АҚШ-тың президенті Джо Байден Конгресстен бейресми негізде Украинаны қолдауға қосымша 24 млрд доллар сұрауда. Қаржы Украинаға берілген қарудың қорын толтыру үшін және Киевті қолдауды жалғастыру үшін қажет. Бұл туралы Politico басылымы жазды.
Басылымға ақпарат беріп, есімдерін жасырын қалдыруды сұраған екі шенеуніктің айтуынша Байденнің өтініші 25-қарашада жолданған. Өтініш 20-желтоқсанға дейін қаралуы тиіс. Өйткені үкіметтің жұмысын жалғастыру үшін қаржыландыру мәселесі дәл сол уақытта талқыланады.
Байден әкімшілігі сұраған қаржының 16 млрды АҚШ-тың әскери қорын толтыруға, ал қалған 8 млрд доллар Украина қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағдарламасына (Ukraine Security Assistance Initiative, USAI) жұмсалмақ. Аталған бағдарлама бойынша Пентагон Украина әскеріне қажетті қаруды өндіру бойынша кешендермен келісім жасайды. Яғни қару әскердің жеке қорынан емес, тікелей зауыттан жөнелтіледі.
Байденнің Конгресске кезекті сұрау салуы республикалықтар арасында қызу талқыланып, наразылық тудыруда. Олар Байденнің бұл шешімін «соғысты ушықтыру және бейбіт келісім жасау мүмкіндігін азайту» деп бағалауда.
АҚШ МемДепартаментінің басшысы Энтони Блинкен АҚШ-тың 2025 жылы Украинаны қажетті қарумен қамтамасыз етуге тырысатынын айтты. Ол бейбіт келісім жасауды күштік позицияда іске асыру қажет екенін атап өтті. Вашингтон Украинаға көмек ретінде бөлген қаржыны Трамп билікке келгенге дейін толық жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы да Блинкен брифинг барысында мәлімдеді.
Пентагон Украинаға көмек ретінде жөнелтілетін қаруды апта сайын жіберіп, көмекті толық іске асыруға ниетті. Соңғы рет АҚШ Украинаға 20-қарашада 275 млн доллар көлеміндегі қару-жарақ жіберіп, украин сарбаздарын HIMARS зымырандарымен, 155-мм және 105-ммтрлік снарядтармен қамтамасыз етті.
Байден билігі Украинаны келіссөз қарсаңында күшейтуге ниетті. Байден Украинаға алыс қашықтыққа соққы жасайтын зымырандармен Ресей аумағын атқылауға ресми түрде рұқсат етті. Артынша АҚШ Украинаға жаяу әскерге қарсы миналарды беру туралы шешім қабылдады. АҚШ президенті Украинаның қарызын кешіру туралы бастаманы да көтеруде.
Mezgil.kz