Бүгінде Украинаның бұрынғы әскербасы Валерий Залужныйды әлем жұрты танып-білді. Бүгін Mezgil.kz оқырмандарына Залужныйдың сұхбатында айтылған маңызды тезистерге шолу ұсынбақпыз...
(Сурет: РБК сайтынан алынды)
ЕУРОПА ЕЛДЕРІ РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ СОҒЫСҚА ДАЙЫН ЕМЕС!
Залужный – соғыстың алғашқы күнінен бастап 2024 жылдың 8 ақпанына дейін Ресей басқыншылығымен күрестің басында болған адам. Ол «әлемнің екінші әскері» деп әсіре мақталған армиямен табан тіресіп күрескен әскербасы. Оның басшылығындағы Украина армиясы Ресей әскерінің алғашқы шабуылдарына тойтарыс беріп, жау кірген жерлердің бірсыпыра бөлігі қайтарыла бастады.
Кейін Украинаның саяси-әскери басшылығының шешімімен, Залужный отставкаға жіберіліп, Украинаның Ұлыбританиядағы елшісі болып тағайындалды. Әскери қызметтен дипломаттық қызметке ойысқан Залужный «Ресей агрессиясына қатаң тойтарыс беру қажет» деген позицияны ұстанады.
Валерий Залужный «Еуропа елдері Ресеймен ұзаққа созылатын соғысқа дайын емес», деп есептейді. Бұл туралы ол «Украинская правда» газетіне берген сұхбатында айтты.
«Егер қысқа мерзімде аяқталатын әскери әрекеттер (соғыс) туралы айтатын болсақ, Еуропа елдері бұған дайын. Бірақ, олар ұзаққа созылатын ұрысқа дайын емес.
Санайықшы, қазан айында ғана Украинаның энергетикалық және азаматтық нысандарына 1643 «шахед» және 200-ге жуық зымыран соққысы жасалды. Қалыптасқан жағдайды ескерер болсақ, мұндай соққылардың саны арте түспек. Осы айдың өзінде ғана Украинаның азаматтық нысандарына қарсы ұшырылған «шахедтер» мен зымырандардың санын есептесек, 3 мыңға жуықтайды. Қараша әлі аяқталған жоқ.
Украинаға қарсы шабуылдаушы әуе нысандарының саны өсуде. Ал оған қарсы тұратын күрес құралдарының саны шектеулі және олардың бағасы тым қымбат. Осы факторлардың өзін негізге алсақ, Британия да, Еуропа елдері де Ресейге қарсы әскери қимылдарға дайын емес деп қорытынды шығаруға болады», - дейді отставкадағы генерал Залужный.
ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС БАСТАЛДЫ
Залужный сондай-ақ «қазанда және қыркүйекте майданның алдыңғы шебіне шамамен 4,5 мың басқарылатын авиациялық бомба түскенін» атап өтті.
«Бүгінде Еуропа елдерінде немесе Британияда басқарылатын авиациялық бомбаларды атып түсіру үшін «Patriot» жүйелеріне 5 мың зымыран бар ма? Бұл зымырандар өте қымбат. Олардың көп болуы мүмкін емес, себебі оларды жасап шығару күрделі», - дейді Залужный.
Отаставкадағы генерал Валерий Залужный: «Солтүстік Корейдің Ресей жағында соғысқа де-факто қосылуы, Иран мен Қытайдың жанама түрде Ресейге көмек ұсынуы – бұл үшінші дүниежүзілік соғыстың басталуын білдіреді», - деген.
Залужныйдың айтуынша, «енді көп нәрсе Украинаның Батыс серіктестеріне байланысты, олар әлі де болса «Украина аумағындағы соғысты тоқтата алады».
ЕУРОПА УКРАИНАҒА ӘСКЕР ЖІБЕРЕ МЕ?
Тақырыпқа тұздық: Солтүстік Корей Ресейге көмекке әскер жібергенін әлем жұрты біледі. Бұл ақпаратты Ресей де, Солтүстік Корей де бұғып қалған жоқ. Генерал Залужныйдың «үшінші дүниежүзілік соғыстың басталғанын» айтуына басты себеп осы.
Ал Украинаның серіктестері қайтпек? Осыған дейін Еуропаның бірсыпыра елі Украинаға көмекке әскер немесе әскери инструкторлар жіберу жайын талқылаған. Кейін бұл бастама бірауыздан қолдау тапппаған соң, талқы тоқтаған.
АҚШ-тағы сайлауда Доналд Трамптың жеңіске жетуі мен оның өз командасына Украинаға қатысты қырын сөйлеген тұлғаларды жинауы Еуропаны қайта ойланта бастағандай.
ЧЕХИЯ: РЕСЕЙ ЕУРОПАҒА СОҒЫС АШАДЫ!
«Le Monde»: «Британия мен Франция Украинаға жалдамалы әскер жіберу жайын ақылдасуда», - деп жазады.
«Еуропа елдері Украинаға көмекке әскери қызметкерлер немесе жеке әскери компаниялар жіберу туралы талқыны қайта бастады. Әзірге, болжалды түрде жіберілетін әскерге Украина сарбаздарын ұрысқа дайындау, әскери техникаларды меңгеруге машықтау және техникаларды жөндеу секілді міндеттер жүктеу көзделген. Бұл бастама Франция президенті Макрон мен Британия премьері Стармер тарапынан қолдау тапқан», - деп жазады басылым.
Ал Чехия Сыртқы барлау қызметінің бастығы Михал Куделка: «Егер Украина өзіне «тиімсіз бейбітшілік» шартына көнетін болса, Ресей 15 жылдан соң Еуропаға соғыс ашатын болады. Путин мұндай келісімді – «жеңіс» деп есептейді және өз армиясын жаңа соғысқа даярлайды. Ол кезде құрбандыққа Орталық және Шығыс Еуропа елдері шалынады», - дейді.
Mezgil.kz