(Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды)
ТОҚАЕВ СЕРБИЯДАҒЫ ӘСКЕРИ МАҚСАТТАҒЫ ТАУАРЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
«Сербияға сапарлап барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы елдің қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің көрмесінде болды», - деп хабарлайды Ақорда. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Белград маңындағы «Батайница» әуеайлағында орналасқан әскери-өнеркәсіптік кешен кәсіпорындарының көрмесін аралап көрді.
Мемлекет басшысына Сербия президенті Александр Вучич ілесіп жүрді. Сербия өңірдегі әскери мақсаттағы тауарлар экспорты бойынша көшбасшы ел болып табылады. Қазіргі уақытта сербиялық қорғаныс өнеркәсібі өз өнімдерін әлемнің шамамен 70 еліне, соның ішінде БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Болгария, Индонезияға экспорттайды.
Көрмеге құрлықтағы әскери техниканың үлгілері, серб қару-жарағымен жарақтандырылған тікұшақтар, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, атыс қарулары, артиллериялық оқ-дәрілердің барлық түрлері, патрондар, минометтік миналар мен минаатқыштар ұсынылды. Сербияның осы сектордағы бай тәжірибесі Қазақстанның қорғаныс әлеуетін нығайту үшін қызығушылық тудырады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше Сербияға ресми сапармен барған. Белград әуежайында оны Вучич қарсы алды. Қазақстан Президентінің келуіне орай құрметті қарауыл сапқа тұрғызылды. Құрметті қарауыл бастығының баянынан кейін екі елдің әнұраны орындалды, сондай-ақ 10 артиллериялық оқ атылды. Содан кейін президенттер бір-біріне ресми делегациялардың мүшелерін таныстырды. Сербия президенті Александр Вучич әлеуметтік желілерде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан әйгілі алматылық апорт алғанын хабарлады.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия президенті Александр Вучичпен шағын форматта келіссөздер жүргізді. Қазақстан Президенті бұл сапарға айрықша мән беретінін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен нәтижелі және мазмұнды келіссөз жүргізгеніне тоқталды. Екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайту бойынша бірқатар уағдаластыққа қол жеткізілген.
– Біз инвестиция, өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау салаларына баса мән беріп отырмыз. Инновация және жаңа технология бағытына ерекше назар аудардық. Өзара алыс-берістің көлемін арттыру үшін құзырлы органдарға нақты шаралар қабылдау жөнінде тапсырма береміз. Қазақстан Сербияға өнеркәсіп, азық-түлік өнімдерін және басқа да тауарларды экспорттауға дайын. Сербияның да қазақ еліне шығаратын өнімдері аз емес. Осы тұста қолда бар мүмкіндікті барынша пайдалануға уағдаластық. Бұған Үкіметаралық комиссияның белсенді қызметі серпін беруге тиіс. Сондай-ақ Іскерлік кеңестің жұмысын жандандыруға келістік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, өнеркәсіп, көлік-логистика, «жасыл» энергетикаға көшу салаларында, әскери өнеркәсіп кешенінде бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланып отыр. Президент ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастыққа тоқталды.
– Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық. Ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, органикалық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотехнологиясы секторында тәжірибе алмасуға келістік. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері арасында серіктестік орнатудың маңызды екенін атап өттік, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Сербия тарапын денсаулық сақтау, ақпараттық технология, ғарыш, туризм бағытындағы байланысты күшейтуге шақырғанын жеткізді.
Мемлекет басшысы елімізде бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде қаржылай қолдау көрсеткені үшін Президент Александр Вучич пен серб халқына алғыс айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Белград арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту айрықша маңызды. Мемлекет басшысы еліміз білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Сербияны 2027 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.
Өз кезегінде Сербия Президенті ауқымды мәселелер қозғалған бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі мазмұнды сипатта өткенін жеткізіп, кездесулерге жоғары баға берді. Сондай-ақ мемлекеттер мен президенттер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнағанын ризашылықпен атап өтті.
– Қазақстан мен Сербия арасындағы достық халықтарымыздың ынтымақтастығымен ғана шектелмейді. Біз халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ аясында бір-бірімізге өзара қолдау көрсетеміз. Бүгін әртүрлі салада бірқатар келісімге қол жеткізілді. Соның негізінде екі елдің түпкілікті мүдделеріне сай келетін бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болады. Мен досым, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сербиямен ықпалдастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын, – деді Александр Вучич.
Брифинг соңында Сербия Президенті Астанаға сапарын асыға күтетінін және Мемлекет басшысын Белградта тағы да қарсы алуға дайын екенін жеткізді. Сербиядағы сапарын аяқтаған Мемлекет басшысы бірден Венгрияға жол тартты.
Mezgil.kz