Украина әскері тамыз айының 6-сында Ресейдің Курск облысына басып кірген болатын. Ресей қорғаныс министрлігі «Курск облысының Суджа ауданын жылдам азат етеміз» дегенді сан мәрте айтты. Алайда Украина әскері әлі де ауданды өз бақылауында ұстап тұр. Суджа ауданындағы ұрыс қимылдарына байланысты мыңдаған адам басқа аймаққа эвакуацияланды.
(Сурет prm.ua сайтынан алынды)
Соғысқа байланысты басқа аудандарға бас сауғалап қашқан халық, Курскте митингке шыға бастады. Суджа ауданының тұрғындары соғысқа байланысты өздеріне көлемді көмек көрсетуді талап етуде. Бұл туралы ресейлік «7×7» мен The Moscow Times сайты жазды.
«Бізге далада үсіп өлсек те, көшеде үсіп өлсек те бәрібір. Өйткені біз өз үйімізде емеспіз. Сол себепті қайда өлетініміз маңызды емес», - дейді митингке шығушылар. Митингтің ұйымдастырылатыны жайлы «ВКонтакте» желісінде ақпарат тараған болатын. Алайда желі ақпараттарды өшіріп, ақпарат таратушыларды бұғаттап тастады.
Наразы халықтың алдына Жергілікті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл бөлімінің басшысы Анатолий Дроган шығып, кездесті. Ол митингті «заңсыз» деп атап, наразылық білдірушілердің арасынан жетекші таңдап, арнайы өтініш беруді және өтінішке байланысты ақпаратты күтуді сұрады.
«Сіздерді заңсыз әрекетке итермелеп отыр ғой. Сіз бен біз қазір контртеррористік режимде өмір сүріп жатырмыз. Өкінішке орай бұл билікке байланысты емес. Билік жауды шекарамызға әдейі әкелген жоқ. Бұл соғыс қой. Бұны билік басқарып отырған жоқ. Жау басып кірді, шекараны бұзды, ал шекарада тұрған сарбаздар қаза тапты. Бұған жол бергендер ұсталды, қамалды», - дейді Дроган.
Наразылық білдірушілер биліктің аймақтағы жағдайды «соғыс» деп атауын талап етті. Сонымен бірге халықпен сөйлесуге Дроган емес, Суджа ауданының әкімі шығуын сұрады. Суджа ауданының әкімі Александр Богачёв әлі күнге дейін босып кеткен аудан халқымен кездесу ұйымдастырмаған.
Ақпарат көздері 12-қарашада аймақ губернаторы немесе аудан әкімі суджалықтармен кездесу өткізетінін жазуда. Апта бұрын Курскте Большесолдатский ауданының тұрғындары наразылыққа шыққан болатын. Олар билік берген азын-аулақ ақшаға уақытша баспана алу мүмкін еместігін айтып, наразылық білдірді.
Ресей әскері қыркүйек және қазан айларында Суджа ауданын украин әскерінен азат ету үшін ауқымды шабуылдар бастаған еді. Алайда шабуыл қарқыны бәсеңдеп, Украина әскерінің қарқынды қарсылығына тап болды. Қарашаның басында Ресей 20 мыңнан астам сарбазбен кезекті шабуылды бастап, сәтсіздікке ұшырады. Батыстық басылым Ресейдің жақын күндері 50 мыңнан астам әскермен Курскте шабуылға шығатынын және шабуылда КХДР сарбаздарын да қолданатынын жазуда.
Украина билігі шабуылды тойтаруға барынша дайындық жасап жатқанын айтты. Әскери сарапшылар Украина әскерінің позицияларды күшейтіп, бетонды қорғанысты арттырып, ашық алқаптарға айдаһар тістерін қойып, қашықтықтан миналауда іске асырып жатқанын жазуда.
Mezgil.kz