Франция президенті Макронмен маңызды келіссөздерді аяқтаған президент Тоқаев Бішкекке ұшып барды.
(Суреттер Ақорда және ОТГ телеграм арналарынан алынды)
Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары жиылып, ТМҰ-дың 11-ші саммитін өткізді.
Ақорда баспасөзі: «Мемлекет басшысын Манас әуежайынан Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғызстан Президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров қарсы алды», - деп жазды.
Ал АҚШ-тың «Diplomat» басылымы: «Түркі елдерін біріктіретін ұйым - аймақта ықпалды бірлестікке айналған. Ірі державалар бәсекеге түсіп жатқан шақта, бұл ұйым стратегиялық автономияға ұмтылып жатыр», - деп жазған еді.
Кейінгі жылдары «Түркі әлемі» деген сөз тіркесі жиі қолданылып жүрген құрылым 2009 жылы өзара мәдени байланыстарды дамыту мақсатын көздейтін «Түркі кеңесі» деген атаумен дүниеге келген. Кейін әскери және саяси ынтымақтастық мәселелерін де қамтыған.
2021 жылы ол – «Түркі мемлекеттері ұйымына» айналды. Ұйымға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия мүше. Ал Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипр бақылаушы мәртебесіне ие.
Кеше Қырғызстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымының 11-саммиті өтті. Оған ұйым мүшелері – Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Түркия елдерінің басшылары, сонымен бірге осы ұйымда бақылаушы мәртебесіне ие Түркіменстан, Венгрия және мойындалмаған Солтүстік Кипрдің ресми өкілдері қатысты.
Бішкектегі жиында көлік-логистика байланыстарын, соның ішінде Қытайдан Еуропаға Ресейді айналып өтетін бағытты нығайту – Түркі мемлекеттері ұйымының басымды міндерттерінің бірі ретінде аталды.
Түркі мемлекеттері ұйымы төрағалығын атқарған Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев құрылғанына 15 жыл толған ұйым мүшелері арасында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар беки түскенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұл – мерейлі белес. Осы сәтті пайдаланып, баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Түркі мемлекеттері ұйымы аз ғана уақыт ішінде беделді құрылымға айналды. Оның әлемдік мәртебесі артты. Бұл – ең алдымен, берекелі бірлігіміздің, ортақ күш-жігеріміздің арқасы. Осы басқосу ырысты ынтымағымызды одан әрі нығайта түседі деп сенемін», – деді.
Мемлекет басшысы еліміздің Түркі мемлекеттері ұйымындағы төрағалығы аясында атқарылған шараларға тоқтала келе:
«Қазақстан Ұйымның іс басындағы төрағасы ретінде «TURKTIME!» ұранын көтерді. Түбі бір түркі жұртын біріктіруге баса мән бердік. Жан-жақты ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аудардық. Осы уақыт аралығында нақты жетістіктерге қол жеткіздік. Бірқатар жобаны жүзеге асырдық. 80-нен астам іс-шара ұйымдастырылды. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Байрақты бәсеке Ұлы дала өркениетін жер-жаһанға танытты. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Былтыр Астанада Түркі мемлекеттері ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдерді тағайындау туралы шешім қабылдадық. Оның ережесі бекітілуге дайын», – деді.
Президентіміздің пікірінше, ұйым аясында сауда-экономика, энергетика, қаржы және инвестиция салаларындағы байланыстар да беки түскені кеңінен сөз болды.
«Түркі инвестициялық қоры өз қызметін тиімді жалғастырып келеді. Мұны түркі интеграциясын тереңдетуге бағытталған қадам деп бағалаймын. Бүгінгі саммитке қырғыз бауырларымыз "Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" тақырыбын ұсынып отыр. Бұл ұсыныс бәріміздің мүддемізге сай келеді. Соңғы 10 жылда ұйым мүшелері арасындағы экономикалық байланыстар нығая түсті. Биыл өзара сауда айналымы 45 миллиард доллардан асты. Осы көрсеткішті әлі де ұлғайтуға болады. Оған мүмкіндігіміз жетеді», – деді Мемлекет басшысы.
Бұған қоса Қазақстан басшысы «түркі әлеміне ортақ ақпарат кеңістігін қалыптастыру мақсатында кабельдік телеарналардың өзара хабар таратуын ұйымдастыру қажеттігін» айтқан.
Саммитте «Түркі елдерінің бірлігін күшейтуге қосқан елеулі үлесі үшін» Венгрия премьері Виктор Орбан «Түркі әлемінің ең жоғарғы орденімен» марапатталды. Ұйым төрағалығы биыл Қазақстаннан Қырғызстанға өтті.
Mezgil.kz