Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путиннің мемлекеттік сапармен келуі қазақ-орыс ақпарат кеңістігін ғана қамтып қоймай, әлемдік БАҚ-тың талқысында екені жасырын емес. Осы ретте біз «Ресей президентінің сапары», «президент Тоқаев пен президент Путин талқыланған тақырыптар», «Қазақстан-Ресей қарым-қатынастарының бүгіні мен келешегі қандай болмақ» деген сауалдарға жауап іздеп көрелік...
РЕСМИ САПАР БІР БАСҚА, МЕМЛЕКЕТТІК САПАР БІР БАСҚА
Әуелі президент Путиннің мемлекеттік сапары туралы: «Ресми сапар бір басқа, мемлекеттік сапар бір басқа», - деген жөн. Сөзмысал: Биыл шілдеде Астанада ШЫҰ саммиті өтіп, оған бірқатар мемлекеттен басшылар келді. Астанаға ат басын бұрғандар арасында ҚХР төрағасы Ши мен Ресей президенті Путин де болды. Сол жолы солтүстік пен шығыстағы қос көрші елдің басшыларын қарсы алу рәсімі өзгеше өтті.
Қытай төрағасын Астана әуежайында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алса, Ресей басшысын елдің премьер-министрі қарсы алды. Оның басты себебі – екі елдің басшылары екі түрлі статустағы сапармен келген еді. Ресей президенті ШЫҰ-ға «ресми сапармен» келсе, Қытай басшысы Қазақстанға «мемлекеттік сапармен» келді. Протокол талаптарына сәйкес, оларды қарсы алу рәсімдерінде де айырма болды.
Бұл жолы Ресей президенті Путин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Анығы, Ресей басшысы биыл Қазақстанға бірнеше мәрте келіп-кеткен. Бірақ, ол сапарлардың статусы басқа еді. Бұл жолғысы – мемлекеттік сапар.
Президент Путин Қазақстанға араға 9 жыл салып, мемлекеттік сапармен келіпті (соңғы рет 2015 жылы келген). Қарашаның 27-сі күні Астанаға ұшағы қонған Ресей басшысының бұл сапарының жөні бөлек, жоралғысы басқа деп БАҚ-тың жазып жатқаны сол болса керек-ті.
«ӨҢІРЛІК ФОРУМ»: ШЕКАРА ЖАҚТА 32 МЛН ХАЛЫҚ БАР...
Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға осы жолғы сапарының аясында екі ел басшылары Қазақстан мен Ресей арасындағы дәстүрлі «Өңіраралық ынтымақтастықтың ХХ форумына» қатысатыны айтылды. Бұл қандай форум? Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастық қай деңгейде? Енді осы сауалдарға ықшамды жауап бере кетейік...
Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын құрлықтағы шекара байланыстырып тұр. Шекаралық аймақтарда 32 млнға жуық халық тұрады. Өткізу бекеттері күні-түні жұмыс істеуде. Шекаралық өңірлер арасындағы әріптестікті арттыру және экономикалық, мәдени байланысты күшейту мақсатында жыл сайын «Өңірлік форум» ұйымдастырылып келеді.
Сарапшылар екі елдің арасындағы байланыстың артуын тек қана ортақ шекара және тарихи кезеңмен түсіндірмейді. Сонымен бірге Қазақстанда 3 млнға жуық орыс ұлтының бар болуы, ал Ресейде 1 млнға жуық қазақ ұлтының бар болуы да байланыстың дамуына ықпал етеді деп санайды. Бұл халықтар арасындағы алыс-беріс, жүріс-тұрысты арттырып, сауда қатынасын жандандырудың бір факторы деген ойда.
ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ АРАСЫНДА ТЕРРИТОРИЯЛЫҚ ДАУ ЖОҚ!
Екі елдің арасында қазіргі сәтте қандай да бір аумақтық мәселе жоқ. 2005 жылы 18 қаңтарда қабылданған құжатқа сәйкес, қос елдің арасындағы шекара шегенделген. Бұл қазіргі сәттегі аумалы-төкпелі геосаяси турбуленттілікте аса маңызды саналады.
Ресей президенті Қазақстанға сапары алдында «Казахстанская правдаға» мақала жариялап, «екі елдің мүддесіне құрметпен қарау керектігін, әріптестікті күшейту және достықты арттыру маңызды» екендігін баса айтуы да назар аударарлық дүние.
ЕКІ ЕЛДІҢ САУДА АЙНАЛЫМЫ 32,5 МЛРД ДОЛЛАРДЫ ҚҰРАЙДЫ
Қазіргі сәтте Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда қатынасы да қарқынды дамуда. Қазақстанда 23 мыңнан астам ресейлік компания бар. Ресей Қазақстанға 24 млрд доллар инвестиция құйса, Қазақстан Ресей экономикасына 8.5 млрд доллар инвестиция құйған. Бұл Қазақстанның шекаралас елдермен байланыс жасауындағы ең жоғары көрсеткіштің бірі саналады.
ҚАЗАҚСТАН ӨЗ МҮДДЕСІНЕН АТТАМАЙДЫ!
Қазақстан Ресеймен әріптестік жүргізу барысында өзінің мүддесін жоғары қоятынын да аңғартып келеді. Мысалы Қазақстан Ресейге салынған санкцияларға қосылмайтынын айтты. Қазақстан аумағы арқылы санкциялардың бұзылуына да жол бермейді.
