Бүгін Астанада ҰҚШҰ – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің отырысы басталды.
(Суреттер: Ақорда телеграм арнасынан және odkb-csto.org сайтынан алынды)
Осы жолы Астанадағы ҰҚШҰ жиыны аясында бірқатар жиын өтпек. Атап айтқанда: Сыртқы істер министрлері кеңесі, Қорғаныс министрлері кеңесі және ҰҚШҰ Қауіпсіздік кеңестері хатшылары комитетінің қатысуымен бірнеше кездесулер күтілуде.
Жиынға ҰҚШҰ-ға мүше елдердің Қорғаныс министрлігі мен Сыртқы істер министрліктерінің басшылары, сондай-ақ Қазақстан президенті – Қасым-Жомарт Тоқаев, Ресей президенті – Владимир Путин, Беларусь президенті – Александр Лукашенко, Қырғызстан президенті – Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті – Эмомали Рахмон қатысуда.
Бұған дейін ҰҚШҰ Астанадағы басқосуға Арменияның қатыспайтынын айтқан. ҰҚШҰ: «Астанада өтетін ҰҚШҰ саммитіне Армения қатыспайды, бірақ жоспарланған құжаттардың қабылдануына қарсы емес», - деген.
Биыл маусымда Армения премьері Никол Пашинян: «Армения ақыры ҰҚШҰ-мен ат құйрығын кесісетін болды», - деп мәлімдеген еді. Пашинян сол кезде: «Құжатта жазылған міндеттемелерін орындамайтын ұйымда болудың қажеттілігі жоқ», - деген еді.
Арменияның бұл жиынға қатыспауын ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында алғашқы болып сөйлеген Беларусь басшысы Лукашенко да атап өтті. «Бүгін арамызда Армения жоқ. Осының өзі қазіргі геосаяси ахуалдың қаншалықты шиеленісе түскенін, біздің ҰҚШҰ-ға артылар жүктік ауырлай түскенін аңғартады», - деді Лукашенко.
Ал ҰҚШҰ ресми хабарламасында: «ҰҚК сессиясына ҰҚШҰ-ға мүше барлық мемлекеттердің көшбасшылары шақырылған. Сессия жұмысына барлық мемлекет басшыларының қатысуы күтілуде, бірақ Армения Премьер-Министрі Никол Пашинян бұл жолы қатыспайды деп хабарланған. Соңғы уақытта армян тарапы ҰҚШҰ іс-шараларына қатысудан тартынып отыр, бірақ олардың өткізілуіне қарсылық білдірмейді. ҰҚК сессиясына қонақ ретінде ТМД және ШЫҰ Бас хатшылары шақырылды, бұл ҰҚШҰ шеңберіндегі қалыптасқан тәжірибе болып табылады», - делінген.
ҰҚШҰ – бұл мүше мемлекеттердің қауіпсіздігін әскери-саяси салада қамтамасыз етуге бағытталған халықаралық ұйым. Ұйым өз жауапкершілік аймағында және оның шегінен тыс бейбітшілік орнату операцияларын жүргізумен қатар, терроризм, экстремизм, есірткі және қарудың заңсыз айналымы сияқты трансұлттық қауіп-қатерлерге қарсы күреске белсенді қатысады.
Қазақстан қандай мәселелерге назар аударды?
Қазақстан ҰҚШҰ-ға мүше. Бұл ұйымға Қазақстан 2024 жылдың қаңтарынан бастап төрағалық етуде. Осы саммитте Қазақстан аймақтағы қауіпсіздік шараларды күшейтуді басты назарға алды.
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери кадрларды даярлау, ұйымның нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру және терроризмге қарсы күресті күшейту бойынша бастамалар ұсынды. Сондай-ақ, Ұлы Жеңіс күнінің 80 жылдығын атап өтуге дайындық жүргізу туралы ойларын жеткізді. Сонымен берге, ол ҰҚШҰ-ның бітімгершілік әлеуетін арттыру, және әскери кадрларды дайындау жүйесін жетілдіру қажеттігін айтты, Ұйымның ұжымдық күштерін шекарааралық қозғалыстарға жедел бейімдеу мәселелерін қозғады.
Mezgil.kz