«Настоящее время» басылымы Ресейдің әскери кемелері Каспий теңізінен Украина аумағын атқылауына қатысты мақаласын жария етті. Мақалада Каспийдегі Ресей флотының іс-әрекетінің теңізді ластап жатқаны жайлы жазылған. Әлеуметтік желіде осы уақытқа дейін Ресейдің Каспий флотының ұрыс қималдарына қатысқаны жайлы видеолар тараған болатын. Ресей Украина соғысына дейін Сирия жеріндегі нысандарға Каспийден зымыран атып, әлемді дүрліктірген еді. Қазіргі сәтте Мәскеу Каспий флотын Украина соғысында қолдануда.
(Сурет astrahan.bezformata.com сайтынан алынды)
2024 жылдың 6-қарашасында Украина алғаш рет Ресейдің Каспий флотына шабуыл жасады. Ақпарат көздері Украина дрондарының ресейлік «Дағыстан» және «Татарстан» кемелерін соққылағанын айтты. Украинаның барлау қызметі Ресейдің Каспий флоты соғысқа қатысып жатқанына нақты дәлел жоқ дейді. Алайда Каспий флотында «Калибр», «Оникс», «Циркон» зымырандарын ұшыра алатын кемелер бар. Аталған зымыран түрлері Украина аумағын ұдайы шабуылдап келеді.
Сарапшылар Ресейдің Каспий флотын соғысқа қолдану табиғатқа да зиянды дейді. Табиғат жанашырлары ресейлік әскери кемелер суды ластап жатқанын айтуда. Ал кей сарапшылар Ресейдің зымыран атуы мен итбалықтардың қырылуының арасында байланыс болуы мүмкін деп топшылайды.
Табиғат жанашырлары Ресейдің Каспийде жыл сайын әскери кемелер шеруін өткізуі де суды ластайтынын жазуда. Әр шеруден кейін суға төгілген жанармай балықтардың жаппай қырылуына әкелген жайттар тіркелген дейді олар. Ресей 2017 жылы Дағыстандағы Каспийск портында Каспий флотына арнап арнайы база салды. Сол сәттен бастап ресейлік кемелердің Каспийде жүзуі, жаттығу өткізуі, түрлі маневрді пысықтауы артқан.
Экобелсенділердің сөзінше ресейлік әскери кемелер портқа жақын маңда топтастырылған. Сәйкесінше күні-түні жанармай жағады. Ал қалдықтары суға түсіп, табиғатты ластауда. Ал жаттығу және ұрыс қимылдары барысында ұшыратын зымырандардың қалдықтары да кей сәтте суға түсіп, экожүйені ластайды дейді белсенділер. Дей-тұра әлі күнге дейін Ресейдің әскери кемелерінің Каспийге әсері жайлы нақты зерттеу жүргізілген емес. Сарапшылар Каспийдің ластануына байланысты мұнай, газ компанияларын тексеру ұдайы жүргізілетінін, алайда әскери кемелерге қатысты тексеру жоқ екенін айтумен келеді.
Ресейдің Каспий флоты жыл сайын бірнеше ауқымды жаттығу өткізеді. 2024 жылы Ресей қыркүйек айында 30 кемеден құралған ауқымды жаттығу өткізген болатын.
2018 жылы Каспий теңізін пайдаланып отырған бес мемлекет, атап айтқанда Қазақстан, Түркіменстан, Әзербайжан, Иран және Ресей басшылары кездесіп, Каспийді пайдаланудың құқықтық статусын анықтады. Құжатта Каспий теңізі бейбіт мақсатта қолданылатыны айтылды. Алайда Ресей Каспий флотынан Украинаға зымыран атуда. Ал құжатқа қол қойған мемлекеттер Ресейдің бұл әрекетін айыптаған емес.
Mezgil.kz