Енді жетпегені осы еді. Ресей КСРО кезіндегі барлық оқулықтың Мәскеуде әуелі орыс тілінде шығатын, кейін басқа ұлт тілдеріне аударылатын дәуірді армандай бастапты.
(Сурет mid.ru сайтынан алынды)
Ол арман «Асымызды ішіп, кигізімізді тілген» Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың аузынан шығып, қазақ қоғамын дүр сілкіндірді.
Қараңыз: «Ресей мен Қазақстан тарихи жадыға байланысты мәселелерді реттеу үшін тарихшылардың бірлескен тобын құру туралы келісті. Бұл туралы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуінен кейін мәлімдеді», - деп хабарлайды ресейлік «Ведомости».
Лавровтың айтуынша, Қазақстанда да, Ресейде де ауық-ауық ортақ тарихи өткен тақырыптар көтеріледі, бұл қоғамда шиеленіс тудырады. РФ СІМ басшысы тарихшылар тобын құру - осындай жанжалдарды шешу үшін «маңызды қадам» деп атап өткен. Лавров қол жеткізілген келісімді екі тарап үшін де «оң әрі пайдалы» деп атаған.
ЛАВРОВТЫҢ АУЗЫНА КІМ СӨЗ САЛЫП БЕРІП ОТЫР?
2014 жыл. Ресей президенті Владимир Путин бүкілресейлік «Селигер-2014» жастар форумы кезінде студенттердің Қазақстан жайлы сауалына жауап беріп, Оның қазақ мемлекеті тарихына қатысты жауабы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұған дейін айтқан пікірімен үндес шыққан еді.
ПУТИН НЕ ДЕП ЕДІ?
Қазақстанның бұрынғы президенті де, Ресейдің қазіргі президенті де тәуелсіз Қазақстанның қазіргі аумағында қазақ мемлекеттігі мен шекарасы «1992 жылға дейін болмаған» дегенді әлденеше рет айтқан еді.
НАЗАРБАЕВ НЕ ДЕП ЕДІ?
Бұрынғы президент Назарбаев 2005 жылы: «Қазақстанның, қазақтардың ешқашан шекарасы болмаған. Қазіргі кезектегі шекараларда мемлекеттіліктің белгісі ешқашан болмаған», - дегенін де жақсы білеміз.
Бұл пікірін Нұрсұлтан Назарбаев 2011 жылы да қайталаған: «Еш уақытта қазақ мемлекеті болған жоқ, себебі шекарасы болған жоқ. Тұңғыш рет қазақтың шекарасын шегелеп, БҰҰ-ға жеткіздік... Ешқашан қазақ өзі таңдап өз астанасын салған жоқ...», - деп мәлімдегені әлі зығырданымызды қайнатып, жадымызда сақталып тұр.
ЕНДІ ЛАВРОВ НЕ ДЕЙДІ?
Лавровтың «бірлескен тарих» туралы пікірі бұл бірінші емес. Енді «ортақ тарих» туралы Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавров бұған дейін не деді соған тоқталайық.
2021 жыл. Ресейдің бастамасымен ТМД аясында ғалымдар қауымдастығын құру туралы шешімге қол қойылды. «Жұмыстың басты бағыттарының бірі – «ортақ тарих мәселелерін талқылау болады»... Тарих бойынша бірыңғай оқулықтар әзірленеді деп ойламаймын, бірақ әдістемелік құралдар шоғырландырылған көзқарасты, көзқарастардың алуан түрлілігін көрсететін болады, бірақ осы мәселелердің барлығын конструктивті қарауды көздейтін болады», - деген еді Сергей Лавров.
2022 жыл. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров ТМД елдерін «ортақ тарихи» өткенді бағалау кезінде «шамадан тыс бағалаудан» бас тартуға шақырды
«Бұрынғы КСРО республикаларында шығарылып жатқан тарих оқулықтары туралы айтылды. Мен эстондардың, украиндардың, литвалықтардың, латвиялықтардың тарих оқулықтарында жазғандарына түсінік бермеймін. Бірақ ТМД елдеріне келер болсақ, біз соңғы жылдары ұлтшылдарға «ортақ тарихымыздың» күрделі сюжеттерін ашуға себеп берудің қажеті жоқ екеніне бірнеше рет назар аудардық», - деді Лавров.
«Жаңа тәуелсіз мемлекеттердің өзін-өзі бекітуге деген ұмтылысын түсіне отырып, шамадан тыс бағалаудан аулақ болу керек. Олар әдейі, бәлкім, ультра-радикалдар мен ұлтшылдардың қолына түседі», - деп қостқан Лавров.
РЕСЕЙ ҰСТАНЫМЫ: ӘЛЕМ РЕСЕЙ «МАҚҰЛДАҒАН» ТАРИХТЫ ҒАНА МОЙЫНДАУЫ КЕРЕК!
2024 жыл. Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мемлекеттік Думаның пленарлық отырысында ТМД елдері үшін «Ұлы Отан соғысының» тарихы бойынша бірыңғай оқулық жазу идеясын ілгерілету бойынша парламент пен СІМ-нің бірлескен комиссиясын құруды қолдады.
«ТМД аясында, ҰҚШҰ-да, ЕАЭО-да және ШЫҰ-да біздің жақындығымызды ескере отырып, бірлескен комиссия әлдеқайда конструктивті жұмыс істейтініне сенімдімін», - деген Сергей Лавров.
Лавров «Батыстың тарихты қайта жазуға талпынысы» туралы мәлімдеді. «Қазір Батыстағы серіктестеріміз тарихты қайта жазу бойынша белсенді және агрессивті қызмет жүргізуде. Олар ең алдымен Екінші дүниежүзілік соғыстың қорытындыларын өзгертуде», - деді Лавров Қиыр Шығыс федералдық университетінде сөйлеген сөзінде.
Лавровтың сөзінше, Ресей ешқашан өзін-өзі оқшаулауға және конфронтацияға ұмтылған емес... «Өз күштерімізге сүйену біздің сыртқы саясатымыздың басты бағыты болуы тиіс. Біз ешқашан өзін-өзі оқшаулауға, конфронтацияға ұмтылған жоқпыз, бірақ сенімсіз серіктестерге сүйенуге қазір өзіміздің басынан кешкен жаңа тарихымыз мүмкіндік бермейді», - деді Лавров «Единая Россия» партиясының мүшелерімен кездесуінде.
Ал «Ескіру мерзімінсіз» форумында сөйлеген сөзінде: «Украина мен Балтық жағалауындағы мемлекеттерде тарихи жады жойылған», - деп айтты.
«Еуропаның бірқатар елдерінде, ең алдымен Украина мен Балтық жағалауында тарихи жады жойылуда. Нацистік, экстремистік идеялар ашық насихатталуда, бұл ерекше алаңдаушылық туғызады», - деген болатын Лавров.
Ол тарихты қайта жазуға Батыстағы саясаткерлер ғана емес, Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі саясаткерлер де тырысатынын атап өтті.
ҚАЗАҚСТАН ШЫНАЙЫ ТАРИХТЫ РЕСЕЙСІЗ ДЕ ЖАЗА АЛАДЫ!
«Біз жапондық әріптестерімізбен ашық сөйлесеміз. Олардың тарихнамалық әдебиеттерінде, мектеп оқулықтарында Тынық мұхитта дүниежүзілік соғыстың басталуына әкелген жағдай және Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуын қамтамасыз еткен оқиғалар мүлдем дұрыс сипатталмайды. Біз сол соғыс туралы және КСРО милитаристік Жапонияны жеңе отырып, өз міндеттемелерін қалай орындағаны туралы шындықты қорғаймыз», - деді Лавров.
Түйін: Әлем тек Ресей мақұлдаған көзқарастағы тарихты жазу керек деген ойдағы Путин режімінің Қазақстандағы бұл астамдығы ғылыми ортада қолдау таппасы анық.
Mezgil.kz