Грузиядан бөлініп шыққан, алайда әлем елдері тәуелсіздігін мойындамаған Абхазияда жаппай наразылық күшейді. Мыңдаған наразы халық Абхазия астанасы Сухуми қаласының Парламенті алдына жиналды. Олар Парламент жиынын тоқтатып, Ресеймен жасалуы тиіс инвестициялық келісімді мақұлдамауды талап етуде.
11 қарашада Абхазия Халықтың кеңесінің жиыны өтті. Жиын барысында ел аумағына инвестиция тарту және республикада түрлі құрылыстарды салуға қатысты заң жобасы қаралды. Құжатта Абхазия мен Ресей арасындағы инвестициялық келісімге құқықтық толықтырулар енгізілді. Келісім қазан айында жасалды, алайда әлі ратификацияланған жоқ.
Келісім ресейлік компаниялар мен заңды тұлғалардың Абхазия аумағына кіріп, инвестициялық жобаларды атқаруына мүмкіндік береді. Оның ішінде тау-кен өндірісі, жеңіл өнеркәсіп, байланыс, туризм және басқа салалар қарастырылуда. Құжатта инвесторларға ұзақ жылдық жеңілдіктер беру мәселесі де қарастырылған. Бұл келісімге Абхазия оппозициясы қарсы шығып, арнайы штаб құрды. Олардың ойынша келісім іске асатын болса, онда Абхазия тәуелсіздігі мен экономикалық дербестігі түбегейлі жойылады. Себебі ресейлік компаниялармен Абхазия компаниялары, кәсіпкерлері бәсекелестік жүргізе алмайды дейді.
11 қарашаның кешінде Абхазия прокуратурасы заң жобасын қарастыру кезінде бірнеше оппозициялық депутаттың шу шығарып, заңға қайшы әрекетке барғанын айтты. Артынша бес адам қамауға алынды. Бұл ақпарат әлеуметтік желіде лезде тарап, жүздеген адам наразылыққа шықты. Олар Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі ғимаратының алдына жиналып, ұсталғандарды босатуды талап етті. Республикалық маңызы бар екі көпір мен бір жолды жауып тастады. Наразы халық Ресеймен жасалған келісімді мақұлдамауды да талап қатарына қосты.
12 қараша күні Абхазия президенті Аслан Бжания күштік құрылымдармен шұғыл кеңес өткізді. Президент халыққа үндеу тастап, мәселенің анық-қанығын нақтылауды тапсырғанын айтты. Кейін ұсталғандар босатылды, бұғатталған жол ашылды.
Алайда 15 қараша күні Абхазия Парламенті Ресеймен инвестициялық келісімді қайта қарап, мақұлдауды талқылай бастады. Мыңдаған халық Парламент алдына тағы жиналды. Жүк көлігімен Парламенттің қақпасын бұзып кірді. Күштік құрылымдар мен наразы топ арасында қақтығыс болуда. Наразы халықтың талабы біреу, ол - Ресеймен жасалған келісімді мақұлдамау! Қазір Абхазиядағы наразылық жалғасуда.
Mezgil.kz