Ресейлік сарапшылардың пікірінше 2025 жылы Ресейдің ішкі рейстерінің төрттен бірін қамтамасыз етіп отырған отызға жуық әуе компаниясы банкрот болуы мүмкін. Бұл қазіргі уақыттағы Ресейдің ішкі рейстерінің 26 пайызы деген сөз. Бұл туралы Moscow Times сарапшылары жазды.
(Сурет aeroo.ru сайтынан)
Әуе компанияларының қаржылық тұрғыдан қиындық көруі жалғасуда. Шетелдік ұшақтарды лизингке алған компаниялар мемлекеттен көмек сұрауда. 2022 жылы әлемдік қауымдастық Ресейге жаппай санкция салғаннан кейін, көптеген ресейлік компаниялар лизингтік төлемдерді төлеуді тоқтатты. 2025 жылы ел үкіметі қарызды сызып тастауға рұқсат ететінін айтты, алайда ол қаржыға 25 пайыз табыс салығы қосылатыны айтылуда. Бұл қаржылық салмақ көптеген компанияның жабылуына әкелуі мүмкін.
Бұл мәселеге бұған дейін NordStar Airlines компаниясының бас директоры Леонид Мохов назар аударды. Әуе көлігі операторлары қауымдастығына жолдаған хатында ол ұшақтардың ресейлік реестрге енгізілгеніне және ішкі рейстерде жұмысын жалғастырғанына қарамастан, шетелдік меншік иелерімен жалға беру шарттары әлі де өз күшінде екенін атап өтті. Одан бөлек санкция салдарынан ұшақты қамтамасыз ету, қосалқы бөлшектер алу да қиындап кеткен. Сертификатты сөздыру қыруар қаржыны талап ететінін де тілге тиек етті.
Моховтың сөзінше Ұлттық әл-ауқат қоры есебінен жалға алынған ұшақтарды тек ірі әуе компаниялары, яғни «Аэрофлот», «Уралские авиалинии» және «S7 Airlines» сатып ала алған. Ал кіші компанияларға ондай мүмкіндік берілмеген.
Ресейлік тасымалдаушылардың ұшақтары көбіне Бермуд аралдары, Ирландия немесе Еуропаның өзге елдерінде тіркелген. Ал әр ұшақ сертификаты үшін ай сайын 50-300 мың доллар төлеу міндеттеледі. Бұл кіші компаниялар үшін қиынға соғуда.
Сарапшылар Ресейдің кіші және орта деңгейлі әуе компаниялары қаржылық қысымға шыдай алмай, жабылатынын болжауда. Олардың саны 30-ға жетуі мүмкін. Қазіргі таңда Ресей билігі ішкі рейстерді толықтай қамтамасыз ете алмайтынын айтып, өзге елдерден көмек сұраған болатын. Мәскеу бұл мәселеде Қазақстанға да қолқа салуда.
Mezgil.kz