Мажарстанға сапар: Тоқаев пен Орбан не келісті?..

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстанға сапарлап барып-қайтты. Аталған сапар аясында қандай мәселелер талқы болды? Қандай келісімдерге қол қойылды? Қазақстан мен Венгрия әріптестігінің болашағы қандай? Шолу жасадық. Қараңыз:

1732181922275948.jpg

(Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды)

Қазақстан президенті Тоқаевты қарсы алу рәсімі Будапешттегі Корольдік сарайының арыстандар алаңында өтті.

«Мемлекет басшысын әскери оркестрдің фанфары астында Премьер-министр Виктор Орбан қарсы алды. Құрметті қарауыл бастығы құттықтау баянат беріп, Қазақстан мен Венгрияның мемлекеттік әнұранын орындады. Одан кейін құрметті қарауыл мен атты гвардия салтанатты шерумен өтті», - деп хабарлады Ақорда.

Қазақстан президенті Мажарстанға ресми сапармен 19 қарашада барған. Будапештте Қазақстан президенті Тоқаев мен Венгрия премьері Виктор Орбан Венгрия мен Германия құрамаларының арасындағы футбол матчын бірге тамашалады.

Президент Тоқаев Будапештте қазақстандық студенттермен әңгімелесіп, кейіннен Мажарстан Мемлекеттік кеңесінің төрағасы Ласло Кевермен Мажарстан парламентінің ғимаратын аралады.

Онан соң Қазақстан басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның салтанатты қабылдауына қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанға қонақжайлылығы мен қазақ делегациясына достық қарым-қатынасы үшін алғыс айтты. Қабылдауға дейін Тоқаев пен Орбан БАҚ өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қазақтар мен мажарлар - терең тарихи тамыры бар туысқан халықтар. Президенттің айтуынша, Ұлы Дунай мен ежелгі Алтай арасындағы географиялық алшақтыққа қарамастан, біздің мемлекеттеріміз бір тағдырмен байланысты ортақ мақсаттар мен ұмтылыстарды біріктіреді.

«Біздің еліміздің Орталық Еуропадағы алғашқы елшілігі 30 жыл бұрын Венгрияда ашылған болатын. Осы уақыт ішінде достық пен өзара түсіністікке негізделген екіжақты қарым-қатынастар үдемелі дамып келеді. Қолда бар үлкен экономикалық әлеуетті толық көлемде пайдалану маңызды. Менің сапарымның басты мақсаты - біздің ынтымақтастығымызға жаңа серпін беру.

Венгрия - Қазақстанның Еуропалық Одақтағы сенімді стратегиялық серіктесі. Бүгінгі берік саяси ынтымақтастық пен тығыз экономикалық байланыстар осының айқын дәлелі болып табылады. Біз құрметті Виктор Орбанмен жаңа ғана мазмұнды келіссөздер жүргіздік. Премьер-министрдің өткен жылы Астанаға ресми сапары кезінде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысы талқыланды. Біз сондай-ақ өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын қарастырдық.

Біз 10 жыл бұрын орныққан стратегиялық серіктестігіміздің даму перспективаларына ерекше назар аудардық. Өте маңызды міндеттер - тиімді саяси диалогты жүзеге асыру және бірлескен экономикалық жобаларды іске асыру. Көпжақты форматтағы өзара іс-қимылға қуатты серпін беру қажет. Бүгін біз бірлескен мәлімдеме қабылдадық. Қазақстан мен Мажарстан арасындағы қарым-қатынастардың кең ауқымы бойынша байланыстарды нығайту екі халықтың мүддесіне сай келеді», – деп атап өтті президент Тоқаев.

Қазақстан мен Мажарстанның ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

1. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Мажарстанның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрлігі арасындағы консулдық мәселелері бойынша ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;

2. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «National Capital Holding» ұлттық компаниясы арасындағы бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Kazakh Invest» және «UBM Group» компаниялары арасындағы Қазақстанда құрама жем және премикс өндірісі жобасын іске асыру жөніндегі үшжақты негіздемелік келісім;

4. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы (Қазақстан), L.A.С Holding (Мажарстан) және Xi'an Free Trade Port Construction and Operation Co (Қытай) арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

5. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен Мажарстанның «MOL GROUP» компаниясы арасындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Мажарстанның Ұлттық банкі арасындағы банк саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар