Батыстық БАҚ Трамптың президенттік мерзімі Иранмен күреске толы болатынын жазуда. 2025 жылдың 20-қаңтарында Трампты ұлықтау рәсімі өтіп, президенттік қызметі басталады. Артынша Трамп Конгрессте сөз сөйлеп, әкімшілік жүйесін қалыптастырады. Сарапшылардың болжамынша Трамп сыртқы саясаттағы белсенділігін 2025 жылдың наурыз айында бастауы мүмкін.
Тегеран Трамп әкімшілігімен әріптестік орнатудың қиын екенін жақсы түсінеді дейді АР. Иран апта бұрын мұнай өндірісін ұлғайтып, күндігіне 250 мың баррельге көтерді. Трамптың президенттік сайлауды жеңгені жайлы ақпараттан кейін, Иранның төл валютасы құлдырай бастады. 1 долларға шаққанда риалдың құны 703 мыңға жетті. Бұл апта бұрынғы көрсеткіштен 25%-ға жоғары деген сөз. Яғни, құнсыздануы бойынша Иран риалы тарихи антирекорд орнатты.
Сарапшылар Иран билігі Трамп ресми қызметіне кіріскенше барынша көп деңгейде мұнай сатуға тырысатынын айтуда. Ал Трамптың дәуірінде Иранға салынған санкциялар күшейіп, эмбарголар қатаңдауы мүмкін.
Трамп президенттік сайлау науқанында Байден әкімшілігін «Иранды күшейтіп жіберді» деп айыптаған болатын.
Маусым айында Трамп Байден туралы былай деді: «Байден билігі Иранға емін-еркін мұнай сатып, ядролық бағдарламасын жалғастыруға мүмкіндік беріп отыр. Мұнай сату арқылы Иран қаржы тауып, Таяу Шығыстағы түрлі топтарды қаржыландырып келеді. Иранның қолы Йемен, Ливан, Ирак және Сирияда ұзарды. Хезболлаға жыл сайын 700 млн доллар қаржы беруде, ал ХАМАС-қа 100 млн доллар аударуда. Осының бәріне Байден билігі көз жұма қарап отыр. Егер мен президент болсам, Израиль мен ХАМАС арасындағы соғыс та, Таяу Шығыстағы қазіргі қақтығыс та болмас еді. Өйткені мен Иранның тынысын тарылтар едім», - деді.
Трамп Иранға салынған санкцияларды күшейтуге және санкцияны айналып өтуге себепкер болған компаниялар мен елдерге жанама санкция салуға мүдделі. «Ол Израиль билігін барынша қолдап, Иранға қарсы әскери операцияда толық еркіндік ұсынады» дейді WSJ басылымы. Басылымның жазуынша Трампты Таяу Шығыста Израильден бөлек Сауд Арабиясы барынша қолдайтын болады. Аймақтағы бірқатар араб елдері Трамптың тұсында «Авраам келісімдеріне» қосылып, Израильмен қарым-қатынас орнатуға тырысуы мүмкін. Басылым қазіргі сәтте Тегеранның Ресей және Қытаймен келісім жасап, Трамптың қайта оралуына жанталаса дайындалып жатқанын жазды.
Politico басылымы Трамптың негізгі саясаты Қытайға қарсы бағытталатынын, ал Иран Қытайды арзан мұнаймен қамтамасыз етуші ел ретінде барынша қыспаққа ұшырайтынын айтуда. Трамп ЕО мен Иран арасында жасалуы ықтимал ядролық бағдарлама бойынша келісімді үзуге тырысып, Иранның сырттағы мұнай тасымалдайтын танкерлерін тәркілеуді белсенді түрде іске асырады дейді сарапшылар.
Mezgil.kz