БЕЙБІТ КЕЛІССӨЗДЕРГЕ АЛАҢ ҰСЫНАДЫ
Үшінші:
«Ірі державалар ымыраға келе алмаған жағдайда, нақ осы орта державалар диалог үшін мүмкіндіктерді қолдай отырып және жаһандық ынтымақтастық қағидаттарына адалдығын сақтай отырып, өздеріне делдал рөлін мойындарына жиі ала алады», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мақаласында Қазақстанның бітімгерлік миссиясы туралы сөз етіп, Астана алаңы – жаһандық дау-жанжалдарды шешу үшін салмақты алаң екенін айтады.
Төртінші:
«Астана Сирия мәселесі бойынша келіссөздер өткізіп, сондай-ақ Иран ядролық бағдарламасы бойынша көпжақты келіссөздер алаңын ұсынған болатын. Қазақстан сонымен қатар конфессияаралық диалогты ілгерілету үшін бірегей тұғырнама болып табылатын әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін тұрақты түрде өткізеді. Бұл күш-жігер Қазақстан мен Францияның ортақ ұстанымдары - ынтымақтың, теңдік пен бейбітсүйгіштіктің ортақ құндылықтарын көрсетеді», - деді Қазақстан Президенті.
Мақалада бұдан бөлек, Қазақстан ішкі саясатта берік демократиялық басқару жүйесін құрғаны және жасыл энергетика, сандық технологиялар және логистика сияқты салалары, оның ішінде француз компанияларымен тығыз өзара іс-қимыл жайы айтылады.
Бесінші:
«Қоршаған ортаны қорғау саласында біз жаһандық климаттық күн тәртібін берік ұстанамыз және планета мен болашақ ұрпақ алдындағы міндеттемелерімізді растай отырып, климат жөніндегі Париж келісімін қолдаймыз. Біз мәлімдеген 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсаты Қазақстанның тұрақты даму мақсаттарын дәйекті түрде іске асыруының тағы бір дәлелі болып табылады.
Экология және орнықты даму мәселелерінде Астана мен Париж «One Water Summit» бастамасын ілгерілетуде. Биылғы жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Франция су ресурстарын басқару бойынша ынтымақтастықты жандандыруға арналған форум ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл сала «Таза су және баршаға арналған санитария» деп тұжырымдалған БҰҰ-ның орнықты дамуының негізгі мақсаттарының біріне қол жеткізу үшін аса маңызды мәнге ие болады», - деп жазды.
ӨЗАРА ТИІМДІ ЭКОНОМИКАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР ЖАЙЫНДА
Қазақстанның тату көршілік қағидатын берік ұстануы – елдерге Қазақстан мен Каспий теңізі арқылы Азия мен Еуропаны байланыстыратын стратегиялық бағыт - «Орта дәліз» сияқты жобалар арқылы өңіраралық интеграцияны белсенді дамытуға мүмкіндік береді.
«Бұл ретте әңгіме сауда жолдарын кеңейту туралы ғана емес, өңірлер арасындағы өзара тиімді экономикалық байланыстарға ықпал ететін ынтымақтастық рухын нығайту туралы да болып отыр. Бұл қадамдардың барлығы да Еуропа мен Францияның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл біздің екіжақты қарым-қатынастарымыздың маңызды аспектілері болып табылады», - деді президент Тоқаев.
ҚАЗАҚСТАНҒА АЭС-ТІ ФРАНЦИЯ САЛА МА?
«Қазақстан әлемдегі ең ірі табиғи уран өндіруші бола отырып, француздық атом энергетикасының сенімді серіктесі болып қала береді», - деп атап өтті.
Президент Макронның өткен жылғы қарашадағы Астанаға сапары кезінде Қазақстан мен Франция сирек кездесетін металдар, жаңартылатын энергия көздері және азаматтық атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимылды дамытуға өзара қызығушылық танытты.
«Бұл стратегиялық әріптестікті кеңейту үшін жаңа перспективалар ашады. Болашақта өзара тиімді ынтымақтастықтың берік негізін тәуелсіз Қазақстандағы алғашқы атом электр станциясын салу туралы жуырда өткен жалпыұлттық референдумның оң қорытындылары қалайды.
Әрине, бұл жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға септігін тигізіп, әлемдегі қазіргі тұрақсыздық жағдайында өте маңызды қадам болып табылады. Сондықтан Қазақстан сияқты орта державалар көпжақты диалогты ілгерілету және жаһандық және өңірлік тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін өз мүмкіндіктерін пайдалануы қажет», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Белсенді, прагматикалық және теңгерімді сыртқы саяси бағытты дәйекті түрде жүзеге асырып келе жатқан Қазақстан барлық мемлекеттермен ынтымақтастықты нығайта отырып, бұл үдеріске бұдан әрі де белсенді түрде жәрдемдесуге ниетті.
«Біз халықаралық аренада сөзсіз беделге және бай дипломатиялық тәжірибеге ие Франциямен өзара іс-қимылға үміттенеміз. Біз бірге тұрақты және гүлденген әлем құруға, қауіпсіз қатар өмір сүруді, өзара тиімді ынтымақтастық пен жалпыға ортақ прогресті қамтамасыз етуге өз үлесімізді қоса аламыз. Француз Республикасы Президентінің шақыруымен мен қарым-қатынастарымыздың тарихында тұңғыш рет Парижге мемлекеттік сапарымды дәл осындай пайыммен жасаймын», - деп аяқталады мақала.
Mezgil.kz