Сонымен бірге Қазақстан Украина мен Ресей арасындағы соғыста қос тараптың бірін таңдамай, бейтарап позиция ұстанып, жауласушы тараптарды келісімге келуге шақыруда. Бұл Қазақстанның мүддесіне сай келетін позиция және Ресей билігі бұл позицияны түсінетінін айтумен келеді.
Қазақстан Ресеймен, Қытаймен, Түркиямен, АҚШ және ЕО-мен қарым-қатынастарды дамыта отырып, көпвекторлы сыртқы саясатты ұстанады. Бұл Қазақстан үшін көптеген мүмкіндіктерге жол ашады: сауда‑саттық қатынасында, өндіріске заманауи технологияны ендіруде, ғылым мен білімді дамытуда оңтайлы мүмкіндіктер тудырады.
Әлемдегі күрделі жағдайға қарамастан Қазақстан барлық елмен қарым-қатынас жасауға тырысуда. Бұл еліміздің көпвекторлы саясатына сай келетін қағида. Оның ішінде Ресей де бар.
Ресей көрші мемлекет. Ірі әскери державаның бірі. Қазақстан Ресеймен сөзсіз қарым-қатынасын жалғастыра береді. Өйткені географиялық орналасу, тарихи байланыс және транзиттік сауда жолдары соған ықпал етеді. Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы Ресей аумағы арқылы транзиттеледі. Бұл да байланыс жасаудың бір факторы. Қазақстанның ұстанымы біреу, ол – қандай да бір елді жау көрмеу және мүддеге сай көпвекторлы саясатты жалғастыру.
ОСЫ ЖОЛЫ ТАРАПТАР ҚАНДАЙ МӘСЕЛЕЛЕРДІ ТАЛҚЫЛАДЫ?
Әуелі, экономикалық байланыстар мен екі ел арасындағы сауда-саттықтың аужайы айтылды. Қазақстан мен Ресейдің арасындағы сауда көлемі 28 млрд доллар болған (былтырғы есеп). Ал биыл бұл көрсеткіш 30 млрд долларға жуықтамақ.
Қазақстан мен Ресей бірлесіп атқарып жатқан 49 жоба бар. Олардың жалпы құны 29 млрд долларды құрайды. Бұл дегеніңіз пүліс 20 мың жұмыс орны.
Түйін: География – бұл тағдыр. Ресеймен көрші болу – бұл Қазақстанның тағдыры. Қазақстанның Ресеймен арадағы шекарасы әлем бойынша құрлықтағы ең ұзын шекара. 2025 жылы Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекара туралы шартқа қол қойылғанына 20 жыл толады екен. Қ.Тоқаевтың сөзімен айтқанда, оның «мәңгі достық пен шынайы тату көршілік шекарасы» болып қала беруіне ең әуелі біз мүдделі екеніміз айтпаса да түсінікті.
Ресей президенті Владимир Путиннің өз мақаласында: «екі ел арасындағы қарым-қатынас мызғымас теңдікке баса мән беріп, бір-біріміздің мүддемізге құрметпен қарау» туралы айтқан сөзі өте маңызды.
Қазақстан Еуразияның орталығында орналасқандықтан – қазба байлығы ресурстары молдығымен, экономикалық және аса қуатты логистикалық мүмкіндігімен стратегиялық маңызға ие.
Ал Ресей – Қазақстанның ең ірі сауда серіктесі, сондай-ақ энергия тасымалдаушылар мен технологиялардың жеткізушісі. Ресей Қазақстанға ең көп инвестиция құйған топ-бестікке кіреді.
Сондай‑ақ, кейінгі кезде Қазақстан да бірқатар технологиялық салаларда көшбастаушы рөлге ие бола бастады. Қазіргі сәтте Ресей тарапы Қазақстанның үш қаласында 3 жылу орталығын салуды іске асырып жатқаны және бар.
Екі ел арасындағы мәдени байланыстар да біршама жолға қойылған. Оған дәлел – Мәскеуде Астананың мәдениет күндері өткені, ондағы ең негізгі оқиға ретінде «Абай» операсының Үлкен театрда қойылғаны. Келер жылы Ресейдің басты мұражайлары – Третьяков галереясында және Эрмитажда Қазақстанның көрмесі ашылады. Бұл да екі ел арасындағы қарым-қатынастардың жүйелі әрі тұрақты дамуына мүдде қосады. Сонымен қатар, екі елдің арасындағы білім мен ғылым байланысы жайлы айтқанда, Қазақстанда 3500-ге жуық мектепте орыс тілінде білім беру қамтылғанын, қазіргі сәтте Қазақстанның 60 мыңға жуық студенті Ресейде білім алып жатқанын сөз етеміз... Бұлар туралы Қазақстан президенті де, Ресей президенті де өзінің мақаласында анықтап жазды.
Қорыта айтқанда, екі елдің арасына сызат түспей, мемлекетаралық байланыстардың тұрақты дамуына Қазақстан да, Ресей де мүдделі. Себебі қазіргідей геосаяси ахуал күрделеніп, аймақтық қақтығыстар оты өршіп тұрған заманда бізге керегі – тұрақтылық пен бейбітшілік.
Mezgil.kz