АҚШ ұсынған Израиль мен радикалды «Хезболла» тобы арасындағы атысты тоқтату жоспары бекітілді.
(Суреттер: dw.com, Reuters, wikipedia.org сайттарынан алынды)
Ол бүгін күшіне енеді. Израильдің әскери кабинет министрлері Ливанда орналасқан радикалды «Хезболла» тобымен атысты тоқтату туралы келісімді мақұлдады.
Бақылаушылардың айтуынша, Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху бұл нұсқаны «жұмыс істейтін шешім» деп бағалап, Израильдің әскери-саяси кабинетіне келісімге рұқсат беруді ұсынған.
Келісімнің мақұлдануы халықаралық қауымдастықтың, соның ішінде ЕО мен «Үлкен жетіліктің», қатаң бақылауында болды. Олар Израильді атысты тоқтатуға шақырды.
Жоспардың негізгі шарттары:
1) Екі жақтан да атысты тоқтату. Егер «Хезболла» келісімді бұзып, Израильді атқыласа Израиль қайта соғыс бастайды;
2) Израиль оңтүстік Ливаннан әскерін шығарып, шекаралас аймақтарды бақылауды Ливанның мемлекеттік армиясына тапсырады. Ливан әскері шамамен 10 мың болмақ;
3) «Хезболла» өз әскерін Литани өзенінің арғы жағасына, солтүстігіне қарай әкетуге міндетті.
Сонымен қатар, кейбір мәліметтер бойынша, «Хезболла» келісімнің соңғы нұсқасымен әлі таныспағанын атап өтті: «Біз «жау үкіметі» қол қойған келісіммен танысқан соң, өз мәлімдемеміз бен Ливан ресми тұлғаларының келісімге қол жеткізген шарттарын салыстырып көреміз», - деді «Хезболланың» жоғары лауазымды өкілдерінің бірі.
АҚШ президенті Жо Байденнің мәлімдемесі:
Байден бұл келісімді «атысты тоқтату шарттарының мерзімсіз болуы мүмкін» деп бағалады. Оның айтуынша, Израиль келісімге сәйкес, әскерін 60 күн ішінде шығарып алуға міндетті.
Нетаньяхудың үндеуі:
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху «Хезболлаға» ауыр соққы жасалып, оны «онжылдықтарға шегіндіргенін» айтты.
Ол келісімнің тоқтауы «Хезболла» шарттарды бұзған жағдайда кез келген уақытта болуы мүмкін екенін ескертті.
Нетаньяху келісімге барудың үш маңызды себебін атады:
1) «Иран қаупіне» назар аудару;
2) Әскерлерге демалыс беру;
3) ХАМАС-ты оқшаулау.
Алайда, бұл шешім оппозициялық саясаткерлер мен билік коалициясының кейбір министрлері тарапынан сынға алынды. Ұлттық қауіпсіздік министрі Итамар Бен-Гвир әлеуметтік желіде бұл келісімді «тарихи қателік» деп атады.
Анықтама:
Бұл шииттік топ 2023 жылғы 7 қазанда ХАМАС қозғалысына қолдау көрсету мақсатында Израильге шабуылдарын күшейткен. Жауап ретінде Израиль оңтүстік Ливанда әскери операция бастаған еді.
Ливан билігінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың қазан айынан бері елде кемінде 3823 адам қаза тапты. Олардың көпшілігі соңғы бірнеше аптада, Израиль «Хезболлаға» қарсы операциясын күшейткен кезде қайтыс болды.
Израиль тарапының мәліметінше, 82 сарбаз және 47 бейбіт тұрғын қаза тапқан.
Mezgil.kz