Өзінің президенттік мерзімі аяқталуға аз қалғанда АҚШ президенті Жо Байден Украина үшін аса маңызды шешімдердің бірін қабылдады. Ақ Үй өзі берген қарумен Украинаға Ресейдің ішкі аумақтарындағы әскери нысандарға соққы жасауға рұқсат берді.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: glavred.info, society.comments.ua, RTVI, essanews.com сайттары)
Байден әкімшілігінің бұл шешімін жаһан ақпараты жарыса жазып жатыр. Украинаның әскери һәм саяси басшылығы АҚШ билігіне бірнеше жолы қайрылу жасап, Ресейдің ішкі аумақтарына соққы жасау үшін жақтастар берген қаруды қолдануға рұқсат сұрап жүргелі талай уақыт өтті.
(Коллаж: glavred.info)
АҚШ ЖӘНЕ ATACMS: КИМ МЕН ПУТИНГЕ СОҢҒЫ ЕСКЕРТУ
«New York Time» пен «Washington Post» қатар таратқан ақпаратта: «АҚШ президенті Жо Байден мен оның әкімшілігі ATACMS тактикалық-балистикалық зымырандарын пайдаланып, Ресей аумағына соққы жасауға рұқсат бергені» жазылған. Бұл ақпаратты «ВВС» мен «CNN» де растады.
АҚШ-тың бұлай шешім қабылдауына себеп – Ресейге көмекке Солтүстік Корей әскерінің жіберілуі болған. Анығы: Ресейге көмекке барған Ким әскерінің (КХДР әскері) Курскі майданына жіберілуіне АҚШ осылай жауап берген.
«Washington Post»: «АҚШ-тың Ресей аумағын соққылау үшін АҚШ қаруын қолдануға рұқсат беруі – Солтүстік Корей әскерінің Курскігі жіберілуіне жауап. Бұл қадам Пхенянды Ресейге тағы да әскер жіберуден тежеу үшін жасалды. Солтүстік Корей лидері Ким Чен Ын Ресейге әскер жіберу қате шешім екенін, оның құны қымбатқа түсетінін түсінуі керек», - деп жазды.
МӘСКЕУ МЕН ПХЕНЯН: СОҒЫССАҚ – БІРГЕ СОҒЫСАМЫЗ. ӨЛСЕК – БІРГЕ ӨЛЕМІЗ...
АҚШ басшылығы Украина үшін аса маңызды шешімді қабылдауға Ресейге барған Солтүстік Корей әскері себеп болғанын айтты. Ал Ким Чен Ын осыған дейін Ресейге көмекке әскер жібергені әмбеге аян. Ким көмекке берген әскердің 10 мыңға жуығы Курскіні қорғауға аттанғаны да жұртқа жария.
Осыған дейін Ресей мен Солтүстік Корей «Кең ауқымды стратегиялық әріптестік» туралы Келісім жасасқан. Аталған Келісімнің 4-ші бабында: «Егер қос тараптың бірі қарулы шабуылға тап келіп, соғыс жағдайында бола қалса, екінші тарап оған шұғыл түрде әскери көмек көрсетеді», - деп тайға таңба басқандай анық жазылған.
(Сурет: society.comments.ua)
ҰЛЫБРИТАНИЯ МЕН ФРАНЦИЯ: БІЗДІҢ ҚАРУ МӘСКЕУДІҢ ӨЗІНЕ ДЕЙІН ЖЕТЕДІ...
АҚШ тарапынан көп күттірген рұқсат ресми жарияланған соң, іле-шала Ұлыбритания мен Франция да өздері берген һәм беретін алыс қашықтыққа соққы жасауға арналған қарулармен Ресей аумағын атқылауға рұқсат берді деген ақпарат тарады. Бұл ақпаратты Францияның «Le Figaro» басылымы жазды.
Бұл үшін Франция мен Ұлыбритания Украинаға «Storm Shadow/SCALP-EG» балистикалық зымырандарын беруді жоспарлаған.
ПРЕЗИДЕНТ ЗЕЛЕНСКИЙ НЕ ДЕЙДІ?
Украина президенті Зеленский кеше кешкісін аталған жаңалыққа қатысты былай деп пікір білдірді: «Бүгін әлемнің бірсыпыра ақпараты Украинаға Ресей аумағын соққылауға рұқсат берілгенін жазып жатыр. Бірақ, соққы сөзбен жасалмайды! Соққы жария жасалмайды! Зымырандар өз қуатын істе көрсетеді! Міндетті түрде!», - деп қысқа қайырды.
