АҚШ-тағы Соғысты зерттеу институты (ISW) Ресейдің алдағы жоспарына қатысты болжамын айтты. Институт сарапшылары Ресей әскері алдағы айларда майдан шебіндегі қалаларды басып алуға күш салатынын болжауда. 2024-2025 жылдың қысында Ресей кіші қалаларды алуға күш салып, қала ішіндегі ұрыстарға мән бермек дейді олар.
Әскери сарапшылар 2024-2025 жылдың қысында Ресей әскері майдан шебіндегі Торецк, Покровск, Курахово, Часов Яр қалаларын басып алуға талпынатынын айтты. Ресей ірі қалаларға шабуыл жасауды 2025 жылдың көктем-жаз айларына қалдыруы мүмкін дейді сарапшылар. Ресей әскері ашық алаңдар мен далалы алқап арқылы алға жылжу барысында үлкен шығынға ұшырауда. Шығынның көп болуын мамандар Украина әскерінде сан түрлі дрондардың көп болуымен түсіндіруде.
ISW сарапшылары Ресей әскерінің Купянск және Часов Яр қалаларын алу мақсатында ауқымды әскери күш топтастырғанын айтты. Қазіргі таңда ресейлік сарбаздар Часов Яр қаласының бір бөлігін басып алса, Купянск қаласының шеткі аудандарына бекініп үлгерген. Екі қала үшін қиян-кескі шайқастар өтуде.
Сарапшылар Купянск және Часов Ярдың құлауы Донбасс және Харьков шебіне айтарлықтай әсер ететінін мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Ресей әскерінде артиллерия мен бронды техника саны көп. Алайда Ресей ол артықшылығын ұрыс даласында толық қолдана алмай отыр. Басты себеп Украинаның сан түрлі дрондары. Украина дрондары Ресейдің зеңбіректері мен бронды техникаларын талқандауда және Ресей әскерінің алға жылжуына үлкен кедергі жасауда. Сол себепті де Ресей әскері қалалық ұрыстарға басымдық беруге тырысады. Себебі қалада дронды қолдану мүмкіндігі азаяды. Ал биік ғимараттары аз, далалық аймақта Ресейдің шығыны еселеп артады. Оған Курск облысындағы шайқастар мысал бола алады», - дейді ISW сарапшылары.
Мамандар суық түсіп, қыстың келуіне байланысты соғысушы тараптар ұрысты азайтатынын айтты. Оған жанармай мен оқ дәрі жеткізудің қиындығы, сарбаздардың физикалық тұрғыдан суықта тез қалжырауы және позициялардың қысқа дайын болмауы әсер етпек дейді. Ал синоптиктер Украинаға аязды және боранды ауа райы екі аптаның ішінде келіп жететінін болжауда.
Mezgil.kz