Румыния билігі Тик-Ток әлеуметтік желісінің сайлауға ықпалы жайлы зерттеу өткізбек. Бұл елдегі президенттік сайлаудың бірінші турынан кейін айтылуда. Президенттік сайлаудың бірінші турында ресейшіл кандидат саналған Кэлин Джеорджеску суырылып алға шықты. Сайлауға дейін сарапшылар оның жеңісіне үлкен күмән келтірген еді.
Бейсенбіде Румынияның Ұлттық қауіпсіздік қызметі әлеуметтік желінің елдегі тыныштық пен тұрақтылыққа қатысты сын-қатерін талқылау үшін шұғыл жиын өткізді.
Сарапшылар 62 жастағы Кэлин Джеорджескудың жылдар бойы Румыния ішінде мүлде танымал болмағанын айтуда. Алайда оның Тик-Ток желісіндегі соңғы айлардағы белсенділігі кандидаттың танымалдылығын арттырған. Сайлауға дейін сарапшылар Кэлинге сайлаушылардың 3-5 пайызы ғана өз дауысын береді деп санаса, сайлауда ол күтпеген жерден 23 пайыз дауыс жинады. Тіпті сайлау науқанынан премьер-министр Марчел Чолакты ығыстырып тастады.
Сайлаудың екінші туры 8 желтоқсанда өтеді. Кэлиннің басты қарсыласы «Румынияны құтқару одағының» басшысы Елена Ласкони болмақ. Ол бірінші турда 19 пайыз дауыс алған болатын.
Сарапшылар Джеорджескудың басым дауысты Тик-Ток арқылы жинағанының сырын атады. Кандидат шетелде жүрген Румыния азаматтарына арналған контентті әзірлеп, Тик-Ток арқылы мақсатты негізде таратып отырған. Кандидаттың қарсыластары контентті таратуға және таргет жасауға кімнің және қанша қаржы бөлгені белгісіз екенін айтып, сайлау нәтижесін жоюға шақыратын үндеу тастауда.
Кей сарапшылар мен шенеуніктер сайлау науқаны кезінде ел аумағында Тик-Токтың жұмысын уақытша тоқтатуға шақыруда. 1-желтоқсанда Румынияда парламент сайлауы өтеді. Сайлау нәтижесіне тағы да Тик-Токтың кері әсері тиюі мүмкін дейді мамандар.
Мамандардың айтуынша дауыс беруші жастардың басым көпшілігі кандидаттардың бағдарламасын оқымайды. Әлеуметтік желіде шыққан видеоны қарап, сол бойынша пікір қалыптастырады. Өзге кандидаттардың бағдарламаларын оқып, салыстырмайды. Сәйкесінше бұл билікке популист кандидаттың келуіне жағдай жасайды деп санайды.
Тик-Ток Румыния билігінің айыптауын жоққа шығарды. Тик-Токтың мәліметінше кандидаттардың басым көпшілігінде Тик-Ток парақшалары бар. Парақшаны кім қалай жүргізеді, қандай контент түсіреді, оған шектеу болмаған. Сол себепті де айыптаулар негізсіз дейді.
Кэлин Джеорджеску сайлауға дейін НАТО-ны сынға алып, Румыния билігінің Украинаны қолдауын айыптады. Ол Мәскеумен байланысты арттыруға шақырды. 2020 жылы коронавирусты жоққа шығарып, оны «әлемдік саясат» деп бағалады. Ал 2018 жылы Владимир Путинді «әлемдегі нағыз көшбасшы» деп сипаттады.
Сарапшылар Джеорджескудың әлеуметтік желісіне ресейлік тараптың қаржы құюы мүмкін деп пайымдайды. Егер Джеорджеску сайлауда жеңіске жетсе, онда Украина соғысына қатысты Румыния ресейшіл позиция ұстануы мүмкін.
Mezgil.kz