ПРЕЗИДЕНТ ПУТИН НЕ ДЕЙДІ?
Мәскеудің ресми тұлғалары әзірге аталған шешімге қатысты жарытып пікір білдірмесе де, Ресей президенті Путин осыған дейін: «Ресейдің ішкі аумақтарына соққы жасауға рұқсат беру – НАТО-ның соғысқа тікелей араласуын білдіреді. Мұндай зымырандар спутникпен басқарылады. Ал Украинаның өзінің спутниктері жоқ. Демек, НАТО спутниктері қолданылады», - деп сөйлеген.
ATACMS ПЕН STORM SHADOW/SCALP-EG ҚАНДАЙ ЗЫМЫРАНДАР?
ATACMS – АҚШ зымыраны. Тактикалық-балистикалық зымыран. Оның 140, 165, 220 және 300 шақырымға жететін нұсқалары бар. Ресейге қарсы ATACMS Block IA дейтін нұсқасын қолдануға рұқсат берілгені айтылады. Ал бұл 300 шақырым жерді дөп көздейтін зымыран.
SCALP/Storm Shadow – англо-француздық қанатты зымыран. Оның екі нұсқасы бар. Бірі – 290 шақырымды көздейтін зымыран (бұл экспорттық нұсқа), екіншісі – 560 шақырымды көздейтін нұсқа. Әскери сарапшылар Украинаға осы екеудің соңғысыне рұқсат берілуі мүмкін екені айтылады. Бұл қанатты зымыранның ATACMS-тан айырмашылығы – әуе арқылы соққы жасалады. Яғни, тек жойғыш ұшақтар арқылы басқарылады.
(Сурет: RTVI)
НЫСАНАДАҒЫ РЕСЕЙ АУМАҚТАРЫ: МӘСКЕУДЕН МАЗА КЕТЕ БАСТАДЫ...
ATACMS – 300 бен SCALP/Storm Shadow 560 зымырандарының потенциалды нысандарына көз жүгіртейік:
ATACMS – 300 атылса жететін Ресей жерлері:Калуга, Смоленскі, Липецкі, Воронеж, Волгодонскі, Краснодар облыстары.
SCALP/Storm Shadow 560 атылса жететін Ресей жерлері: Мәскеу, Рязан, Тамбов, Волгоград, облыстары мен Элиста.
Сәйкесінше, Украина шекарасында орналасқан Брянскі, Курскі, Белгород пен Ростовтан басталып, Мәскеу мен Волгоградқа дейінгі аралықтағы барлық аумақтар – потенциалды нысандар болып табылады.
Потенциалды қауіпті қарулар:Украина аттай қалап, сұрап отырған тағы 2 түрлі зымыран бар. Оның бірі – германның Taurus балистикалық зымыраны. Бұл зымыран да ATACMS-қа балама болып табылады. Сипаттамасы да АҚШ зымыранымен ұқсас.
Ал екінші зымыран – JASSM зымырандары. Бұл қарудың «күміс оқ» дейтін лақап аты да бар. Модификациясы әртүрлі. Ескі модификациядағы – JASSM-AGM-158A 370 шақырымды дәл көздесе, жаңа модификациядағы – JASSM-158B немесе JASSM-ER 926 шақырымдағы нысананы көздейді.
Әзірге бұларды Украинаға беру туралы шешім қабылданған жоқ.
РЕСЕЙ САРАПШЫЛАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Ресейлік әскери сарапшы Игорь Коротченко: «С-400, С-300В4 зенитті зымыран кешендері мен «Бук-М3» кешендері америкалық ATACMS зымырандарын қағып түсіре алады», - деп есептейді. Әрине бұл болжам ғана.
Түйін:Байден әкімшілігінің бұл шешімі қазір жаһандық ақпараттың қызу талқысында. Десе де, сарапшылар Ресей мен Укарина арасындағы потенциалды келіссөздерге дейін Украина Ресей аумағына бірсыпыра соққы жасап, өз позициясын нығайтуға тырысады деп болжайды. Соққылардың дені Курскі облысының аумағына жасалуы мүмкін екені айтылады. Ал АҚШ-тың сайланған президенті Трамптың командасы Байден әкімшілігінің бұл шешіміне келіспейтінін мәлімдеп жатыр.
Mezgil.kz