Әуелі ақпараттан бастайық: Қазақстан мен Өзбекстан әскері Өзбекстанның Жизақ облысында бірлескен оқу-жаттығу өткізуде.
(Суреттер: elitar.kz, qmonitor.kz сайттарынан алынды)
«ҚАНЖАР - 2024»: ҚОС ӘСКЕР ҚАНДАЙ ЖАТТЫҒУ ӨТКІЗБЕК?
Қос елдің әскери ведомстволарының мәліметтеріне көз жүгіртсек: Қазақстан мен Өзбекстан әскерінің бірлескен оқу-жаттығуы – «Қанжар - 2024» деп аталады. Ол Өзбекстанның Жизақ облысындағы Орталық әскери округтің «Фориш» полигонында өтеді. Тактикалық-арнайы оқу-жаттығу 20 қарашаға дейін жалғасады.
Жаттығуда екі елдің әскери қызметшілері қалалық жағдайда арнайы операция жүргізу бойынша тәжірбие алмасып, заңсыз қарулы құралымдарды жою бойынша іс-әрекеттерді пысықтайды.
Бірлескен оқу-жаттығулар: «Арнайы мақсаттағы бөлімшелерді жауынгерлік әзірліктің жоғары дәрежесіне келтіру, оларды жауынгерлік қолдануға дайындау және арнайы операцияны бірлесіп жүргізу» бойынша 3 кезеңнен тұрады.
Қазақстан мен Өзбекстанның әскери қызметшілері әртүрлі қару түрлерінен ату, шартты тұрғындар тұратын жерлерде жауынгерлік іс-қимылдар жүргізу дағдыларын пысықтайды, сондай-ақ операцияға егжей-тегжейлі талдау жүргізеді.
РЕСЕЙ АГРЕССИЯСЫ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ОЙ САЛДЫ МА?
Ресей тарапынан болатын һәм болып жатқан әскери қысымдар мен Ресейдің Украинаға қарсы соғыс ашуы Орталық Азия елдерін альтернативті тараптарға көз жүгіртіп, ой бағамдауға мәжбүрлегені бұлтартпас шындық. Сондықтан да, Орталық Азия мемлекеттері сыртқы саясаттағы әр адымын аңдып басып, алыс-беріс-барыс-келістердің баламалы жолдарын іздей бастады. ОА5+1 форматы белсенді қолданылып, еларалық интеграциялық басқосулардың түрле форматтары белсенді қолданылуда. Бұл туралы осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық.
ҚАЗАҚ АРМИЯСЫ МЫҚТЫ МА, ӨЗБЕК АРМИЯСЫ МЫҚТЫ МА?
Орталық Азиядағы лидерлікке ұмтылыс сонау КСРО құрамындағы кезден басталып, КСРО ыдыраған кезеңдерде белсенді жалғасты. Мемлекеттердің өмір сүруінің әртүрлі салаларында өзара бәсекелестіктер ОА-дағы лидерлікте Қазақстан мен Өзбекстанды алға шығарды.
Сондай «адекватты бәсекелестіктің» бірі – Қарулы күштер саласында жүріп келе жатқаны жасырын емес. Қоғамда: «қазақ әскері мықты ма, өзбек әскері мықты ма» деген сауал жиі айтылады. Бұл бәсекелестікті – мемлекеттер арасындағы интеграциялық бірлікке сына қағу емес, қос мемлекет – Қазақстан мен Өзбекстанның әскери әлеуетін арттыруға ықпал етету тұрғысынан бағалаған жөн болар.
Тәуелсіз қос мемлекеттің арасындағы қарулы күштердің арасалмағы әрқилы екені түсінікті. Әлемдік рейтингтерде әскери саладағы басымдық бірде қазаққа, енді бірде өзбекке беріліп жүргені белгілі. Қараңыз:
GLOBAL FIREPOWER РЕЙТИНГІ: ОА-ДА ҚАЗАҚ АРМИЯСЫ КӨШБАСШЫ...
