"Новая газета" басылымы Ресей билігінің Украинамен соғыс бастаған кезеңнен бері млрдтаған қаржыны патриоттық іс-шараларға жұмсағанын анықтады. 2,5 жылдың ішінде жұмсалған қыруар қаражаттың басым бөлігі Ресейде қарқынды түрде дамып келе жатқан «Жасөспірімдер әскері» атты жобаға бағытталған.
(Сурет news2.ru сайтынан алынды)
2022 жылдың ақпанынан бастап Ресей билігі түрлі патриоттық шоулар мен акцияларға, жобаларға кемі 91 млрд рубль қаржы жұмсаған.
Соңғы екі жылдың ішінде балаларды және жасөспірімдерді әскери-патриоттық бағытта тәрбиелейтін ұйымдар тамаққа, түрлі сипаттағы байрақтар мен түрлі атрибутикаға кемі 700 млн рубль жұмсаған. Оның басым бөлігі «Жасөспірімдер әскері» жобасына арналған.
«Жасөспірімдер әскері» жобасы алғаш рет 2015 жылы, 29-қазанда іске асты. Идеяны сол сәттегі Қорғаныс министрі Сергей Шойгу ұсынған болатын. Жобаның мақсаты балалар мен жастарға әскери тәрбие беріп, патриоттық сезімді күшейту еді. Қазіргі таңда Ресейде 300 мыңнан астам жасөсіпірм аталмыш қозғалысқа мүше. Жоба аясында жасөспірімдер қару қолдануды үйреніп қана қоймай, Ресейдің тарихын, географиясын оқиды.
Журналистер бір ғана әскери-патриоттық орталықтың 600 мың рубльге балаларға арналған әскери форма, берет, атрибутика алғанын анықтады. Мысалы Калининград аймағында 2,2 млн рубльге 75 дана "Калашников" автоматының макетін жасатқан. Ал 2 млн рубльге оқу-жаттығуға арналған оқ пен граната сатып алған. Оккупациядағы Қырымда да бұл жобалар іске асуда. Атуды үйрететін құрылғыны сатып алу үшін Қырымда 2,7 млн рубль қаржы құртыпты. Ресей бойынша әскери-патриоттық шараларға қаржы жұмсауда көшбасшы болып Петербор қаласы танылды. Артынша Мәскеу облысы, Воронеж аймақтары тұр.
Ресей билігі соғыс басталған сәттен бері түрлі бағыттағы милитаристік шараларды арттырған. Мемлекеттік мекемелер кешкі уақытта және түскі үзілісте үлкендерге арналған әскери бағыттағы шараларды да ұйымдастырып келеді. Ондай шараларға кемі 1,3 млрд рубль жұмсалған.
Ресей билігі 2022 жылы әскери-патриоттық идеологияға 4,9 млрд рубль бөлген. Ал 2023 жылы ол көрсеткіш 39,7 млрдқа, 2024 жылы 46 млрд рубльге жетті.
Сарапшылар Ресей билігінің әскери бағыттағы тақырыптарды арттыра беретінін айтуда. Соның ішінде әскери тақырыптағы концерттер, кинолар және әндер саны артатын болады. Мәскеу Кеңес-Герман соғысы тақырыбын кең қозғап, оны сыртқы саясаттағы бір бағыты етпек.
Mezgil.kz