Әлемнің 145 елін қамтитын Global Firepower компаниясының мәліметтеріне негізделген рейтин бар. «Global Firepower-2024» деп аталатын биылғы рейтингке көз жүрігтсек, ОА-дағы әскери лидерлік Қазақстанға тиесілі.
Қазақстан 145 елдің ішінен 58-ші орынға жайғасқан.Сәйкесінше, «Қазақстан армиясы – Орталық Азиядағы ең үздік армия» деп көрсетіледі.
Қазақстаннан төмен рейтингте Әзербайжан (59), Беларусь (64), Өзбекстан (65), Түрікменстан (83), Қырғызстан (100), Тәжікстан (107) тұр.
Бұл рейтингте Өзбекстан 65-ші орынға жайғасқан. Өткен жылмен салыстырғанда Өзбекстан үш позиция төмен сырғыған.
«Global Firepower» индексі қаржылық көрсеткіштерден логистикалық мүмкіндіктер мен географияға дейін 50-ден астам жекелеген факторлар бағалайды. Рейтингте ядролық қару-жарақ ескерілмейді, тек конвенциялық қару ғана назарға алынады.
Жалпы алғанда рейтингке әскери бөлімшелер санын, адами ресурстарды, қаржылық жағдайын, технологиялық дамуын, географиялық орналасуын және ұтқырлығын есепке алады.
Әрине, әр елдің әскери әлеуеті мемлекеттік қауіпсіздік. Сол себепті нақты деректер құпия сақталады. Десе де, ашық дереккөздердегі кей мәліметтерге көз жүгіртсек Өзбекстан мен Қазақстанның көрсеткіштері былайша түзіледі:
Өзбекстан армиясы
Халық саны: 31 360 836 (әлемде 48-орын)
Адам ресурстары: 16 307 635 (әлемде 39-орын)
Танктер: 270 (әлемде 46-орын)
Артиллерия: 83 (әлемде 38-орын)
Авиация: 191 (әлемде 50-орын)
Әскери бюджет: $ 796 398 000 (әлемдегі 95-ші орын)
Өзбекстан ШЫҰ мүшесі болып табылады. Бірақ 2012 жылдың ортасында ҰҚШҰ-ға мүшелігін тоқтатты. Мәскеумен екіжақты қорғаныс байланыстарын жалғастырады және негізінен кеңестік кезеңдегі жабдықтарды пайдаланады. Авиациялық мүмкiндiктері Кеңес Одағынан мұраға қалған.
Қазақстан армиясы
Халық саны: 19 543 464 (әлемде 63-орын)
Адам ресурстары: 8 794 559 (әлемде 60-орын)
Танктер: 300 (әлемде 43-орын)
Артиллерия: 246 (әлемде 21-орын)
Авиация Авиация: 243 (әлемде 41-орын)
Әскери бюджет: $ 7 500 000 000 (әлемдегі 42-ші орын)
Қазақстанның қарулы күштері 1992 жылғы 7 мамырда құрылған. 2002 жылдан бастап Қазақстан НАТО-мен «Жеке әріптестік жоспар» негізінде ынтымақтасады. Бұл әріптестіктің негізі – Ресей мен ҚХР тарапынан геосаяси қысым жасауға қарсы тұру болып табылады.
Оден бөлек Қазақстан ҰҚШҰ мен ШЫҰ құрылымдарына мүше. Бұл әріптестік Қазақстанды Батыстың болжамды қысымынан қорғауға бағытталған.
U.S. NEWS РЕЙТИНГІ: ОА-ДАҒЫ КҮШТІ ӘСКЕР ӨЗБЕКТІКІ
Жуырда америкалық U.S. News порталы тағы бір әлемдік әскери ретинг жариялады. Бұл рейтингте әскери әлеует бойынша Өзбекстан 19-шы орынға, Қазақстан 22-ші орынға жайғасқан.
Аталған рейтинг: Қазақстанды Орталық Азиядағы ең қуатты экономикасы және табиғи ресурстардың бай қоры бар, халқының этникалық құрамы әртүрлі және орыс мәдениетінің ықпалы күшті ел ретінде сипаттайды.
Mezgil.kz